«ҚҰТАДҒУ БІЛІКТЕГІ» ПАЙҒАМБАР ХАДИСТЕРІ

10 маусым 2024 1665 0
Оқу режимі

Түркі әдебиетінің тарихындағы бірегей туындылар Жүсіп Баласағұнның 1069-1070 жылдары этикалық насихатта жазылған «Құтадғу білік» еңбегін, Махмұт Қашғаридің 1074 жылы арабтарға түрікшені үйрету мақсатында қалам тербеген «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегін, осылардан шамамен бір ғасыр кейін дүниеге келген (ХІІ ғасыр) Ахмед Йүгінекидің «Һибат әл-хақайқ» еңбегі мен Қожа Ахмед Ясауидің «Диуани Хикмет» атты еңбектерін атауға болады.

Түркі әдебиетінде аталған ғалымдар мен ойшылдардың әрқайсысының біз үшін ерекше орны бар. Олардың барлығы – түркі әдебиет саласының үлкен кемеңгер ұстаздары мен ғалымдары және Ислам ілімі мен мәдениетін терең меңгерген тұлғалар. Бұл еңбектердің қай-қайсысын зерделер болсақ, Ислам шариғатының түп қайнары саналатын Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерінің ізін көруге болады. Олардың кейбірінде аят не хадис екені нақты айтылмаса да, келтірілген мәтіндерден «Расул айтты», «Мұхаммед деді» деген тіркестер мен бәйіттердің (дастандардың) астарлы мағынасынан аят пен хадиске сілтеме жасалып тұрғанын аңғара аламыз.

Түрік ізденушісі Г.Зүлфикар: «Бұл еңбектердің жазылған дәуіріне көз жүгіртер болсақ, фиқһ мектептерінің құрылып, Ислам әлемінде ең сенімді хадис әдебиеттері саналатын «Кутубу әс-ситтә», яғни әйгілі алты имамның хадис кітабының жазылып біткені мен түркі халықтарының түгелдей Исламды қабылдаған уақытының тәмәмдалғанын көреміз. Бір сөзбен айтқанда, бұл еңбектердің мазмұнында Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерінің әсер етуі табиғи жайт» дейді (Zülfikar Güngör. Türk-İslam edebıyatının kaynağı olarak hadisler. Hz. Muhammed ve evrensel mesajı sempozyumu 20-22 nisan 2007. Yayına hazırlayan Doç.Dr. Mahfuz Söylemez. İslami ilimler dergisi yayınları, 2007. – 202 б).

Ал түркі мәдениетінің тілі мен әдебиетінде айрықша орны бар «Құтадғу білік» шығармасы – Қарахан дәуірінде 1069-1070 жылдары Әбу Әли Хасан ибн Сүлеймен Арслан ханға (1056-1102) тарту ретінде жазылған баласағұндық Жүсіп Хас Хажибтің еңбегі. Жетпіс үш тараудан тұратын бұл еңбектің негізгі түпнұсқасы 6425 шумақтан тұрады, ал қосымша енгізулерді қосқанда 6645 шумақты құрайды (Türk Dili ve Edebiyatı Ansiklopedisi. Kutadgu Bilig maddesi. – İstanbul: Dergah yayınları, 1986).

«Құтадғу білік» шығармасының алғашқы шумақтары Алланың атымен басталады.

Байат аты бирле сөзүг башладым

Төрүтген игидген идим (124 шумақ).

«Тәңір атымен сөз бастадым,

Жаратқан да, өсірген де Раббым!».

Жүсіп Баласағұн еңбегін бастар алдында жоғарыда келтірілгендей, «Бісміллә» сөзімен бастап отыр. Бұл ислам әдебиетінде дәстүрге айналған үрдістердің бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хат жазғанда әрдайым бісмілләмен бастап жазатын.

Төмендегі хадис Жүсіп Баласағұнның өз еңбегін бісмілләмен бастауына негіз болса керек. Хадисте «Алланың атымен басталмаған әр маңызды іс берекесіз және нәтижесіз болады» (Куллу әмрин зи бәлин лә ябдә-у фиһи бисмилләһи фә-һууа әбтәру) (Мухаммад ат-Таһир ибн Мухаммад ибн Мухаммад ат-Таһир ибн Ашур әт-туниси. Әт-тахрир уә әт-тануир әл-мағруф би тафсир ибн Ашур. – Бейрут: Муассасату әт-тарих, 2000. 30 т. 505 б).  Хадис кітаптарында бұл хадистің басқа да нұсқалары кездеседі: «Хамд (Аллаға мақтау) айтумен басталмаған әрбір сөз – берекесіз» (Куллу кәләмин лә ябда-у фиһи бихамди Аллаһи фә-һууа әжзәму) (Шамсуддин Әбу әл-Ауни Мухаммад ибн Ахмад ибн Салим ас-Сафарини әл-Ханбали. Лауамиғу әл-әнуари әл-баһит. – Димашқ: Муассасату әл-хафиқайн, 1982. 2-басылым. І т. – 34 б).

Негү билге тилве билиг қадрини,

Билиг қайда булса билиглиг алыр (473 шумақ).

«Білімнің қадірін мәңгүрт білсін қайдан,

Білім қайда болса да білімді оны алады».

Хадисте – «Хикмет мүминнің жоғалған заты. Оны қай жерден тапса, алсын. Өйткені ол оған тиесілі» (әл-Хикмәту даллату әл-мумини фә-хайсу уәжәдәһә әхазәһә фә-һууа ахаққу биһа) (Мухаммад ибн Иса әт-Тирмизи. Сүнән әт-Тирмизи. Баспаға әзірлеген Ахмад Шакир. – Бейрут: Дәр ихия әт-турас әл-Араби. V том. – 593 б. № 4169 хадис). Бұл хадисті имам әт-Тирмизи рауилерінің, яғни хадисті жеткізуші кісілердің әлсіз болуына байланысты «ғариб» хадистер санатына жатқызған.

Бұ йаңлығ болур бу киши едгүсі,

Киши едгүсі ол будун йүдгүсі (543 шумақ)

«Адамдардың жақсысы осындай болар,

Халықтың жүгін жеңілдеткен адамдардың ең жақсысы». Бұл шумақтың хадистердегі баламасы мынадай: «Адамдардың арасындағы ең қайырлысы, өзге адамдарға пайдалы болғандары» (Хайрун ән-наси мән янфағу ән-наса) (Али ибн Хисамуддин әл-Муттақи әл-Һинди. Кәнзу әл-уммал фи сунәни әл-ақуал уә әл-афғал. – Бейрут: Муассасату ар-рисала, 1989. XVI т. – 171 б).

Елиг айды Ай толды йуме серин,

Иг ол бу йазуқларка йулғы йарын (1107 шумақ).

«Ай толды, асықпағын сабырлы бол,

Ауру-сырқау күнәңа ертең кәффарат ол».

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамыздан жеткен деректе былай дейді: «Мұсылманның басына келген қандай да бір пәлекет пен ауру, оның күнәларына кәффарат болады, тіпті аяғына батқан тікеннің өзі» (Мә мин мусибәтин тусибу әл-муслимә иллә каффара Аллаһу биһә анһу хатта әш-шәукәтә юшәәкуһа) (Абдуррахман ибн әл-Камал Жалалуддин ас-Суюти. Әд-Дәру әл-мансур. – Бейрут: Дәру әл-Фикр, 1993. ІІ т. – 700 б).

Туз етмекни кең тут кишик итүр,

Киши айбы гөрсе сен ачма итүр (1328 шумақ).

«Тұз бен наныңа кең бол, жақсылығын асыр,

Біреудің кемшілігін көрсең ашпа, қайта жасыр».

Жүсіп Баласағұнның бұл шумақтары Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисін еске түсіреді: «Кімде-кім бұл дүниеде мұсылман бауырының әлде бір айыбын жасырып, оны масқараламайтын болса, Алла Тағала да ақыретте оның айыптарын жасыратын болады» (Мән сәтәра ахаһу әл-муслимә фи әд-дуния фә-ләм яфдахһу сәтәраһу Аллаһу яума әл-қиямәти) (Жалалуддин Абдуррахман ибн Әби Бәкір ас-Суюти. Әл-Фатху әл-кабир фи дамми әз-зиядәту илә әл-жамиғи ас-сағир. Баспаға әзірлеген Юсуф ән-Нәбәһәни. – Бейрут, Лубнан: Дәру әл-фикр, 2003. ІІІ т. – 188 б).

Увутлуғ киши қылмаз исиз иши,

Йарапсызқа йақмаз бұ сермез кишиг (2445 шумақ).

«Ұятты адам ағаттық қылмас, ыңғайсыз істер жасамас,

Әдепсіздік те дөрекілік те етпес». Сондай-ақ осыған мағыналас мына шумақтарда былай делінеді:

Увут болмаса ер отун ел болур,

Увут бирле йалыңғуқ бүтүнлүк қылур (2622 шумақ). 

«Ұяты болмаса ер жігіт арсыз болар,

Ұятты адамның әр ісі дұрыс болар.

Бұл шумақтар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисінің түсініктемесі іспеттес: «Расында ұят игіліктен басқа ештеңе әкелмейді» (Иннә әл-хая-ә лә я-ти иллә бихайр) (Әбу әл-Фадл әл-Мақри. Ахадис фи зимми әл-кәләм уә әһлиһи. Баспаға әзірлеген Наср ибн Абдуррахман ибн Мухаммад әл-Жадиғ. – Ар-Рияд: Дәру атлас линнашр уә әт-таузиғ, 1996. ІІІ т. – 264 б).

Киши ики түрлүг киши атанур,

Бири өгретигли, бири өгренүр.

«Екі түрлі адамды адам дейді,

Бірі үйретуші, бірі үйренуші».

Икиде нару барча йылқы сана,

Тилесе муны тут, тилесе аны.

«Бұл екеуінен басқасын жылқыға бала,

Екеуінің қайсысын қаласаң соны таңда» (3217 шумақ).

Бұл шумақтар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына сөздерінің айна-қатесіз аудармасына ұқсайды: «Нағыз адамдар білім үйретушілер мен оны үйренушілер, ал бұдан өзгелерінде ақыл да, қайыр да жоқ» (Ән-насу алимун мутағаллимун уә мә бәйнә зәлика һамажун лә хайра фиһи) Абдуллаһ ибн Абдуррахман Әбу Мухаммад әд-Дарими. Сунән әд-Дарими. Баспаға әзірлеген Фәуаз Ахмад Зәмрали, Халид әс-Сабғу әл-Илми. – Бейрут: Дәру әл-китаб әл-араби, 1407. І т. – 106 б).

Қорыта айтқанда, «Құтадғу біліг» бәйттерінде келтірілген хадистер мотиві бұлар ғана емес. Бұл еңбекті зерттеуші ғалымдар бірнеше хадистің кездесетінін алға тартады. Тіпті 55-ке жуық хадистің сілтемесін тапқан зерттемелер де бар. Алайда олардың көбі хадистің нақты баламасы емес, тек ұқсас ойды қамтитын шумақтар ғана (Doç.Dr.M.Cemal Sofuoğlu. Kuran ve hadis kültürünün kutadgu biligteki izleri. D.E.Ü. İlahiyat fakültesi dergisi – İzmir, 1989. № V, – 127-180).

 

Батыржан МАНСҰРОВ

 

Пікірлер Кіру