Рамазан айына дайындық қандай болуы керек?

21 сәуір 2020 8498 0
Оқу режимі

Рамазан ауыз бекіткен жамағатқа дінімізде сабырдың орны үлкен екенін еске түсіретіндей. Ғалымдар сабырдың үш жағдайда адамға өте қажет екенін білдірген. Олар – күнә істемеуге, тағдырдың қиындықтарына және құлшылық жасауға деген сабыр мен шыдамдылық. Расында оразада адамның сабыры мен төзімділігі сынға түседі. Хадистерге жүгінсек, «Сабырдың діндегі орны – денедегі бастың орнындай». Сондықтан, тақуа мұсылмандар ақыреттегі ыстық отты еске ала шошынып, бұл дүниедегі күннің ыстығына мейлінше разы көңілмен төзімділік танытып, құлшылықтарын жалғастырған. Оның үстіне қиындығына төзген сайын берілетін сауаптың да арта түсетіні тағы бар.

Жалпы Рамазан айына деген дайындығын мұсылмандар ережеп айында-ақ бастап кетеді. Өйткені, ережеп шағбанды, ал шағбан Рамазанды сүйіншілейді. Әуелгі екі қасиетті ай Рамазан айына деген рухани дайындықты пысықтау тұрғысынан аса маңызды. Ережепте тілімізді бейпіл сөздер мен ғайбаттан, өсек пен өтіріктен тыйып, зікір мен тәсбих айтуға ден қоя бастаймыз. Қарап жүріп тілімізден күнә тауып алмауға тырысамыз. Ешкіммен жанжалдаспауға, әр-кез ауыз бекітуге дағдылана бастаймыз. Парыз намаздарды нәпіл ғибадаттармен толықтырамыз. Сауапты істеріміз бен садақаларымызды көбейтеміз. Рухани азығымызды қамдап, діни тәлімімізді молайтып, Қасиетті айларды өз деңгейіне сай қадірлеуге бар ынтамызды саламыз. Ережеп, шағбан айларын жақсы күткен мұсылман Рамазан айын толық дайындықпен қарсы алады. Оразаға әдеттенгендіктен ендігі жерде оразаны кемел ұстауға жанын салады. Дене мүшелерін де жамандықтардан тыйып үйреніп қалғандықтан, оларды да қадағалауын күшейтеді. Нәпсісін тыйып, ойын таза ұстауға әдеттенгендіктен сол жақсы әдетін жалғастырады. Миғраж, Барағат секілді қасиетті түндерді күткендіктен, Қадір түнін толықтай ізгілікте өткізеді. Туыс-туғандарына қарайласып, ата-анасының разылығын алуға пейіл танытады. Мойнында кісі ақысы бар-жоғына мән береді. Көрші-қолаң, алыс-жақын ағайындарына, таныстарына осы айлардың қасиетті шарапатын сездіруге тырысады. Жұртқа көбірек жақсылық жасап, діни білімін кемелдендіруге ден қояды. Былтырғы Рамазанға қарағанда биылғы Рамазанда Аллаға анағұрлым жақындай түсуге, ардақты Мұхаммед Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) анағұрлым жақыннан тани түсуге пейіл танытады. Сүре-дұға жаттап, танымын молайтады. Осылардың барлығы да қасиетті айларда үлкен сауапқа батыратын істер. Алла өзіне жақындай түскен құлын жақсы көреді. Бір құлы тәубеге келгенде қатты қуанады. Мүміннің жақсы ниетіне де сауап жазады. Сондықтан бұндай мүмкіндікті сәтті пайдалана білу керек. Рамазан айы, Қадір түні – Алланың құлдарына деген мейірімі. Құран да осы айда түскендіктен, Құранды көп оқып, түсінуге ықылас танытқан жөн.

Жаратушы Иеміздің рақым қазынасы шексіз. Сол себепті «Менен ғана тілеңдер» дейді. Жомарттығы да шексіз. Сондықтан ауыз бекітушіге сауапты да молынан бермек. Құлшылыққа берілген, сауап-құмар сүйікті құлдарына ақыретте Жәннатты нәсіп етіп, көркемдігін көрсетуге уәде береді. Сондықтан, екі дүниенің де бақытын көздеген жандар Рамазан айына деген рухани дайындығын күн санап пысықтай бергені жөн.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру