Рұқсат сұрау - міндет

03 қыркүйек 2020 8057 0
Оқу режимі

Дініміздің адамзатқа әмірі – дүниеде әдеппен өмір сүріп, өзгелермен жақсы мәміледе болу. Әрі міндеттелген құлшылықтарын өтеп, Ақыретте бақытқа жету. Алла Тағаланың арнайы аят түсіріп, рұқсат сұрауды бұйыруы бекер емес. Себебі, басқа кісіні ыңғайсыз жағдайға қалдырмауы, өзі де ұятқа қалмауы үшін рұқсат сұрау өте маңызды.

Балиғатқа/кәмелетке толмаған балалар үш уақытта ғана рұқсат сұраулары керек. Алла Тағала Құранда: «Әй мүміндер! Меншіктеріңдегі құл-күңдер[1], әлі ержетпеген балаларың, осы үш мезгілде (жандарыңа) рұқсат сұрап кірсін: Таң намазының алдында, түсте киімдеріңді шешкен уақытта және құптан намазынан кейін. Сендер үшін осы үшеуі ұятты мезгіл. Бұлардан кейін (басқа уақытта) сендерге де оларға да айып емес»,[2]дейді. Балаларға ата-анасының бөлмесіне, қонақ бөлмеге тіпті дәретханаға кірерде де есікті қағып, ішінде адам бар ма, жоқ па анықтап, содан кейін ғана кіруді үйрету әрбір мұсылманға міндет екен. Осы аяттың төңірегінде түсіндірме берген ғұламалар, әлі кәмілет жасына жетпеген жас балаларға әдеп үйретілуі бұйырылған дейді. Имам Әузағиден: «Неше жастан бастап рұқсат сұрауды үйрету керек?» - деп сұрағанда: «Төрт жастан бастап», – деген[3].

Ал келесі аятта: «Ержеткен балаларың, бұрынғылар рұқсат сұрағандай рұқсат сұрап кірсін»[4] деу арқылы кәмелетке толған адамдарға рұқсат сұраудың кез-келген уақытта міндетті екендігін көрсеткен. Зуһридің көзқарасы бойынша: «Ер кісі, анасының бөлмесіне кірерде рұқсат сұрауы міндет», – дейді. Әрине, кәмелетке толған балалар да ересек адамдардың үкіміне кіреді. Басқа аятта: «Әй мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша әрі үй иесіне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине түсінерсіңдер. Егер үйде ешкімді таппасаңдар, өздеріңе рұқсат бермейінше кірмеңдер. Егер сендерге: «Қайтыңдар» делінсе, онда қайтыңдар. Бұл сендер үшін жақсырақ»[5] – деп ересек адамдарға жаппай үкім беріледі.

Жоғарыда айтылған аяттардан түсінетініміз, әрбір мұсылман адам осы әдепке сай болуы керек әрі балаларға да осыны үйретуі керек. Ауылды жерлерде рұқсатсыз кіріп келетін жағдайлар көп орын алады. Кейде «кірмей күте тұр» делінсе, ренжитін кісілер де болады. Алайда, кірме десе кірмеу, кері қайт кейін келерсің десе кері қайту хайырлы екен. Осыны жадымыздан шығармаған жөн.

Ғазиз Ахмет

 


[1] Құлдар мен күңдер қазіргі уақытта болмағандығы үшін, тақырыптан тыс қалдырылды.
[2] «Нұр» сүресі, 58-аят
[3] Қуртуби, әл-Жәмиғ ли Ахкәмил-Қуран, «Нұр» сүресі, 59-аят тәпсірі
[4] «Нұр» сүресі, 59-аят
[5] «Нұр» сүресі, 27-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру