Садақаның сырын түсіне алмай жүрміз

10 қазан 2020 7728 0
Оқу режимі

Құран Кәрімде: «(Мұхаммед) олардың мал-дүниесінен садақа ал. Сол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің...», –деген. Сахаба Әбу Зарр (р.а.): «Намаз – діннің тірегі, жиһад – құлшылықтың шыңы. Ал, садақа ғажайып амал! Садақа ғажайып амал! Садақа ғажайып амал!» – деген екен. Міне, бұл мұқтажға көмек берудің қаншалықты маңызды екенін көрсетуде. Сахаба Ибн Масғұд (р.а.): «Егер мал-дүниеңді күйе жеп қоймасын, ұры-қары ұрлап кетпесін десең, садақа етіп жібер», – деген екен. Пайғамбар (с.ғ.с.) тәлімін көрген сахабалардың сөзінде терең ой жатыр. Садақаның жамандық пен пәлекеттің бетін қайтаруда үлкен әсері бар. Тіпті, күнәһар, залым немесе кәпір адам садақа етсе де оған пайдасы бар. Алла Тағала садақа еткеннен мың бір пәлені қайтарады деген.

Әрине, садақа дегенде ақшалай қайырымдылық ету ғана көзге елестейді. Асыл дінімізде: «Садақаның бір көрінісі – жұртқа жақсылық жасау. Адамның қолынан келген жолмен жұртқа пайдасын тигізу. Жомарт та қайырымды жан адамдарға ашық-жарқын, жүрегі жұмсақ боп келеді. Ал, жақсылық жасауды білмейтін сараң жұрттың ішіндегі жүрегі ең қатты, тұрмысы қиын, уайым-қайғысы көп кісі», – деген.

Садақаның ұшан-теңіз пайдасын білген ғұламалар әр күні садақа етуді қалайтын. Мәселен, Хаким бин Хузам: «Әр таңда есігіңнің алдында көмек сұрап келген адам тұрса, бұл Алла Тағаланың жіберген жақсылығы деп білетінмін», – дейді. Табиғин Ахнаф бин Қайс (р.а.) бір кісінің қолындағы теңгені байқап: «Бұл теңге кімдікі?» –деп сұрайды. «Менікі», – дейді әлгі адам. Сонда Ахнаф: «Сауапты іске жұмсамайынша, теңге сенікі емес. Қолыңда қалса – сен дүниенің меншігісің. Ал, жақсылыққа жұмсасаң, мал-дүние сенің меншігіңе айналады», – деп, сұрағының сырын түсіндірген екен. Әрине, садақа теңгемен шектелетін құлшылық емес. Садақаның түрі көп. Ең бастысы адамдарға аса қажетті дүние болуы керек. Әрбір ізгі амал – садақа. Жақсы сөз – садақа, жарқын жүз – садақа, біреуге көмек беру – садақа. Қарызын қайтара алмай жүрген адамға уақыт беру – садақа.

Омар бин Хаттаб (р.а.) бірде быйлай айтыпты: «Ізгі амалдар бір-біріне мақтанады екен. Сонда садақа: Мен сендердің ішіңдегі ең абзалың боламын, – дейді екен». Сонда Ибн Аббастан (р.а.): «Ең абзал садақа не?» – деп сұрағанда, ол: «Су. Тозаққа түскендер жәннаттағы адамдардан көмек сұрағанда, «Бізге су құйыңдар немесе Алланың сендерге бергенінен» деп айтпайды ма?» – деген екен. Хазіреті Әли (р.а.): «Кімде-кімге Алла Тағала мал-дүние берген болса, онысын ағайын туыспен қарым-қатынас құруына, қонақ күтуге, қиналғанға, кедей мен мұқтажға, Алла жолында жүргенге көмек ретінде жұмсасын. Өйткені, осы қасиетпен адам дүние абыройы мен ақырет мәртебесіне қол жеткізеді», – деген екен.

Көмек сұрап келген адамға қалай қарау керек? Фудайл бин Ғияд (р.а.): «Көмек сұраушы неткен жақсы адам! Ол менің ауыр жүгімді ақыретке Алла Тағала құзырына таразыға дейін тегін тасымалдаушы», – деп айтқан екен. Ал, Шағби: «Көмек беріп тұрған адам өзін садақаның сауабына кедейдің садақаға деген мұқтаждығынан да артық қажетсінуде екенін сезінбесе, оның садақасы бұзылып, бетіне ұрылады», – деген екен. Яхия бин Мұғаз (р.а.): «Садақа ретінде берілген дәндей дүниенің тауына тең келетін нәрсені білмеймін», – деген екен. Демек, садақа беру үшін дәулетті адам болу шарт емес. Ең бастысы аз болса да мұқтаждармен бөлісе білу керек.

Мұхаммед бин Хиббан (р.а.): «Жахилиет және ислам дәуірінде ел басқарған және басшы ретінде танылған, ел бағынған және алыс-жақыннан жұрт ат терлетіп келген әрбір тұлға ел қамын және қонақ жағдайын жасамайынша, басшылығы кемел болмайды», – деген екен. Садақа жасауды үйренейік. Бұл құлшылық адамға мол сауап алып келеді. Ең бастысы, садақа сіздің несібеңізді кемітпейді. Керісінше, сіздің ризығыңызға берекет сыйлайды.

 

Бағдат Абдукаримов
«Әл-Ғани» мешітінің бас имамы

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру