Сафа мен Мәруа жоталары

05 шілде 2019 17052 0
Оқу режимі

Сафа мен Мәруа – Харам мешіті маңындағы қос жота. Бастапқыда Сафа Әбу Қубайс жотасына, ал Мәруа Қуғайқаған жотасымен сілемдес еді. Әл-Харам аумағының кеңейе түсуіне байланысты бұл қос төбе мешіт ішіне еніп кетті.

Сафа мен Мәруа арасы шамамен 400м. Ал, екеуінің арасындағы сағи[1] жасайтын жер 55 м. Қазіргі таңда сағидің басталуы мен аяқталуын білдіретін жасыл түсті шам белгі жасалған. Бұл – кезінде Хажар[2] анамыз (р.а.) жөргектегі шөлдеген Исмаилге (ғ.с.) су іздеп жүгірген жол. Осы жерде ер кісілер жүгіріп өтуі – сүннет. Ал, әйелдердің жай жүріп өтуіне рұқсат етілген.

Сафа мен Мәруа арасында жеті рет жүріп, сағи жасау – үлкен және кіші қажылықтың уәжіп амалы. Құран Кәрімде: «Расында, Сафа мен Мәруа – Алланың белгілерінен. Кім үйге (Кағбаға) қажылық немесе ұмра жасаса, оған екеуінің арасында жүруде ешқандай күнә жоқ. Ал, кім (өз еркімен) қосымша бір жақсылық істесе, әлбетте, Алла – алғысқа Бөлеуші, бәрін Білуші»,[3] – деп әмір етілген.

Бұл амалдың тарихы Ибраһим (ғ.с.) заманынан бастау алады. Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарына әйелі Хажар мен баласы Исмаилды Меккеге апарып қоныстандыруға әмір етеді. Ол шақта Мекке сусыз және көлеңкесіз жер еді. Жаратқанның пәрменіне бойұсынып, пайғамбар бала-шағасына аздаған азық-түлік пен су беріп, Меккеге тастап кете барды.

Көп өтпей су таусылады. Аптап ыстықтан шөл қысқан жөргектегі Исмаил шырылдап жылай бастайды. Жолаушылған жан бар ма екен үмітпен жанұшырған Хажар ана Сафа төбесіне мен Мәруа жотасына кезек жүгіріп, әуре-сарсаңға түсті. Осылайша, жеті рет шығып, жеті рет түсті. (Жотадан түскенінде сайға қарай екпінімен жүгіргендіктен, қазіргі уақытта екі аралықтың 55 метрін сағи жасау содан қалған).

Кенет баласына қараса, нәрестенің аяғының астынан бұлақ жарып шығыпты. Қатты қуанып, жүгіріп барып атқылап жатқан суды қолымен жинай бастады, құмға сіңіп кетер ме екен деп өз тілінде «зәмзәм» (жинал, жинал) деп жатты.

Осылайша, Алла Тағала бұл отбасына тіршілік көзін берді. Бір отбасының ғана емес, тұтастай аймақтың тіршілігі жандана түсті. Осылайша, Ибраһимнің (ғ.с.): «Раббымыз! Ақиқатында, мен ұрпағымнан (бір бөлігін) қасиетті етілген Үйіңнің (Кағбаның) жанындағы егінсіз алқапқа орналастырдым. Раббымыз! Олар намазды толық орындайтын болсын және адамдардан кейбірінің жүректерін оларға бұр әрі шүкір етулері үшін оларды жемістермен ризықтандыр»,[4] – деп жасаған дұғасы қабыл болды. 

 


[1] Сағи – жүгіріп өту.
[2] Хажар – Ажар.
[3] «Бақара» сүресі, 158-аят.
[4] «Ибраһим» сүресі, 37-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру