СЕЛЖҮКТЕРДЕГІ ОҚУ-АҒАРТУ

02 мамыр 2024 2343 0
Оқу режимі

Селжүктердегі оқу-ағартуды басты үш бөлімде қарастыру керек. Мемлекет басшыларының білімге құштарлығы, ресми және бейресми оқу орындары және Атабектік құрылымы. Селжүк мемлекет адамдарының білімге деген құштарлығы: Тұғрұл бей, Алпарслан, Мәлікшах, Низамулмүлк, Санжар және басқа да мемлекет басшылары ғалымдарға, өнер адамдарына үлкен құрмет көрсеткен, өнер-білімнің жайылуына үлес қосқан. Тұғрұл бей «Өзіме сарай салдырып, жанына мешіт тұрғызбауға Аллаһтан ұяламын» дейтін. Қол астына қараған қалаларына кіргенде ең әуелі ғалымдарды, дін адамдарын құрметтеп, соларға жолығатын. Алпарслан мемлекеттің барлық бұрышында медресе салдырды. Нишабурда бір мешіттің алдында нашар киімді шәкірттерді көріп, Низамулмүлктен кімдер екенін сұрады. Уәзір бұлардың, адамдардың ең құрметтісі, дүниеге қызықпайтын ілім ізденушілер екенін жеткізді. Алпарслан оларға жатақхана салдырып, айына белгілі мөлшерде ақша берілуін әмір етті.

Селжүктердың ресми және бейресми оқу орындары:

  1. Ресми оқу орындары

Медреселер; Алғашқы Селжүк медресесін Нишабурда Тұғрұл бей ашқан. Қорлар арқылы мұғалімдерге жалақы төлеп, шәкірттерді тегін оқытатын Низамия медреселері Алпарслан заманында ашылды. 467/1064 жылы Бағдаттың жоғарғы жағында Тигр өзенінің жағасында салына бастаған бұл медресе екі жылдан кейін іске қосылды. Мударристігіне әуелі Ибн Саббағ (өл. 477/1084) тағайындалып, 20 күннен кейін орнына Әбу Ысқақ Ширази әл-Фирузабади қойылды[1]. Сол кездерде мемлекеттің барлық жеріне жайылған медреселердің ең бастылары Бағдат, Нишабур, Балх, Герат, Исфахан, Мерв, Амул, Рей, Тус қалаларында еді. Бұл медреселерде сол дәуірдегі атақты ғалымдар сабақ берген, шәкірт тәрбиелеген. ХІV ғасырда шығармалары Осман медреселерінде оқытылған Сағадуддин Тафтазани (өл. 792/1389) осы медреседе мударрис болған.

Селжүктерде медреселердің кең тарауының басты себептері мыналар:

1. Сүнни-Ханафи Селжүктердің көршілері Фатимилер мен Шиилерден сүнни мәзһабын қорғап, Ханафи, Шафиғи, Ханбали, Малики мәзһабтарын жаю.

2. Күн санап үлкейген мемлекетті басқаратын кадрлар дайындау.

3. Исламды қабылдаған Оғыз руларының жаңа сенімдерін нығайтып, ескі сенімдерінен аластау.

4. Дін адамдарын тәрбиелеу.

5. Жағдайы нашар, қабілетті оқушылардың білім алуына мүмкіншілік жасау.

6. Мемлекет басшыларының білімге құштарлығы.

Бұл медреселерде оқытылатын басты пәндер төмендегідей:

Дін және құқық сабақтары – Құран, тәпсір, хадис, фиқһ, кәлам.

Дін және әдебиет сабақтары – араб әдебиеті, парсы әдебиеті, синтаксис, морфология, шешендік өнер, поэзия, хадис ғылымы, тарих, әдеп[2].

Философия сабақтары мен логика.

Жартылыстану ғылымдары – медицина, хирургия, математика, геометрия, астрономия, табиғаттану[3].

 Андалусияда ІІІ Абдуррахман заманында ашылған Куртуба медресесі батыс Ислам әлемінің көз қуанышы еді. Бұл медреседе кәлам, фиқһ, астрономия, математика, медицина факультеттері бар еді[4]. Медреселердің барлығы, соның ішінде Низамия медреселері де негізінен дін, құқық, тіл-әдебиет сабақтарын оқытқан. Медицина көбіне ауруханаларда және осы мақсатта ауруханалардың жанынан ашылған Бимаристан, Даруш-Шифа деп аталған медреселерде оқытылған. Астрономия обсерваторияларда қолға алынды. Философия және философиямен байланысы бар ғылымдар көп ұзамай Исламға қайшы деп табылып, бағдарламадан шығарылған, оның орнын кәләм басқан. Медереселерде оқу методы көбіне жаттауға сүйенетін. Тартыстар да болып тұратын. Белгілі бір оқу мерзімі болмайтын, мақсат жыл бітіру емес, белгілі бір кітаптарды оқу еді. Бұл шәкірттердің ынтасына, мударристердің қалауына байланысты еді. Сонда да жоғары білім беретін медреселерде оқу мерзімі ең аз бес жыл болған.

Мударристер: Оқытушылар уәзірдің әмірімен жоғары білімді адамдардан сайланатын. Бұлар қартайып, дүниеден қайтқанға дейін қызмет істейтін. Мударристер адамгершілігі мол, білімді, діндар адамдар болатын, халық арасында беделді еді. Әр медреседе бір мударрис және оған жәрдемші «Муид» деп аталатын қызметкерлер болатын.

Шәкірттер: Қалаған адам шәкірт бола алатын. Жастарына шек қойылмаған. Шәкірттер медреселерде жататын, олардың оқуы үшін арнайы қорлардан және мемлекеттен ай сайын қаражат бөлінетін.

Бауырластық ұйымы: Селжүктер кезінде пайда болып, Осман мемлекетінің алғашқы уақытында да маңызын жоймаған бейресми оқу-ағарту мекемелерінің бірі. Исламда Пайғамбарымыздан (с.а.с.) келе жатқан футууат түсінігі бар. Бұл тәңірінің бұйырықтарын орындау, жақсы мінезді болу, барлық адамдарға жақсылық істеу мағынасына келеді[5]. Селжүктерде бұл ахилікке айналған. Бауырмалдық қолөнершілер мен шарулардың арасында тарап, оларды адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелеу үшін құрылған. Тасаууф ағымдары табан-ақы, маңдай-терімен күн көретін еңбекші халық арасында тез тарайды. Ұлы суфилердің көпшілігі осылардың арасынан шыққан. ХІІІ ғасырда Қыршеһирде өмір сүрген Ахи Эвран ахилік құрушысы болып саналады. Әр ағымның өзіндік пікірлері бар еді. Мысалы, кеме құрастырушылар мен ағаш ұсталарының пірі Нұх пайғамбар, тігіншілердің пірі Ыдырыс пайғамбар еді.

Атабектік ұйымы: Түркілерде шахзадаларға соғыс пен саясат өнерін үйрету үшін тәжірибелі кісілерді кеңесшілікке сайлайтын болған. Кейбір ғалымдар Орхон-Енесей жазбаларына сүйене отырып, Йоллығтегін, Күлтегіннің кеңесшісі болғанын айтады. Селжүктерде Лала Атабек, Лалабек терминдері және кең тараған Түрік-Атабек деп аталған. Селжүктерде Атабектік өте жоғары ресми қызмет және атақ болып саналған. Селжүк әміршілері шахзадаларды тәрбиелеуді Атабек лауазымы берілген тәжірибелі мемлекет адамдарына (қолбасылар, уәзірлер) тапсырып, аймақтарға әкім етіп тағайындаған. Селжүк сұлтанына тәуелді болған Атабектер сол аймақтың жартылай тәуелсіз әміршісі еді. Сұлтанның сенімді адамдарынан сайланатын Атабектердің бір міндеті шахзадалардың, біреудің айдап салуымен әміршіге қарсы шығуларына кедергі болу еді. Бұл міндетті Османлыларда Лала деп аталған мемлекет адамдары атқарған.

Селжүк мемлекеті құлағаннан кейін де медреселер ашу жалғасын тапты. Мусул, Шам төңірегіне билік еткен түрік Атабегі Нуриддин Зенги Дамаск, Халеб, Хама, Хумус, Баальбек аймақтарында медресе салдырды. Бұлардың ішінде 159/1173 жылы Шамда ашылған Дарул-хадис ән-Нурия алғашқы хадис университеті болып табылады[6]. Мысыр, Сирия және Палестинада билік құрған Әюбилер көптеген медреселер ашқан. Тіпті Низамулмүліктен кейін ең көп медресе ашумен аты шыққан Салахуддин Аюби екені айтылады[7].

Медреселерде Құран, хадис және фиқһ оқытылатын. Кейбір медреселерде наху (араб тілінің синтаксисі) дәрісі жүргізілетін. Бағдаттағы Низамия және басқа да шығыс медреселерінде философия да оқу жүйесіне енген.

Профессор-оқытушылар құрамы:

 Мударрис (профессор): Бұдан бұрын да келтіргеніміздей Низамия медреселері жоғары білім беретін оқу орны еді. Сондықтан ол жерде және кейіннен ашылған барлық медреселерде сабақ беретін мұғалімдер «мударрис» деп аталды. Бұл араб тілінде сабақ беруші деген мағына береді. Медреселердің кең тарауымен мударристер де барлық жерде үлкен құрметке ие болды. Мударристерді әмірші немесе қорды құрған адам тағайындайтын. Олар сол дәуірдің атақты ғалымдары еді, діни ілімдердің барлығынан хабары болатын. Низамия медреселерінде мударрис болу үшін сол уақыттағы ең таңдаулы ғалым болуы, шет тілдерді білуі, діндар болуы керек еді. Әуелде мударристерді уәзірлер тағайындаса, кейіннен әміршінің бұйрығымен тағайындалатын болды.

Муид (ассистент): Араб тілінен келген сөз. Терминдік мағынасы мударристің сабағын қайталап, түсіндірме жасайтын көмекші. Қазіргі кезде ассистент десек те болады. Медреселердің құрылуымен бірге пайда болып, Аюбилер заманында өте маңызды қызметке айналған. Барлық медреседе бір-бір муидтен болған. Тіпті кейбір медреселерде бір мударриске екі муид тағайындалған. Муидтер сонымен бірге шәкірттердің тәртібіне де қарайтын. Мысырда бір медреседе мударрис, басқа медреседе муид болып қызмет атқарғандар да болған. Муидтердің бұл қызметті қанша жыл атқарғаны анық белгісіз болса да шамамен екі жыл болған деп айта аламыз.

Муфид (доцент): Тек қана Мысыр медреселерінде болған. Ұзынчаршылының айтуынша қазіргі замандағы доцент деуге болады. Муфид өтілген сабақтағы бөлімдерді қайталап кеңінен түсіндірген. Суюти бұл қызметтің тек қана хадис ғылымына байланысты екенін айтқан. Оның айтуынша муфид – мухаддистен жоғары хафыздан төмен дәреже. Алайда Шамсуддин әл-Исфаханидің Салихия, Мешхед-и-Хусейндегі сабақтарында қолданған муфид терминін алсақ бұл қызметтің тек қана хадиске байланысты емес, медресе оқытушылар құрамында да болғанын көреміз.

Тәлаба: Оқу-ағарту негіздерінің бірі шәкірттер екені шүбәсіз. Исламда шәкірттердің дені сау, зейіні ашық болуына қатты мән берілген. Осы себептен медресе мударристері тест дайындап, шәкірттерді қабілеттеріне қарай бөлек оқытатын. Оқу-үйрену үшін жасқа шек қойылмаса да мударристер кейбір ғылымдарды оқу үшін қабілет керек екендігіне назар аудара отырып, шәкірттерді белгілі бір жастан таңдаған. Шынында өзін ғылымға арнаған адамның дүниеге көп мән бермеуі, бала-шаға, үй-жай уайымы болмауы керек. Бұлардың барлығы тәлабаның белгілі дәрежеде жас болуын талап етеді. Тіпті кейбір ғалымдар тәлабаның мүмкіндігінше бойдақ болуын қалаған. Шәкірттердің саны 3 пен 100 арасында өзгеріп отырған.

Шәкірттер Ислам әлемінде әртүрлі аталған. Арабтар «талиб» десе, Селжүктер «факиһ», «мулазим» деп атаған. Османдарда талибтің көпше түрі «талаба», «туллаб», парсы тілінде ғалым, ақылды мағынасындағы «данишменд» және ғылым жолында жанғандар деп, теңеу ретінде жанған мағынасындағы «сухта» сөзінің бұзылып айтылған түрі «софта», араб тілінде дарынды, қабілетті мағынасындағы «мустаид» сөздері қолданылған[8].

Медреселердің басқа қоғамдық мекемелермен байланысы:

Мешіттер: Бұдан бұрында айтылғанындай ежелден мешіт және жамилерде дәріс оқытылатын. Бұл медреселер көбейгеннен кейін де жалғаса берді. Тіпті қазіргі уақытта да жамилер оқу орны міндетін атқаруда. Кейбір мешіттерде арнайы сыныптар салынып, медресе деп аталады. Негізінде Ислам әлемінде медресе мен жамиді бір-бірінен айыру мүмкін емес. Өйткені кейбір мешіттен бөлек, дербес медреселерде уағыз айтылатын. Тіпті осы себептен кейбір медреселер мешіт деп аталған. Сонымен бірге Ұлы Хасан мешіті Каирдегі ең атақты медреселердің бірі еді.

Текке және завиялар: Теккелер мешіт пен медреселермен қатар жүргізілген оқу орны. Теккелердің өз алдына әдебиеті, терминдері бар. Алғашқы текке хижри жыл санауымен ІV ғасырда Ремледе ашылған. Ислам оқу-ағарту тарихында теккелер мен медреселердің тығыз байланысы бар. Исламда ғылым мен ғибадат бір-бірінен ажыратылмағандықтан, қандай да бір текке немесе завиядағы шейх, діни сабақтарды да беретін. Олардан тек қана муридтері емес, қарапайым халық та сабақ алатын. Теккелер негізінде сопылардың отырып, зікір салулары үшін салынған еді. Бұл теккелерде сабақ оқылуына кедергі болған жоқ. Айта кететін болсақ, хижри 756-жылы салынған Шейху теккесінде төрт мәзһабтың фиқһ, хадис және қырағат ғылымы кең көлемде оқытылатын. Аббасилер заманында теккеге ұқсас рибаттар ашылып, шекаралық елдімекендерде қызмет көрсеткен. Рибаттағылар шекаралық қызмет атқаратын және жолаушыларды қондырып, жол көрсететін. Ислам тарихында маңызды орны бар теккелер халыққа суфистік пікір таратып, осы түсінікте тәрбие берген жер. Тіпті ІХ, ХІІІ ғасырларда текке мен медреселердің біріктірілгендігі айтылады. Қазіргі таңда бейресми оқу-тәрбие орны деуге болатын теккелер дін, педагогика, психология, тіпті медицина саласында да қызмет көрсеткен. Яғни, ол заманының мектебі, ауруханасы, спорт комплексі, демалыс орны, сол өлкенің өнер академиясы қызметін атқарған деп айта аламыз.

Ауруханалар: Медреселермен тығыз байланыста болған мекемелердің бірі – ауруханалар. Медреселердің жанында медициналық оқу орындарының негізінде салынса керек. Олар Дарул-марда, Маристан, Дарус-сыхха, Тыб медресесі деп аталған. Медицина оқыту үшін арнайы ашылған медреселер Даруш-Шифа деп аталған. Бұл жерде медицина оқытылып, аурулар емделетін, дәрілер жасалатын. Сонымен бірге Құран, хадис, фиқһ дәрістері оқытылатын.

Кітапханалар: Ислам әлемінде кітапханаларға да үлкен мән берілетін. Медреселердің бай кітапханалары бар еді. Андалусия-Умауия мемлекетінің халифасы әл-Хакам қызметшілерін Дамаск, Бағдат, Искандария сияқты қалаларға жіберіп, кітап алдыратын. Осылайша мемлекет астанасы Куртубадағы кітапханада 400 000 кітап жиналған еді[9]. Әл-Мустансирия медресесінде де бай кітапхана бар еді. Қысқаша айтсақ, Исламда оқу-ағарту ісі тек медреселермен ғана шектеліп қалмаған, ғалымдар мүмкіндігінше кез-келген уақытта, барлық жерде ғылым-білім үйретуге тырысқан. Бұл Исламның ерекшелігі болып табылады.

Мамандандырылған медреселер: Діни және басқа ғылымдарда мамандар дайындайтын медреселер. Қазіргі кездегі магистратура, аспирантураны, докторантураны бұған мысалға келтіре аламыз.

Дарул-хадистер: Негізінен мешіттерде оқытылатын хадис пәні Умаяттар дәуірінде патша ұрпақтарына арналған арнайы дәрісханаларда, Аббаситтер заманында медреселерде оқытылды. Бұл оқу орындарының барлығында негізгі пән Құран мен хадис еді. Тіпті жоғары білім беретін оқу орындарында хадис ғылымын бір жүйеге келтіру үшін арнайы хадис университеттері ашылды. Бұл медреселердің алғашқысы Халеб Атабектерінің бірі Нуриддин Махмуд ибн Зенги (541-569/1146/1174) ашқан Нурия медресесі[10]. Оның алғашқы бас мударрисі, яғни ректоры белгілі мухаддис (хадис ғылымын терең меңгерген хадисші ғалым) әрі тарихшы Ибн Асакир. Бұдан бұрынғы «Дарул-хадистер» «Хадис мәжілістері» деп аталатын. Әрбір жамиде бір Дарул-хадис және Дарул-қурра болатын. 622/1225-жылы Каирде Әюби билеушісі әл-Мәликул-Камил кезінде әл-Камилия, 626/1229-жылы Дамаскіде Әшрафия Дарул-Хадистері ашылды. Әшрафияда атақты мухаддис Ибнус-Салах (өл. хижри, 643 милади, 1245) және Мухиддин ән-Нәуәуи (өл. 676/1277) мударрис болған. Ибнус-Салах атақты «Улумул-Хадисін» осы медреседе оқытқан. Дарул-хадистерде бұдан басқа Сахихул-Бухари, Сахихул-Муслим, Машариқул-Әнуар және де т.б. хадис кітаптары оқытылған. Османлылар да ең жоғары ғылыми атақ Дарул-хадис мударристігі еді.

Даруш-Шифа: Исламнан бұрын араб медицинасы тәжірибеге сүйенетін. Олар дәрі ретінде көбіне-көп өсімдіктерді, әсіресе, шөлдегі шөптерді қолданатын. Исламның келуімен медицинада жаңа көкжиектер ашылды. Пайғамбарымыз дәрігерлермен кеңесіп, олардың білімін пайдалануды өсиет етті. Ол дәрігерлердің мұсылман болып-болмағанына да қарамайтын. Қоштасу қажылығында ауырып қалған Сағд ибн Әби Уаққасты емдеуді әлі мұсылмандықты қабылдамаған Хари ибн Калда әс-Сақафиге тапсырған. Ислам тарихында алғашқы жүйелі түрде жұмыс істейтін аурухана Умаят халифасы І Уәлид кезінде 88/706 жылы Дамаскіде ашылған. Бұдан кейін Ислам әлемінің барлық тұсында аурханалар ашыла бастады. Бұл ауруханалар өте жүйелі еді. Ешқандай дініне, ұлтына қарамастан барлық науқастарға қызмет көрсетілетін. Хирургия, көз, тері аурулары және басқалары үшін аранайы бөлімдерге бөлінген еді. Қорлар ашқан ауруханаларда барлық аурулар тегін емделетін, ем жақсы әсер ету үшін ауруларға жоғары калориялы тамақтар берілетін. Ауруханаларда көбісі медициналық кітаптардан құралған үлкен кітапхана болатын. Дәрігерлер дайындау мен бірге ауруларды емдейтін мекемелер Дәруш-шифа, Дәрут-тыб, Тымархана, Дәрул-афия деп аталған. Бұл мекемелерде дәрі жасалатын, шәкірттер теориялық білімдерін ауруларды емдеу арқылы іс жүзінде қолданатын. Дәру-шифа шәкірті, Құран кәрімді жақсы оқи алатын, хадис білетін[11].

Дәрул-қурра: Құран ілімдері оқытылатын оқу орындары. Құран дәрісі Исламда алғаш Меккеде, Әркамның үйінде басталған. Мәдинада Махрама ибн Нәуфалдың үйі алғаш Дәрул-қурра атында ашылған. Дәрул-қуран, Дәрул-хуффаз деп те аталған. Құранның жеті қаріпте түсуі оның жеті диалектіде оқылуына және осыған байланысты қырағат ілімінің шығуына себеп болды. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі Құранды жеті қырағатта оқып, асхабына үйреткен. Хижри екінші ғасырдың басында бұл жеті қырағатты үйреткен Қурралар ашылды. Меккеде Абдуллаһ ибн Касир (өл. 120/737), Мәдинада Нәфи ибн Абдуррахман (өл. 169/785), Шамда Ибн Амир (өл. 118/736), Басрада Әбу Амр (өл. 154/770) мен Яғқуб (өл. 205/820), Куфада Асм (өл. 127/744) және Хамза (өл. 188/803) сияқты ғалымдардың жанында алғашқы қырағат халқалары құрылды. Бұлар кейін қырағаттардың шығуына және соған байланысты шығармалардың жазылуына себеп болды. Дәрул-қурраларда махарижул-хуруф (фонетика), қырағат ғылымдары оқытылатын.

Осман медреселері:

Осман мемлекеті заманында медреселер бағдарлама және архитектуралық тұрғыдан дамып, қалалардың архитектурасында маңызды рөлі болды. Фатих Сұлтан Мехмет алғаннан кейін мемлекеттің астанасы және ғылыми орталыққа айналған Стамбулда падишалар, уәзірлер, ғылым адамдары, кейбір сарай қызметшілері көптеген медресе салдырды. Осман кезеңінде медреселерден басқа жерлерде де әртүрлі дәрежеде оқу-ағарту ісі жүргізілді. Бұлардың бірі әскери-әкімшілік қызметкерлер дайындайтын Эндерун мектебі.

Эндерун мектебі: Осман мемлекетінде ХV ғ. екінші жартысынан ең маңызды медреселерден тыс оқу орны. Әскери және әкімшілік мамандар дайындау үшін құрылған. Негізгі мақсаты әскери мемлекет болып табылатын Осман халифатына әскербасылар, өлкедегі әртүрлі мәдениетке, дінге, тілге ие халықтарды басқаратын кәсіби мамандар, сарай қызметкерлерін дайындау І Мұрад немесе Фатих заманында құрылғаны айтылады[12]. Бұл жерге шәкірттер девширме (сарайда және әскерде қызмет ету үшін христиандардан балалар жинау) алынып, 7-8 жыл оқытылатын. Эндерун мектебінде кейде Стамбулға аманат етіп әкелінген басқа мемлекет әміршілерінің балалары да оқытылатын. Бұл жерді оқып бітірген соң қабілеттеріне қарай сарайда немесе әскери қызметтерге тағайындалатын[13].

Эндерун мектебінде оқытылатын сабақтар: Түрік тілі, араб тілі, парсы тілі, математика, әдебиет, тарих.

Діни сабақтар: Құран, хадис, тәпсір, фиқһ.

Дене тәрбиесі сабақтары: Садақ ату, атқа міну, найза лақтыру.

Өнер сабақтары: Музыка, каллиграфия, поэзия, сурет салу еді[14].

Медреселер: Осман мемлекеті ғалымдарға және ғылымға өте маңыз берген, олардың әлеуметтік жағдайын жасап отырған. Осман өлкесінде математика мен астрономияның дамуына себеп болған Мәуреннахрдан келген Әли Құсшы алғашқы математика мектебін ашқан. ХVI ғ. екінші жартысында (1575) Стамбулда алғашқы обсерватория ашылған. Құран кәрімде Аллаһ тағала жұлдыздардың адамдарға жол көрсетуші екенін айтқан. Осыған байланысты ІХ ғасырдан бастап жұлдыздарға қарап отырып құбыланы белгілеу, оразаның басталуы мен бітуін, намаз уақыттарын белгілеумен айналысқан. Бұлардың барлығы мұсылмандардың астрономия, математика ғылымдарымен шұғылдануына себеп болып, обсерваторияларда жүргізілді.

Илмия ұйымы: Осман мемлекетіндегі әскери, қаламиямен (бюрократия) бірге негізгі үш ұйымның бірі[15]. Шейхул-Ислам, Нақибул-Ашраф, Қазаскер, қазы, Мударрис сияқты ғалымдар қоғамының жалпы аты. Кеңірек айтсақ, Осман Илмия ұйымы медреселерді бітіріп, диплом алған соң оқу-ағарту, құқық, пәтуа және басқа да басты діни қызметтерге тағайындалған мұсылмандардан тұратын ұйым[16]. Бұл ұйымның мемлекеттің дамуында өте маңызды орны бар.

Шейхул-Ислам: Осман Илмия ұйымының ең жоғарғы атағы. Бұл атақ Осман мемлекетінен бұрында бар, бірақ ресми түрде бекітілмеген еді. Фатих Кануннамесінде ғұламалар басы деп танылған Шейхул-Исламның алғашқысы ІІ Мұрад заманында тағайындалған Молла Фенари (1424-1431). Қазіргі кездегі әділет және білім министрлігі мен діни басқарма қызметін атқаратын. Падиша өзі тағайындаса да, әкімшіліктің жөнсіздік көрсеткен тұстарында Шейхул-исламдардан аяғын тартатын. Өйткені Шейхул-Ислам падишаның тақтан тайдырылуына пәтуа бере алатын еді.

Қазәскер: Илмия ұйымының ең жоғарғы мәртебелерінің бірі. Сөздікте әскер қазысы мағынасында. Байырғы заманнан келе жатқан бұл атақ Аббаситтерде, Хорезмшахтарда, Мәмлүктерде тіпті Қарамандарда да бар еді. Османдарда Қазәскерлік І Мұрад дәуірінде Чандарлы Қара Халил Хайриддин Пашаның тағайындалуымен басталды[17]. Қазәскерлердің міндеті тек қана әскери салада емес, барлық құқықтық істерді қарайтын және әртүрлі дәрежедегі қазыларды тағайындау да солардың міндеті еді.

Мударрис: қазіргі кездегі профессор мағынасында қолданылған мударрис сөзі Х ғасырдан бастап Ислам әлемінде кең тараған. Илмия және басқа ұйымдардың дамуында маңызды рөл ойнаған медреселер мен мударристер Осман дәуірінің соңына дейін өмір сүрді. Мударрис атағы республикаға жарияланған соң Дәрул-фунундар университет, ал, мударристер профессор деп аталған соң жойылды.

Осман мемлекетінде алғашқы медресе Орхан Ғази заманында 731/1330-жылы Изникте ашылды[18]. Алғашқы кездегі медреселер ішіндегі ең маңыздылары Изник, Бурса, Эдирне медереселері еді. Кейінірек мамандар дайындайтын арнаулы медреселер ашылып, олар екіге бөлінді.

1. Фатих медреселері: Фатих жамиінің оңтүстік және солтүстігінде орналасқан сегіз медресе Сахны Сәман немесе Мударрисус-Сәмания деп аталған. Бұл университет еді. Кейінірек бұл жоғарғы оқу орнына шәкірттер дайындау үшін орта мектеп дәрежесінде Мусылаи сахна немесе Тәтимма деп аталған сегіз медресе ашылған.

2. Сулеймания медреселері: 1549-1556 жж. арасында салынған Сулеймания медреселері діни және жаратылыстану ғылымдары оқытылатын университеттер еді. Бұл медреслер Сахны Сулеймания деп те аталған[19].

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ

 


[1] Зия Казыжы, Анахатларыйла Ислам эғитим тарихи, Стамбул 1995 40-44 б.

[2] Субни ес-Салих, Хадис ыстылахлары, Стамбул 1996. Енвер Өрен, Дини теримлер сөзлүғү, Стамбул 1996

[3] Яхия Акуүз, Түрк еғитим тарихи, Анкара 1985

[4] Хусейн Алгул. Ислам тарихи, Стамбул, 1997, 537 б.

[5] Субни ес-Салих, Хадис ыстылахлары, Стамбул 1996. Енвер Өрен, Дини теримлер сөзлүғү, Стамбул 1996, 133 б.

[6] Хусейн Услу, Башлангычтан гүнүмүзе Ислам мүессеселери тарихи, Стамбул 1985, 63 б.

[7] Махмуд Исмайл Сини, Насиф Мустафа Абдул Азиз, Мухаммед Тахир Хусейн, Кенди-кендине модерн

    арапча өғретими, Стамбул  1995, 9 том, 75 б.

[8]Зия Казыжы, Анахатларыйла Ислам еғитим тарихи, Стамбул 1995, 58 б.

[9] Доғуштан гүнүмүзе бүйүк Ислам тарихи, Стамбул 1988 VI

[10] Зия Казыжы, Анахатларыйла Ислам еғитим тарихи, Стамбул 1995, 70 б.

[11] Хусейн Услу, Башлангычтан гүнүмүзе Ислам мүессеселери тарихи, Стамбул 1985, 66-85 б.

[12] Хасан Али Көчер, Түркияде модерн еғитим доғушу ве гелишими (1773-1923) Стамбул 1992, 15 б.

[13] Енвер Өрен, Йени рехбер ансиклопедиси, Стамбул 1994 16 т, 16 б.

[14] Ислам ансиклопедиси, 11 т, 185-186 б.

[15] Зия Казыжы, Анахатларыйла Ислам еғитим тарихи, Стамбул 1995, 81 б.

[16] Ислам ансиклопедиси, 11 т, 141 б.

[17] Османлы тарихи деймлер ве теримлер сөзлүғү, Стамбул 1993 ІІ, 229 б.

[18] Зия Казыжы, Анахатларыйла Ислам еғитим тарихи, Стамбул 1995, 81-82 б.

[19] Ахмед Акгүндүз, Сайд Өзтүрк, Билинмейен Османлы, Стамбул 1999, 405-406 б.

Пікірлер Кіру