Шаңырақты шайқалтатын сегіз себеп

07 қараша 2019 7979 0
Оқу режимі

Байқасаңыз, шаңырақ көтерген кез келген ерлі-зайыптылардың бастапқыда сезімдері арнасынан тасып, бақыт құшағында өмір сүріп жатады. Уақыт өте келе, күнделікті күйбең тіршілік бар, қала берді байқалмайтын жауапкершіліктері көбейе түскен шақта – арадағы сезім кейбір отбасыларда сөне бастайды. Сезімдері күн санап олардан алыстай түседі. Оның артынан өзара түсінісу мен ұғынысу деген ұғымдардың орнын ұрыс пен жанжал алмастырады. Ал, өрши түссе, ақырында жұбайлық байланыс үзіліп тынады. Құран Кәрімде: «...Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар. Әйелдерден көрі ерлердің дәрежесі артық...»,[1] – деген аят бар. Сондықтан да, шаңырақты шайқалтып, махаббатпен құрылған отбасының ойраны шығуға алып келетін бірнеше себептерден сақ болған жөн.

1. Кемшіліктерді бетке басу, жақсылығын көрмеу

Ерлі-зайыптылар бір-бірінің кемшілігіне баса назар аударып жатады. Үнемі бір-бірінің айыбын санамалап, оны ұлғайтуға әрекет етеді. Сонымен бірге, жұбының жақсы және жағымды қасиеттерін көрмей жатады. Нәтижесінде, арада реніш пен немқұрайлық қабырғасы пайда болғанын да сезбей қалады.

Сондықтан ерлі-зайыптылар бір-бірінің бойындағы жақсы қасиетті көріп, оның өсуіне ықпал еткені жақсы. Ал, кемшіліктерін жасыруы арадағы сезімнің суып кетпеуіне септігі тиеді.

2. Салыстыру

Ерлі-зайыптылар саналы түрде, кейде санасыз түрде жұбын өзінің ортасындағы жора-жолдасы, ағайын-туысы немесе әріптестерімен салыстыра бастайды. Оның салдарынан адам өз жұбының кемшілігін көріп әрі оның наразылығын тудырумен сезімін жаралайды. Бұл өз кезегінде жұбайлардың жан дүниесіне оқ боп тиеді.

Адам болған соң, оның жақсы мінезімен қатар жағымсыз мінезі де болатынын ұмытпаған жөн. Ал, салыстыру – отбасын бұзатын тәсіл.

3. Түсініспеушілік алдындағы үнсіздік

Отбасылық өмірде проблема мен келіспеушіліктер орын алып тұруы заңдылық. Ал, бұл келіспеушіліктің қайталана беруінің бірден бір себебі –ерлі-зайыптылардың ол мәселе жайлы ашық сөйлесіп, оның шешім таппастан, жылы жауып қоюында. Нәтижесңнде, арада жақтырмау, жеккөру сезімі туады. Мұның шешу жолы – келіспеушілік орын алған уақытты суытпай, рет-ретімен әр тақырыпты талдай отырып, ұрыс-керіссіз диалог түрінде өзара түсіністікке қол жеткізу.

4. Сезімді мазақ ету және жаралау

Өз жұбының іс-әрекеті, мінез-құлқы, сырт келбеті сияқты тұсын ашық немесе ойша мазақ ету және менсінбеу жағымсыз ой қалыптастыра бастайды. Мұндайда, сүйіспеншілік пен мейірімділікке орын қалмайды. Нәтижеде, сын көзбен қараған тараптың өз жұбына деген сезімі өзгеріп шыға келеді. Жұбайлар бір-бірінің сезіміне құрметпен қарай отырып, жанын жаралайтын оғаш әрекеттерді айналып өтуге барын салуы қажет.

5. Үнемі жұмысбастылық

Ерлі-зайыптылардың бірі үй ішінде немесе түзде жұмыс, дос-жаран, бала тәрбиесі және т.б. себептермен жұмысбасты болуы жұбайының елеусіз қалғанын және ескерусіз қалғанын сезіндіреді. Әсіресе, жұбайының сол бос уақытын аз болса да алданыш етіп айналысатын ісі болмаса, тіпті, қиын. Сондықтан, жұбайлар жұмыс қаншалықты қауырт болса да, бір-біріне көңіл бөлуге уақыт табуы маңызды. Тіпті, ол үшін кейде жұмысы тоқтап жатса да. Әйтпеген жағдайда, аралары суық тынады.

6. Шектеу мен бағаламау.

Адамның өмірлік арманы мен мақсатын жүзеге асыру үшін жақындарының қолдауы аса қажет. Алайда, жанындағы адам оны түсінбесе, демеп жігерлендірмесе, сол жаман. Бұл да отбасылық ара-қатынасқа сызат түсіретін жайт. Сондықтан, ерлі-зайыптылар бір-бірінің мақсат-мұратына құрметпен қарап, арманы орындалуы үшін рухани және қаржылай қолдау көрсеткені дұрыс.

7. Шектен тыс қызғаншақтық

Қызғаныш ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын бұзады. Қызғаныш салдарынан отбасындағы тыныштық күдік пен күмәнға айналады. Онан соң, жаман ой мен сенбеу пайда болады. Ал, бұл өз кезегінде жеккөруді тудырады. Нәтижеде, сүйіспеншілік пен ыстық сезім қызғаныш көлеңкесінде қалып қояды. Қызғанышсыз тағы болмайды. Ерлі-зайыптылар арасында немқұрайлық пен астамшылық ортасындағы дұрыс қызғаныш сезімі болғаны құп. Сонымен бірге, негізсіз күдік пен күмәннан сақ болғаны жөн.

8. Билеп-төстеу.

Ер кісілердің басым көпшілігінде отбасылық үлкен-кішілі мәселелерде шешім қабылдауға тек өздері ғана құқылы деген ой қалыптасқан. Мұндай ер кісілер ешкіммен ақылдаспайды, райынан қайту дегенді білмейді. Сол сияқты, күйеуін билеп-төстегісі келетін әйелдер де табылады. Мұның екеуі де отбасын ойран етеді. Ерлі-зайыптылар екі жарты бір бүтін болып, кез келген мәселені кеңесіп шешуі қажет. Құран Кәрімде: «...істерінде өзара кеңесетін...»[2] жандардың Жаратқан әміріне бойұсынған мүміндер қатарынан табылатынын айтады. Демек, «кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын» кез келген уақытта ұмытпаған абзал.

Дана халқымыз «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекерден бекер айтпағаны белгілі. Алып-ұшқан сезімнің жетегінде жанұя құрған жастардың бірлескен көші болашаққа жол тартып, бұралаң жолдардан сүрінбей өтуі үшін талай тосқауылдар мен сынақтарға төзулеріне тура келеді. Көптеген кедергілерді артқа қалдыра отырып, бір-бірін ардақтай білгендердің ғана бақытты жанұяға айналары сөзсіз.

Руслан Қамбаров


[1] «Бақара» сүресі, 228-аят.
[2] «Шура» сүресі, 38-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру