Шайтан ғибадат есігінен келеді

11 маусым 2019 9428 0
Оқу режимі

Шейх аш-Шағрауи «Мәидә» сүресінің 92-аятын тәпсірлей келе былай дейді: «Аллаға бой ұсыныңдар және де Елшісіне бой ұсынып сақтаныңдар…» деп Алланың бұйыруында үлкен сыр бар. Өйткені, біз ойлағандай шайтан күнә есігінен емес, ғибадат есігінен келеді.

Алла Тағала аятта Алланың парызы мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне бойұсынғаннан кейін, «сақтаныңдар» деп бұйыруы бекер емес. Себебі, адам құлшылық жасаған сайын, нәпсісі келіп: «Сен елден артық бойұсындың, сен елден артық ғибадат жасадың», – деп, адамды рия  жасауға, мақтануға апарып, амалын құрдымға жібереді.

Сондықтан, Алланың құлы ғибадат жасаған сайын сақ болғаны абзал, яғни құлшылығын бір Алланың ризалығы үшін жасауға мән беру керек».

Бір күні бір адам дүниесін қайда жасырғанын ұмытып, соның шешімін Әбу Ханифадан  сұраған екен. Әлгі кісінің мәселесі фиқһ мәселесі емес болса да, имам: «Құптан намазыңнан соң таңға дейін тілек намаз оқы!», – дейді. Әлгі адам намазда тұрып, жоғалған затын ойлай бастайды. Көп өтпей жатып, есіне түседі. Дереу намазын үзіп, жоғалғанын іздеуге барып, тауып алған екен.

Осы оқиғаны имамға айтқанда, Әбу Ханифа: «Шайтан құлдың жоғалғанын тауып берсе де, Аллаға таң атқанша құлшылық еткенін қаламайды», – депті. Яғни, шайтан құлдың ғибадат есігінен келіп азғыру жасаған.

Алла бізге ғибадат есігінен сақ болған құлдарынан болуды нәсіп етсін!

Қуат Қабдолда

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру