ШІЛДЕХАНА НЕМЕСЕ АҚИҚА ҚҰРБАНЫ

03 сәуір 2024 1988 0
Оқу режимі

Ана құрсағындағы үш қаранғылықта жаралып, жарық дүниенің есігін іңғалай ашқан сәбиіміздің кіндігін кескеннен кейінгі ерекше қуанышымыз – Шілдехана. «Адамнан адам шығу оңай емес», дейтін қазекем үшін шілдеханасының да орны бөлік. «Ұлым өссе қолым ұзарады, қызым өссе жолым  ұзарады», деген қанатты сөзді басты қағидасын айналдырған бабаларымыз үшін мейлі ұл мейлі қыз болсын балаларын бөліп жармайтыны рас. Кейін ғана естіп жатырмыз ғой әйелі тек қыз тапса жекіріп, тіпіті, жек көріп одан сайын кектеніп, ажырасып жатқаны. Әйтпесе қазақ халқы үшін «қыз бала-қонақ». Оның орны өз үйінде  жүргенде төрден төмен болмаған. Ұзатылып барған жерінде төрге таласпаған, әдептен әрі аспаған еді. Қыз баланың болмысындағы бұл тазалық ең алғаш  шілде  суына шомылдырғандары айналып кетейін ақ самай әжелеріміз бен ақ жаулық аналарымыздың ақ тілеуі арқылы бойына сіңсе керек. «бұл өмірден хабарысыз жаңа туған» сәтінде жаны таза болсын деген ниетпен шілдесуына шомылдырып, жөргекке орап, құба талдан иілген бесігіне бөленген. Осы сәттен бастап, ұзатылып кеткенше «қызым қызығым» деп қана емес, жарастырар ел ішін «өрісім» деп алақанда аялаған ақ құсынан құрметті де аямаған. Ал енді ұл бала дүниеге келсе, несін жасырайық, әкенің қуанышында шек болмайды. Анам «ұл таптым деп қалжа жеген»ұлтымыз үшін ұл бала ұрпақ сабақтастырып, шежірені жалғаушы болып есептеледі. Мейіржан Әлібек деген ақын ініміз оқушы кезіндегі бір айтыста аналарға құрмет ерекше болуы керектігін сөз ете келіп: «шежіреде аттарыңыз қалмағанмен, шежірені  жасайтын сіздерсіздер»,деп көңілге қонымды құлаққа жағымды ой айтқан еді. Дәстүрлі қазақ қоғамынды қалыптастарға шілдеханаға тек ақ самай аналар мен қыз-келіншектер ғана қатысатыны бәлкім сондықтан шығар.

Шілдехана туралы ой қозғай отырып осы дәстүрімізге қатысты шариғаттан да азкем айта кету жөн. Жалпы Ислам дінінде «құрбандық шалу» деген жақсы үрдіс бар. Бұл тек құрбан айт кезінде ғана іске асырылады. Ал сәби дүниеге келгенде сойылатын малды «ақиқа құрбаны» деп айтады. Шариғат бойынша: «Нәрестенің үлпілдек шашын «ақиқа» дегендіктен, осыға байланыстырып, шалынатын малды да «Ақиқа құрбаны» атаған. Ақиқа  құрбаны перзент сыйлаған Алла Тағалаға шүкіршілік білдіру ниетімен шалынады. Шариғаттағы үкімі мубах,  яғни дүниеге келген нәрестені үшін мал шалу әр ата-ананың өз еркіндегі іс.»

Әубаста мұсылман болып жаратылған, ислам келгенде ұлттық тәрбиесі мен асыл діні біте қайнасқан қазақ халқы  «ақиқа құрбанын» ертеден-ақ шалып келе жатқаны ақиқат. Өз таным-түсінігіне сай жас босанған ананың және өмірге келген сәбидің құрметіне арнайы  қой сойып оны «қалжа» деп атаған. Ал дінімізді ұлттық ділімізбен байланыстырып, діңіміздей берік ұстауды насихаттап келе жатқан имамдарымыз: «Баланың туылған күнінен бастап балиғат жасына толғанга дейін ақиқа құрбандығын шалуға болады. Десе де, жаңа туған нәрестенің жетінші күні басындағы үпілдек шашы алынып, ат қойыла саласынымен құрбан шалу мустахаб, ұнамды іс»,дейді. Ал қазақы дәстүрімізде қырқынан шығарған кезде ғана шашын алып жатады. Мұның да еш сөкеттігі жоқ. Міне, шілдехана төңірегінде осындай жөн – жоралғыламыз бар. Бұлардың бәрі қазекемнің «қуанышты бөліссең көбейеді», деген тойшыл, сауықшыл ниетімен де астасып жатыр. Несін жасырайық, мұндаға дейін шілдехана бірнеше әйелдің ғана басы қосылып, сол отбасында аталып өтілетін. Келіннің толғағы басталған сәттен әйелдер жағы «жарысқазан» ұйымдастырып, босанганнан кейін шілдехенеға ұласып кететін. Өмірге ұл мейлі қыз келсін қазақ ғұрпында ұлан-асыр тойға айналады. Оны бозбалалар мен бойжеткендер жағы ән-думан мен түрлі ойындарға ұлыстырса, үлкендер жағы арнайы сый-сияпатын жасап, ақ батасын беріп тарқасатын. Бұған көбінесе ет-бауыр жақындары мен құдай қасқан көршілерғана қатысатын. Себебі, жаңа туған балаға көптің аяғы ауыр болады деп, тез кетіп қалуға тырысатын.

Сонымен өмірге сәби келгендегі шілдехана тойы  іле-шала бесік-тойға  ұласып кете береді. Себебі, шілде суына шомылдырғаннан кейін бірден бесікке бөлейді емес пе? Ертедегі қазақ қоғамында тойдың мәні мен мазмұнына ерекше көңіл бөлген. Арнайы бата жасайтын атасынан бастап, бесікке бөлейтін аналарымызға дейін елге сыйлы, өзі уәлі сөзі дуалы жандар болған. Ал қазір ше? Бата береді деген аталарымыздың өзі әңгіме айтып кетеді. Әсілі, сөз қадірін өз қадірінен биік қойған біздің халық үшін бата дегеніңіз – бойға қуат беретін, жанға шуақ төгетін маржан ойдың жиынтығы. Атасы батасынан шатасып, соңында «сол үшін» деп ар жағында атың өшкір ащы суды «алып қояйыққа» жол ашып жатса да көңіл аудармайтын болдық

Менің ойымша, сондай сәби сыйлаған Аллаға шүкірлік қылып, сол нәрестенің құрметіне жоқ-жітікке қайырымдылық көрсетсе сауапты іс болар еді.

Шыр етіп дүниеге келгенде шілдеханадан басталып, дидарымыз болған дәстүрімізді иманымызбен көркемдесек, тойдың мақсаты тойлау ғана емес, ұрпағыңның ертеңін ойлау екенін зердемізде сақтағанымыз істің ең абзалы болмақ.

Жұматай ОСПАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру