Шүкір...

22 маусым 2018 14141 0
Оқу режимі

Мамыржай мамыр айы, күн жұма. Тамылжыған табиғатпен бірге менің де көңіл күйім жадыраңқы. Ертерек барып, имамның құтбасын тыңдайын деген оймен үйден шыққаным сол еді, қарсы алдымнан көршім Сәрсен аға кездесе кетті. Толық денелі, еңсегей бойлы, ақсары жүзді, жасы алпысты алқымдаған Сәрсен дәулетті кісі еді. Сонысына қарамай, кездескен сайын емен-жарқын сөйлесіп, хал сұрасып тұратынбыз. Бірақ, көршімнің бүгін жүрісі бөлек, қабағында ашу бар. Ақ шалған шалғы мұрты тікірейіп кеткендей сезілді. Менің сәлемімді де сүлесоқ алды. Қолымды қысып, аз-кем тұрды да:

– Қайда асығып барасың? – деді төтесінен.
– Жұма намазына, – дедім.
– Намаз ешқайда кете қоймас, маған бір сәт мойныңды бұршы. Сен философсың ғой. Бір нәрсенің жөнін сұрайын.
– Жақсы, – дедім Құдай қосқан көршімнің ыңғайына көніп.
– Рахмет інім, былай оңаша барып сөйлесейік. Ол осыны айтты да мені жетелеп, үй алдындағы көгалдағы арқалы орындыққа барып жайғастық.
– Темекің бар ма? – деді ол бағанадай емес, дауысы  саябырланып.
– Кешіріңіз, Сәке, мен шекпеймін ғой.
– Иә, оныңды ұмытып кетіппін. Ол аз-кем отырды да:

– Бүгін ініме ренжіп отырмын, әлгінде ғана сонымен сөйлестім, айтқан сөзі қанымды басыма шығарды. Өзің білесің, қала сыртындағы күре жол бойындағы үш қабатты мейрамханамды соған бергем, маған ай сайын, бір млн. теңге берсең болды, қалғаны өзіңдікі деп. Алғашында жақсы беріп тұрды, соңғы жарты жыл болды, аузын қу шөппен сүртіп, бір тиын ұстатпады. 1 млн. деген не тәйірі, мен одан қанша түсетінін білем ғой. Ол үнсіз қалды. Ренішінің төркінін түсініп, көңілін аулай:

– Мені білесіз, ғылымның адамымын, бизнестен хабарым аз. Оның үстіне  сіздің ол мейрамханадан басқа қала ішінде тағы бір мейрамханаңыз бен жанармай құяр бекетіңіз және бір неше дүкеніңіз де бар емес пе? Қаржыдан таршылық көріп отырған жайыңыз жоқ. Соған шүкір етіңіз.

– Солай ғой, бірақ ақша көптік етпейді, көп келген ақшаның кететін жолы да көп, маған ақша еш уақытта жеткен емес. Бір кәсіптен соң бір кәсіптің көзін ашып, қуып отырамын. Егер шүкір деп отыра берсем, сол бір дүкенмен қалар едім. Шүкіршілік етуге болмайды, ол сені мандытпайды, дамытпайды. Міне, сөйтіп жүріп өмірімнің көбін өткіздім. Ал мына інім менің арқамда адам болды. Оған қалай ақша табуды мен үйреттім. Енді келіп уәделі ақшасын беруден қашады. Тіпті, екеуіміздің арамызда келісім-шарт бар екенін де ұмытқан. Ол сол келісімді орындамай отыр. Түсінесің бе, бұл бизнесменге жараспайтын қылық. 

– Ол туған  ініңіз, ет бауырыңыз ғой, дүние-мүлікке бола онымен араздаспаңыз. Ал келісім-шартыңызды түсінбедім, Алла Тағала екеуіңізді бір ананың қос омырауын емізіп, бір атаның бойынан өргізді, түсінген жанға одан артық қандай келісім болсын?

– Деседе,  әйелім айтып еді, «ініңе берме, онан да бөтен адамға бер» деп, айтқаны айнымай келді. Ол басын шайқап пұшайман күйде төмен қарады.

– Сіз менен не сұрайын, – деп едіңіз?

– Сен философсың ғой, философия – даналықты сүю деген сөз екен. Маған осы мәселеде қандай пікірде болуым және не істеуім керек туралы кеңес берсең деп едім, басым қатты? Ол енді басын көтеріп, менің жүзіме барлай қарады. Жүзі қызарып, көздері әнтек  жасаурап тұр.

– Мен Сізге не деп ақыл айтайын, жасыңыз үлкен, көргеніңіз көп. Деседе, ғылымды алға тартып отырсыз, соның құрметі деп түсініп сізге бір тәмсілді әңгімелеп берейін. Ертеректе екі ағайынды жігіт болыпты. Олар аң аулап тапқан нәпақаларымен ынтымақты әрі берекелі өмір сүріп келіпті. Бір күні екеуі күндегідей тауға өрлеп келе жатса, қарсы алдарындағы тоғай арасынан мен секілді бір философ жүгіріп шыға келмесі бар ма,  ол екеуі неден қашып келе жатқанын сұрағанда, философ:

– Әнеу бір топ ағаштың ортасында бір теңбіл арыстан жатыр, абайлаңдар, оған жуымаңдар, ол екеуіңді де мерт етеді, – депті де ұзай беріпті. Іздегенге сұраған дегендей неде болса арыстанды көрейік деген екі аңшы баспалап топ ағашқа жақындапты. Бірақ арыстан көрінер емес. Жүректері тарсылдап, кеуделерін тесіп шығардай алқынған екеуі мылтықтарын серт ұстап, топ ағаштың ортасына да жетіпті. Қараса, расында, теңбіл нәрсе жатыр екен. Бірақ арыстан емес, сандық болып шығыпты. Ішін ашып жіберсе, міне қызық, дүниенің бар асылы мен байлығы сонда жатыр екен. Қуаныштан есі шыққан екеуі аңтарылып тұрыпты да, аздан соң байлықты ортасынын қақ бөлісіп алыпты. Енді аң аулаудың қажеті жоқ, қалаға барып басқаша өмір сүрейік деп шешкен екеуі кері қайтыпты. Жол-жөнекей бағанағы философты мысқылдап, «ақымақ, жынды, есалаң» деп неше саққа жүгіртіп мазақ етіп күліпті. Біраз жүрген соң інісіне, «ағамды иенде көзін құртып, бар байлықты  неге жеке  иемденбеске» деген  сұмдық бір ой келіпті. Бірақ ол өзі ойынан өзі қорқып, көпке дейін бата алмапты. Алайда, дүниеге деген мас көңіл, ағасына деген қас ниетке  айналып, бейшараны жер жастандырыпты. Неде болса, дұрыс істедім деп, өзін жұбатқан інісі бар асылды арқалап көл бойына жетіпті. Көлден өтсе, қалаға да жетер еді, амал не масайған көңілмен келген ол қайықшыларға артығымен төлейтінін айтып, тездетіп көлден өткізулерін өтініпті. Талайды көрген қайықшылар оның көтерген қоржынында мол дүниенің жатқанын сезіп, көл ортасына келгенде оның өзінің де көзін жойыпты. Сөйтіп дүние қуған екі ағайынды ит өліммен өмірден өтіпті. Менің тәмсілімді мұқият тыңдаған Сәрсен ағам үнсіз, жерге қадалған күйі отыра берді. Мен намазға кешігіп бара жатқанымды айтып, жолыма түстім.

Намаздан соң, азды-көпті тиын-тебенді маңайда жүрген қайыршыларға бердім. Ішінде осы мешітте ұзақтан бері жүретін, көп балалы жесір әйел де бар. Оның жағдайын өзім де жақсы білемін. Бір қызы талма дертімен ауырады, тұратын баспаналары да жоқ, біреудің мал қорадай жұпыны екі бөлмелі жер үйін мекендейді. Оны да көзіммен көргем, азды-көпті көмегімді де көрсетіп тұратынмын. Мен одан хал-жағдайын сұрап едім  қашанғы әдетімен жылы жымиған күйі:

– Аллаға шүкір, бәрі жақсы, Құдайға тәубә, – деген бір қалыпты сөзін қайталады. Алдына жайған ақ матасының үстінде темір теңгелер мен бір ғана екі жүз теңгелік қағаз ақша жатыр. Анасының қасында үш жасар ұлы «еңірекейден келген екі атын» кезек тартып, маған нұрсыз жанарларымен қадала қарайды. Маңдайынан сипадым, жүзіне қарап жымидым. Бәрібір оған еш әсер етпеді, сол қадалған күйі қарай берді. Басқа баланың жүзіне қарасаң болды, езу тартып, күліп өзіңмен ойнай бастайды ғой, ал бұл балада ондай қуаныш, ойын болмаған-ау сірә, сол үшін ондай ерке қылық оған жат секілді. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген осы-ау. Жүрегім бір түрлі мұңайып сала берді. Көзімді одан тайдырып анасына қарадым:

– Кіші қызыңыздың денсаулығы қалай, талып қалуы азайды ма?

– Шүкір Аллаға, тәуір, бірақ сол баяғыдай, ем қабылдау керек еді, соған аздап жағдайымыз жар бермей келеді. Алла қаласа бір сәті түсер.

– Өз жағдайыңыз қалай, денсаулығыңыз, жұмысыңыз жақсы ма?

– Шүкір - деймін мен де. Бірақ жүрегімнің түбінен бір мүңлы сарын есіп, жан-дүнием қоңылтақтап, бос қалғандай күй кештім. Әйелмен қоштасып, үйге қарай аяңдап келемін. Көз алдымнан көзі қызарып, ісінген Сәкен аға мен жылы жымиып тұрған жұпыны әйел бейнесі алма-кезек ауысып кетпей келеді. Құлағымда имамның уағызы: «Біз Лұқманға хикмет сыйладық, Аллаға шүкіршілік ет. Кімде-кім шүкіршілік етсе, тек өзі үшін шүкіршілік етеді. Кімде-кім қарсылық жасаса, әлбетте, Алла бай, ол мадақ иесі».  

Пікірлер Кіру