СІЗ ЕСТІМЕГЕН МАҚАЛДАР

14 наурыз 2024 2045 0
Оқу режимі

Қазақ – шешен халық. Сөздік қоры аса бай болғандықтан, өмірдің барлық сәтеріне байланысты мақал-мәтелдер шығара білген. Мақал-мәтел – қазақтың рухани қазынасы, философиялық пайым, түсінігі. Сөз қадірін білген әрбір қазақ жүйелі сөзге қонақ берген және артындағы ұрпағын осы үрдіспен тәрбиелеген. Біз сіздерге күнделікті өмірде көп қолданбайтын мақалдар жиынтығын ұсынамыз.

Түйір нан — тамшы тер;

Істің ақыры жігіттің пақырына қалады;

Тапқан қуанады, таныған алады;

Арқан үзіледі, борыш үзілмейді;

Ұйқышыл жастық таңдамайды;

Жаман адамға мал бітсе, зекет бермес;

Сау төрде, ауру көрде;

Ластың досы шыбын;

Кещеге бәрі күлкілі;

Кебіс ұрлаған бір кісі, күмәнді болған мың кісі;

Түйенің басы тегешке сыймас;

Семіз қойдың ғұмыры қысқа;

Тәңір асыраған тоқтыны қасқыр жемейді;

Жерінен ауғанға жеті жыл қоныс жоқ;

Ел аузына елек қойып болмас;

Жақсы жігіт жер шолып, ақыр түбі айналар;

Елді іс біріктіреді, сөз бұзады;

Діннен безсең де, елден безбе;

Адам ойлайды, Құдай шешеді;

Қашқан да «Құдай» дейді, қуған да «Құдай» дейді;

Әр Мұсаға бір Перғауын;

Сауатсыз молданың сәлдесі үлкен;

Адам құлақтан азады, көңілден семіреді;

Темір сырын отта таны, адам сырын жоқта таны;

Халық ханға бағынғанда – бала, ашуланғанда – әке;

Көпті жылатқан көп жүрмес;

Дәрі шөптен, ақыл көптен;

Көп құмырсқа жабылса, түйені де өлтірер;

Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар;

Таста тамыр жоқ, Төреде бауыр жоқ;

Әмірші есірсе, әлеумет сорлайды;

Көшбасшының кигені жылы, жылаған баланы не қылсын?

Атасыз ұлдың аузы үлкен;

Атадан бала озбайды, мойыннан жаға озбайды;

Он бала бір әкеге жүк болмайды, бір әке он балаға жүк болады;

Анаңнан емген сүт үшін үшін нағашыңды сыйла, балаң емген сүт үшін әйеліңді сыйла;

Ұлыңа ұлтарақ бол, келініңе көпшік бол;

Баланы ақырып үйретпе, ақырын үйрет;

Жұрттан Сүлеймен туады, бізден сілейген туады;

Балаға айтқан сөз – байлаусыз бұзау;

Еркенің жасы кеппес, жорғаның тері кеппес;

Қазанның қайнағанын қара, баланың ойнағанын қара;

Інінің жолы тас қару, ағаның жолы басқару;

Аға ұрар болса, іні тұрар болсын;

Алты қойы артық болса, інісі ағасына сәлем бермес;

Бөле бөрік емес, итмұрын өрік емес;

Қаба-қаба сөйлейтін, қарындастың бары жақсы;

Ай көрмесең туысың жат, жыл көрмесең досың жат;

Тебісіп жатсаң да теңің болсын;

Кемер белбеу – бел сәні, Кемел жігіт – ел сәні;

Біз де кісі болармыз, атқа кісен салармыз;

Көп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол;

Қызды ауыл өсекшіл;

Қызды жеңге, жеңгені теңге бұзады;

Қапияда қатын ақыл табады;

Әйелінен ұялған баласыз өтеді;

Ері жоқ әйел – ескегі жоқ қайық, әйелі жоқ еркек – ауыздығы жоқ ат;

Екі әйелдің басы қосылса, үшінші әйелдің соры;

Үлкен үйге не керек, кіші үйге де сол керек;

Сұлу алған жолдасынан айрылар;

Сыланайын десем байдан қорқам, сыланбайын десем тоқалдан қорқам;

Отты жастығың өтпей отау тік;

Құданың тайын алғың келсе, құлынды биесін сұра;

Қонақ алдымен қабағыңа қарайды, содан кейін табағыңа қарайды;

Қонағыңның алдында мысығыңа «пыш» деме;

Жаңа енші алғанмен үш жылға дейін көрші болма;

Көршің үшін намазыңды бұз;

Заманың қандай болса, бөркіңді солай ки;

Қыз құшпаған ер арманда, қызғалдақ жемеген қозы арманда;

Қыдыр дарымаған адам есек базарында делдал да бола алмайды;

Күміс есіктінің күні ағаш есіктіге түсер;

Бұхарада боқ шоқыған ала қарға мұнда келіп жылқышы болыпты;

Күшті қауіпті емес, кешкіл қауіпті;

Екі қылыш бір қынапқа сыймас;

Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірер;

Жолбарыстың артында тері, батырдың артында елі қалар;

Шөлдің қамысы болма, жаманның намысы болмас;

Үлкен пышақ ұялғаннан өтеді;

Жоғалған пышақтың сабы алтын;

Жарабет жазылғанмен, қарабет жазылмас;

Тоны жаманды ит қабар, көңілі жаманды құдай табар;

Ащы сұраққа тұщы жауап күтпе;

Пышақты өзіңе сұқ, ауырмаса өзгеге сұқ;

Киген тоның ескірер, кидіргенің ескірмес;

Талаптың тоқпағы тасқа шеге қағады.

Ашу – пышақ, ақыл – таяқ, жона берсең таусылар;

Ақ Еділдің өзі болмасаң да бұлағы бол, ақылды бастың өзі болмасаң да құлағы бол;

Пішені өртенбегеннің бәрі ақылды, түйесі жоғалмағанның бәрі есті;

Аюды жеңген – жарты ер, ашуды жеңген – бүтін ер;

Ойшыл ой ойлағанша, тентек іс бітірер;

Ішіңде пікір өлгенше, сыртыңда талау болсын;

Ойлаған ойды қыстаған тұрмыс аздырар;

Жасыңда ұқпағанды жасай келе түсінерсің;

Көрмегенге көсеу таң;

Оқ жетпес жерге қылыш суырма;

Өзі жарымағаннан сарқыт дәметпе;

Жықсаң да, жығылсаң да, алысқаның арыстан болсын;

Құлайын деп тұрған тамға сүйенбе;

Мейірімдінің кәрінен сақта, қарсыз қыстың зәрінен сақта;

Тілмен байлаған қолмен шешілмейді;

Ұзын шапан аяғыңа оралады, ұзын тіл мойныңа оралады;

Кінәлінің тілі қысқа;

Жер астында жатқанды, қазбай жатып тіл табар;

Сөз – сабан, іс – дән;

Біреудің ат көтермес бөзі бар, біреудің ат көтермес сөзі бар;

Құлақтан кірген суыз сөз, көңілге барып мұз болар;

Қисық отырсаң да , түзу сөйле;

Сөзді сөзбен ұста, қашағнды құрықпен ұста;

Біріктіріп айтса бидікі жөн, құрастырып айтса құлдікі жөн;

Күңге күле қарасаң, көйлегіне жамау сұрар;

Түймең түссе түйедей әзіл айтатыннан сақтасын;

Сиыр баққанда бірге едік, жаңғақ шаққанда бөліндік;

Досыңның пышағымен мүйіз кес, дұшпаныңның пышағымен киіз кес;

Айға жетпес асыңды, ауылдастан аяма;

Бір аяқ қымыздың екі аяқ желі бар;

Жолдағы құйрықтан, қолдағы өкпе артық, жайлаудағы жылқыдан, қорадағы қой артық;

Шай ішіп үйренген, қымыз сұрап қыстамайды;

Атасы жер жырта білмегеннің, баласы тұқым себе білмейді;

Сақтағаныңды жесең, сағынғаның келер;

Ақшасыз базарға барғанша, кетпен алып мазарға бар;

Мақтаншақ өз дамбалын былғайды;

Қисықтың көлеңкесі де қисық;

Айсұлтан ЖАҚЫП

Пікірлер Кіру