СІЗ ҚАНДАЙ ҰСЫНЫС АЙТАСЫЗ?

09 наурыз 2022 6633 0
Оқу режимі

Мен қарапайым адаммын. Қатардағы жұмысшымын. Бірнеше жыл бұрын сатып алған көлігімнен басқа, қоржынымда сақтаулы тұрған қомақты ақшам да болған емес. Жыл сайын отбасылық дәстүріміз бойынша, еліміздегі жылы жағажайларға барып демалып қайтатын едік. Бұл дәстүріміз, сол күні. Иә. Неке куәлігіне қол қойғанымыздан бастап, осы жылға дейін жағасып келген екен. Өкінішті. Өкініштісі сол, биыл демалып қайтудың  еш бір ыңғайы келмеді.

Жарайды, биыл демалып қайтудың ешбір қисыны келмеген шығар, онда тұрған не бар екен. «Өмірде ондай-ондай бола береді ғой...» деп ойладым. Шын мәнінде солай ма? Оған себеп, бұлжымайтын  айғақ бар. Жыл бойы жинап,  депозитке салып келген ақшамызды  керек кезінде банктен ала алмай қалдық. Міне, оның да өзіндік себебі бар сияқты. Бірақ, ол себеп те бізге белгісіз. Белгілісі  сол,  депозитке салынған ақшаларды банк уақытша қатырып қойған екен.

Бәріміз іштей өкінгендей болдық. Бірақ, шара не? «Қаржы дағдарысы»,- деді әйелім іштегі күйінішін сыртқа шығарып. Дағдарыс... дағдарыс... Бұл сөзді мен бұрын да естігенмін. Бірақ, оған менің қандай қатысым бар деп ойлайтынмын. «Ол банкте қомақты қаржысы бар миллионерлер мен биржаға қатысушы ірі компаниялардың мәселесі.  Сондықтан, бұлардың дағдарысының мен сияқты қарапайым жұмысшыға қатысы не. Дағдарыс болса өздеріне, ол дағдарыс мен үшін емес. Ішіп жейтін, жүріп тұратын жағдайым бар, құдайға шүкір», - деп қолымды бір сілтейтін едім.

Ал, бүгінгі жағдай қалай болып шықты. Керісінше. Тіпті, мүмкін емес. Теледидардан айтылып келген дағдарыс маған да қатысты болғаны ма. Егер  бұл дағдарыс жердің басқа бір түкпірінде емес, менің жанымда жүрген болса, онда кез келген адамды өзіне тартып әкететін иірімнен ешкім де аман қалмайтындай, ғаламдық деңгейде болғаны ма? Ойлануға тура келеді. Бұрын дағдарыс жайында бұқаралық ақпарат құралдарынан еститін едім. Бірақ, оның шынайы келбетін басқаша елестетіп келген екенмін.

Ал, кеше әйеліме екі-үш жыл бұрын шетелге көшіп кеткен құрбысы қоңырау шалды. Білесіз бе, мен қашанда сол құрбысы қоңырау шалған сәтте әлдебір жаққа қашып кеткім келеді. Сол күні... Иә. Сол сәтте... Әйелім телефонның құлағын орнына қоя салысымен:  «Қарашы елдерге, қалай өмір сүріп жатыр. Ал біз...?» деген сипаттағы әңгімелер басталып кететін еді.

Өткен күні әйелімнің әлгі құрбысы тағы да қоңырау соғып, оларға да дағдарыстың лебі сезіліп, азық-түлік бірнеше есе қымбаттап, қалталарына күш түсіріп  жатқандығын айтыпты. Сол күні әйелім бір ауыз сөз айтпады. Үндемеді, өзін іштей күнәлі сезініп жүргендей болды. Иә. Мен де оны түсінемін. Бізге қарағанда басқа бір жерлерде де  жақсылықтың бар екеніне үмітпен қарайтын. Мен де сол күні өз-өзіме келе алмадым. Тығырық,  дағдарыс, тоқырау деген сөздерді естігеннен гөрі дүниенің бір бұрышында шуақты ғүмыр кешіп жатқан елдердің бар екеніне сену де көңілге жылу сыйлайды екен.

Енді осындай оқиғалардан кейін  ұйқымнан оянған сәтте ойлайтын болдым. Дүниеде болып жатқан осы бір өзгерістер мен қиыншылықтардан  нені түсінуге болады?  Менің  отбасым мен  мына әлемде не болып жатыр. Өмірде бірінші рет өзімді  қорғансыз, әлсіз сезіндім.  (Енді депозитке қаржымды салмаймын деп шештім) Ештеңемен, ешкіммен байланыспай арақатынасымды үзіп,  әлдебір көз көрмес елдімекенге кетіп қалғым келді. Еш нәрсені ойламауға тырыстым. Алайда, бәрі әурешілік. Олай ету, тіпті, мүмкін  емес.

Иә. Бақытыма орай, бүгін жексенбі...

Бірақ бәрімізге ортақ тиімді бір шешім болу керек қой. Басқа жол бар ма?

Бар. Дағдарыстан шығудың жолы да сол келген жолмен кері қайту арқылы шешіледі. Иә. Бір-бірімізге сенумен. Біз бірігуді үйренуіміз керек. Біз бір-бірімізге сенуіміз қажет. Онсыз өмір сүре алмаймыз. Түсінуіміз керек. Бүкіл қоғам, мемлекет, тіпті ғалам бір ағза екенін. Тұтастық қана өмір сүрудің нышаны. Дамудың, өсіп өркендеудің жолы. Басқа жол жоқ.

Өмір сынақ, дүние өткінші. Бұл мұсылман дүниетанымы. Сондықтан мұсылман баласы өмірдегі қиындықты уақытша, өткінші деп есептейді. Міне дәл осы түсінікті ақылыммен қабылдап, көңіліме бекіткен кезде ғана жүрігім тыныштық тапты. Әр мұсылман құбылмалы дүниедегі құбылыстардан құбыжық жасап, үрей тудырудың шариғатқа қайшы, танымға теріс екенін біледі. Дағдарыс – дағдарыс емес. Үрей – дағдарыс. Өйткені үрей иманның әлсіздігі, ақылдың дәрменсіздігі.

 Мұсылман болашаққа үмітпен қарайды. Келер күннің жарық боларына сенеді. Сұңғыла ой-парасат иесі Алланың елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірде: «Пенденің уайымына ортақтасса, оның уайымы азаяды, ал қуанышына ортақтасса, оның қуанышы артады», – деген. Ибраһим әлейһиссәләмді отқа өртеп жатқанда қарлығаш келіп қанатымен бір тамшы су тамызады. Сонда періште келіп сұрағанда, құс екеш құс та: «Білдіріп жатқан ниетім ғой», – дейді. Бұл құстың ізгілікке ұмтылысы.

Кез-келген тығырықтың бастауы – эгоизм десек. Одан шығудың жолын  АЛЬТРУИЗМ – дейміз. Басқа жол... Ал сіз қандай ұсыныс айтасыз?

ТӘМСІЛ

Көктемнің бас кезі еді, үйдегі шкафтардан қыста киген киімдерді алып қаптап жатқанмын. Тоғыз жасар қызым Әйгерім терезенің алдында тұрып алып, сырттағы көгере бастаған ағаштарды сөз етіп тұрған.

Бір кезде қыста киген тонының қалтасын ақтарып екі қолғап тауып алдым. Бұл екі қолғап бір-бірінен аумайтын еді.

Мен содан: «Әйгерім, мына екі қолғапты бір-біріне қаптап алсаң, жылы бола ма екен?»- дедім.

Әйгерім бұрылып менің қолымдағы қолғаптарға қарап күліп тұрып: «Шеше, ол екеуін қаптамаймын. Бірақ, ол қолғап жылы екен», - деді.

«Ендеше екі қолғапты қайтесің?» – деп сұрадым  мен одан.

Қызым бұл сұрағыма былай деп жауап қатты:

«Менімен бір партада отыратын Ербол деген сабақтасымның қолғабы жоқ. Ол қанша тоңса да, үлкен адамның қолғабын кигісі келмейді. Оның бір әдеті, сабақтастарының себепсіз берген нәрсесін алмайды. Шеше, сен алып берген мына қолғап жақсы, жылы екен. Мен осындай қолғаптың Ерболда да болғанын қаладым. Оған осындай қоғап алып берейін десем, ол әсте алмайды. Содан өз қолғабыма ұқсаған тағы бір қолғап сатып алып, «ой, мынадан екеу алып қойыппын ғой, маған оның қажеті жоқ, оны сен ала сал» десем, Ербол ол қолғапты алар еді. Егер ол осы қолғапты киіп алса, қолы әлгіндей қызарып тоңбас еді»  дегені.

Бұл сөздерді естігенде менің көкірегіме бір толқын келіп тығылды. Мен терезенің алдына барып қызымды бауырыма бастым.

Әсет БЕКТҰР

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру