СОПЫЛЫҚ ЖОЛДЫ ҰСТАНУ ШАРТ ПА?

23 мамыр 2024 1646 0
Оқу режимі

Тасаууф немесе сопылық термині тілдік тұрғыдан бірнеше мағынаны білдіреді. Солардың біріне тоқталайық.

1) «Сууф» – жүн дегенді білдіреді. Яғни Исламның алғашқы кезеңінде кейбір тақуа мұсылмандар Алланың мейіріміне бөлену үшін дүниеден алшақтап, үстеріне жүннен тоқылған киім киген.

2) «Суффа» – «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіндегі кедей мұсылмандардың тұратын орны» дегенді білдіреді, яғни сопылық жолды ұстанушы «суффа иелері» және оларға ілесушілер.

3) «Софаа» – «таза» дегенді білдіреді. Яғни күнә жасаудан бойын аулақ ұстап, рухани тазалыққа дағдыландырады.

4) «Софф» – «сапталу» дегенді білдіреді. Яғни олар ынта-ықыласымен әрі құлшылықтарымен өзгелерге қарағанда алғашқы саптан табылатын еді.

Жалпы дінімізде сопылық дегеніміз рухани ішкі жан дүниенің талаптарына жауап беретін білім ретінде қалыптасқан.

Сопылық – ежелден қазақтың діні мен дәстүрінде қастерлі саналатын діни-рухани ұғым. Ол діни термин ретінде Жаратушыны тану әрі Оған жақын болу мақсатында нәпсіні тәрбиелейтін, мінез-құлықты көркейтетін, адамның ішкі жан дүниесін рухани кемелденуге жетелейтін жол немесе методологияны білдіреді. Жалпы бұл ұғымның мағыналарын бір ауыз сөзбен түсіндіріп жеткізу мүмкін емес. Сондықтан әр заманның мұсылман ғалымдары бұл ұғымға әртүрлі түсініктеме берген.

Сопылық – Алланың рақымына жақындауды үйрететін, адамның ішкі жан-дүниесін күнәдан тазартып, барлық артықшылықты бойға сіңіруді үйрететін рухани ілім.

Исламның көптеген ғұламалары Хасан Басри, Имам Ғазали, Ибн Араби, Жалалуддин Руми, Шамсуддин Хафиз, Ганжауи, Низами, Сағди, Әбул Хасан Рудаки, Әбул Қасым Фирдауси, Әбу Әли ибн Сина, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Яссауи, т.б. сопылық бағытының белді өкілдері болған. Әсіресе, Яссауидің қызметі жалпы адамзаттық руханият әлемінде өшпес із қалдырған деп айтуға болады.

Расында, сопылық – Тәңір алдында тізе бүгіп, қатесін ұғып, тәубаға келіп, Абай атамыз айтқандай, «ынталы жүрек, шын көңілмен» егіліп, Жаратқанға жалбарынып, Құдайға құлшылық қылу. Міне, сол үшін сопылық жолды ұстану оңай емес. Сондықтан болса керек, Әбубәкір Кердері былай деді:

Сопылық деген – ауыр жол,

Ұстап жүрсе – тәуір жол.

Сопылықты іздесең,

Оқыған көп ғалым бол.

Әбубәкір Кердері осы өлеңінде сопылық жолға түсу үшін захир ілімін, Құран мен хадисті және шариғат негіздерін жетік меңгерген ғалым болу керек екенін ерекше ескертеді.

Кемел адам, Абайша айтқанда, «толық адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Ол – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан дүниесі ағарып, рухани қасиетке ие болған адам». Ұлы Абай кемел адамның сипаттары ретінде сыддық, кәрам, ғақылды көрсетеді. Мұнда сыддық – әділетпен, кәрам – шапағатпен, ғақыл ғылыммен астасып кетеді. Тіпті Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының шығармаларында да сопылық сарынмен үндестігі айқын көрінеді. Мысалы:

Өлімнің хақ екенін көрсең де,

Өлместей омыраулап шатасың.

Тозақтың барын біліп жүрсең де,

Күнәға әлің келсе батасың.

 

***

Білгенімді жазушы ем,

Бекем буып белімді.

Мінін тауып қазушы ем,

Түзетпек боп елімді.

Сопылық Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында ереже-тәсілдері бекітілген жеке ғылым ретінде қалыптаспаған болатын. Себебі бұған ол уақытта қажеттілік жоқ еді. Ислам діні келген алғашқы ғасырлардың адамдары Алла елшісінің заманына жақын болғандықтан, жүрегін бір Аллаға арнаған, дүниенің қызығына алданбаған шынайы тақуа жандар болған. Сондықтан оларға арнайы жүйеленген тәрбие ережелерінің қажеті жоқ еді. Кейіннен уақыт өте келе сопыларды Ислам дініне жаңалық (бидғат) енгізушілер және ширк жасаушылар деп санайтын топтар пайда болды. Бұл топтағылар мен сопылар арасында дау-дамай шығып, мұсылмандар арасында талас-тартыс, түсініспеушілік туындады.

Жалпы сопылық туралы айтқанда, Құран мен сүннеттің жолын ұстанатын таза сопылық және шынайы сопылықтан адасқан (сопылықтың атын жамылған) ағымдар деп екіге бөліп қарастырған жөн. Сопылықтағы дүниені тәрк ету, өмір тіршілігінен (үйлену, ұрпақ сүю, бала-шағаны бағу, өзіңе қажетті ғана дүние-мүлік жинау т.б.) мүлдем баз кешуді емес, тек жүрек тәрбиесіне қатысты дүниеқұмарлыққа салынып кетпеуді білдіреді. Ақыреттің уайымына салынып, дүниедегі тіршілігіңді, адал кәсіп атқаруды, отбасыңды асырауды, халыққа қызмет етуді және осы дүниедегі несібеңді мүлдем ұмытуға Исламда рұқсат жоқ.

Ең алғаш сопылық IХ-Х ғасырларда Таяу және Орта Шығыс Азия елдерінде, Солтүстік Африкада кеңінен таралды. Орталық Азияда сопылық тариқаттар ХII-ХVII ғасырлар аралығында пайда болған. Мәуераннаһр аймағында, Бұхара, Түркістан қалалары сопылық ілімінің түркі, парсы тілдес халықтардың арасында таралуында өте ерекше рөл атқарды.

Сопылық көне замандардан келеді. Сопылық нанымы бойынша, адамның сезімдері рухани тәрбиеге мұқтаж, сондықтан сезім мен нәпсіні жаттықтыру қажет дейді. Сопылықтың тақуалыққа, тәубеге, нәпсі тәрбиесіне шақыратынына ешбір дау жоқ. Өйткені сопылықтағы амалдардың барлығы да Исламда бар. Ислам діні бұл істерді құптап, амал етуге шақырады. Алайда сол көне замандардың өзінде сопылықтың атын жамылған адасқан ағымдар болды. Қазіргі уақытта да мұндай ағымдар кездеседі. Адасқан сопылық бағыттың өкілдерінің кейбіреуі әруақтарға сыйынса, енді біреулері сиқырлық және сәуегейлік жолға түскен. Біз, яғни Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары фиқһ (амал) ілімінде имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабында, ақида (сенім) ілімінде имам Матуриди ұстанымында, ахлақ (тариқат) ілімінде Нақшбандия жолындамыз. Бір сөзбен айтқанда, оны «әһлі сүннет уәл жамағат» деп атайды.

Қазіргі таңда көптеген адамдардың сопылық жолды ұстанып, үлкен қателіктерге жол беріп жатқаны ақида және фиқһ ілімін үйренбегендіктен туындап отыр деп білеміз. Сопылық деген атау кейіннен шыққанымен, шариғат дереккөздерінде әу бастан бар. Алайда ақиданы, шариғатты білмей тұрып сопылықты ұстану адасуға әкеліп соқтыруы мүмкін.

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ

 

 

Пікірлер Кіру