Сырыңды сақта, сырласыңды сатпа!

05 наурыз 2020 9542 0
Оқу режимі

Әнас ибн Мәлик (р.а.) айтады: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) мені бір шаруамен жұмсаған болатын. Сол себепті анамның алдына кешігіп бардым. Үйге келген кезімде анам сұрады:
- Неге кешіктің?
- Алла Елшісі (с.ғ.с.) мені бір шаруамен жұмсаған еді, - дедім.
- Қандай шаруа? - деп сұрады.
- Бұл – сыр!
- Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сырларын ешкімге айтпа! – деді»[1].

Әңгімені бастаудан бұрын бұл хадисті Имам Бұхари «Сыр сақтау» жайында келтіргенін айту лазым. Кейбір ғалымдар бұл сыр Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) отбасына тиісті екенін, әйтпесе, оны жасыру Әнасқа халал болмайтынын ескерткен. Ибн Баттал айтады: «Әһлу ілімнің пікірінше, иесіне зиян тигізетін сырды ашу мубах емес. Бірақ, адам өлген соң, тірі кезінде құпия болған жайыттардың сыр тұтылуына қажеттілік жоқ». Бірақ, ол адамның абыройына нұқсан келтірмеуі шарт.

Сыр сақтау - ар-ұятты сақтау деген сөз. Мейлі өзінікі, мейлі басқаға тән болсын, кім оны сақтаса, ар-ұятын сақтаған болып есептеледі. Ал кім оны жұртқа жарияласа өз қадір-қасиетін аяққа таптаған болып саналады. Адамның өзіне тән, отбасына тән және қоғам мен халыққа тән сыр болады. Адамның жеке басына тән сыр жария болса, адамның ар-намысы аяққа тапталады, отбасылық сыр аян болса, отбасының намысы тапталады, қоғамға тән құпияның жібі сөгілсе, ұлттық мүддеге нұқсан келеді. 

Ибн Хажар осы тұрғыда айтады: «Біреудің сырын қазасынан кейін ашу не ашпауға байланысты анық үкім жоқ. Мұндай кезде төмендегі жағдайға қарап әрекет етіледі:

Мұбах жағдайлар. Бұл мұстахаб болуы да мүмкін. Тіпті, сыр иесі қаламаса да. Егер сөз кісі тақуалығынан хабар беретін кереметтілік пен басқа да жайыттар туралы болып жатса.

Макрүһ жағдайлар. Бұл кейде харам болуы да мүмкін. Бұған ибн Батталдың жоғарыдағы пікірі негіз болады.

Уәжіп жағдайлар. Егер сөз төркіні орындалуы тиіс болған міндеттер мен борыш жайлы болса.

Сыр сақтау туралы Әнастан тағы бірнеше хадистер риуаят етілген: «Сырымды сақта, сенімді бол!». Бір мұсылман екінші мұсылманға сырын айтса, оны сақтау достық борышы болмақ.

Бір-біріне сеніп, сұхбасттасып жатқандардың ешбірі серігі қаламаған нәрсені әшкере етуі халал болмайды! Сырды сақтау достық әдептерінің бірі. Алла Тағала Құранда: «...Сертті орындаңдар! Сөзсіз (қияметте) серттің де сұрауы бар!»[2] дейді.

Біреудің саған деген сенімін аяқасты етіп, жұртқа жаю жақсы емес. Түптеп келгенде ол сыр оның абыройы болуы мүмкін. Саған айтылған сырда көкірегі байлаулы берік болмақ қажет. Саған ғана айтылған сыр саған аманат болып қалады. Ал, оны көпшілікке әшкере ету - оған қиянат жасаумен тең екені осыдан белгілі болып тұр.

Абайша айтсақ, «Сенімі жоқ серменде сырды бұзды» демекші, ауызы ашық, көкірегі бос адамның ешкімге достық етпейтіні аян. Осы ретте сырласудан бөлек, ішкі сырыңды сақтай білу де маңызды.

Сөздің соңын жаужүрек Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзімен тәмәмдағанды жөн көрдім: «Сырыңды ешкімге алдыртпа! Екі елі ауызыңа сыймаған сөз өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды» - деген екен.

Қуат ЕРҒАЛИҰЛЫ

 

 


[1] Муслим, Фазайлус-Сахаба 145.
[2] Исра сүресі, 34-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру