Табақ тарту ережелері

17 қаңтар 2019 26226 0
Оқу режимі

Қазақ қашанда ақкөңілділігімен, мәрттігімен, қонақжайлығымен қазақ. Расыменде, ертеден біздікілердің қонағы келсе асы дайын тұрады емес пе? Бүгінгі жас буын ертеңгі отбасы екені анық, осы тұрғыда әрбіріміз сыйлы кісіге тартылар табақта қандай мүшелер болу керектігін  білуіміз керек.

Ең алдымен, ет асқанда жіліктен бұзылған етті адам санына қарай мөлшерлейді. Тойға немесе қонақасыға көбінесе қой сойылады.

Қой еті жіліктеп, он үш мүшеге бөледі:

  • Екі жамбас;
  • Екі ортан жілік;
  • Екі асықты жілік;
  • Бір бел омыртқа;
  • Екі сүбе, сондай-ақ қабырға;
  • Төс;
  • Бір омыртқа;
  • Екі жауырын;
  • Екі тоқпан жілік;
  • Бір бұғана;
  • Бір мойын.

Әдетте, кәделі жіліктермен бірге сыйлы қонақтарға малдың басын, қой немесе ешкінің шекесін, қазы-қарта, жал-жаяны табаққа бірге салып береді.

Басты үйітіп, жылы суға жуып, мұқият тазарту қажет. Сонымен бірге, жағын айырып, тазалап жуады. Жылқының басын бөліп асса,  сиырдың басын көз қуысына таяу кеңсірігінен бір шауып, маңдайынан қақ жарып, үшке бөліп асады. Сондықтан, әр шекесі бір бастың орнына жүреді. Сыйлы қонаққа жылқының шекесін тартпайды, ол тек етпен бірге беріледі.

Қазақ халқында мейманға тартылатын табақтың түрі көп. Ал біз бүгін  ең негізгі түрлеріне тоқтала кетейік.

Олар: бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табағы, келін табағы, жастар табағы, жай табақ.

Бас табақ. Жасы үлкен қарттарға, аса сыйлы қонақтарға тартылады. Оған салынатын кәделі мүшелер: бас, жамбас, ортан жілік, белдеме, сүбе қабырға, қойдың ұлтабары, жылқы етінен қазы-қарта, жал-жая.

Қос табақ. Құда-құдағиларға тартылатын арнайы табақ. Оның кәделі мүшелері бас табақпен пара-пар. Оның қос табақ деп аталатын себебі, құда-құдағиға көпшілікпен бірге ұсынылған қонақасының үстіне қосымша тартылатындығы. Қостабақтың кәделі мүшесі - тоқпан жілік.

Сый табақ. Құда-жегжаттық қатынасы болмаса да, ерекше сый құрметке ие адамдарға арнайы тартылатын табақ.

Жастар табағы. Оның ең кәделі мүшелері - асықты жілік пен төс. Асықты жілік әдетте күйеудің жолдасына немесе қыздың жеңгесіне ұсынылады. Күйеуге әлбетте төс тартылады.

Жай табақ. Ортан жілік, жауырын, тоқпан жілік пен қабырға омыртқа салынады.

Бұл қазақта бұрыннан келе жатқан дәстүр. Дегенмен, әр өңірдіңсалты басқа. Табақ тарту түрлері де , тіпті, ет турау тәсілі де заман талабына қарай өзгеріп бара жатыр.  Десе де, қалай болмасын, бар қазақтың табақ тарта білгені жөн.

Пікірлер Кіру