ТӘУЕКЕЛ ТҮБІ – ЖЕЛ ҚАЙЫҚ...

16 маусым 2023 5844 0
Оқу режимі

Негізі адам баласы бір Жаратушыға иман келтіруге, сенуге, сүйенуге және тәуекел етуге мәжбүрлі жаратылған. Америкада он бес мың адамға жүргізілген зерттеу нәтижесінде Жаратушыға деген сеніммен өмір сүрген адамдардың, сенімсіз өмір сүрген адамдарға қарағанда рухани тұрғыдан дендері сау болатындығы дәлелдеген.

Ал, енді мұсылман пенде әрине, Алласына тәуекел ету арқылы жұмысына табыс, өмірінде рухани күш-қуат алатыны сөзсіз. Енгідігі кезекте осы тәуекел тақырыбына тоқталып көрелік.

Тәуекел – адамның Алла қаламаса, өзінің де, өзге жаратылыстың да қолынан ешнәрсе келмейтіндігін түсініп, Алладан үміттенуі, көмек сұрауы, ісін тапсыруы.

Қысылтаяң шақтарда Жаратқанға жалбарынып, тәуекел ету – нағыз мұсылмандықтың белгісі. «Ер жолдасы – тәуекел» деп Тәңірге шынайы тәуекел етуді тіршіліктің басты негізі етіп алған ата-бабаларымыз хақиқи иманның үлгісін көрсетті. Тіршілікте Алла Тағаланың қолдауына үміт артып, «нар тәуекел» деп білекті сыбана әрекет ету қазаққа тән қажырлылық қасиет. Содан болар ел аузында мынадай ұлағатты сөздер кең тараған.

«Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де өтесің». «Тәуекелсіз іс бітпейді, тәуекел етпеген арықтан өтпейді». Ер жолдасы – тәуекел».

Алла Тағала тәукел турасында: «Егер бекінсең, Аллаға тәуекел ет. Ақиқатында, Алла (Өзіне) тәуекел еткендерді жақсы көреді», - дейді. (Әли Имран сүресі, 159-аят).

Ал сүйікті Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен салауаты болсын!) хадисінде:

«Егер, сендер Аллаға нық тәуекел етсеңдер, онда Ол сендерге таңертең қарындары қабысып шығып, кешке қампайып қайтатын құстарды ризықтандырғанындай ризық берер еді» делінген. (Ибн Мәжә).

Тағы бір хадисте: «Кімде-кім үйінен шығарда «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш-қуат иесі жоқ» десе, оған Алла тарапынан: «Тура жолға түсірілдің, бар қажетің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың», делінеді. Әзәзіл шайтан да одан алыс жүреді» деп келтірілген. (Әбу Дәуіт)

Тәңірге тәуекел етумен бірге лайықты әрекет ету де қатар жүреді. Әйтпесе, «Алма піс, ауызға түс» деп босқа үміттеніп жата берудің еш жөні жоқ. Себебі, хадисте бір кісінің: «Уа, Алла Елшісінен, түйемді байлап, сосын Аллаға тәуекел етейін бе, жоқ, әлде бос жібере салып, тәуекел етейін бе?» - деп сұрағандығы айтылады. Сонда Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен салауаты болсын!): «Алдымен байлап қой, сосын тәуекел ет» дегендігі келтірілген. (Тирмизи).

Сондықтан да құрметті әлеумет! Алдымен әрекет етеміз, еңбектенеміз, себебін жасаймыз, кейін Аллаға тәукел етеміз. Сонда ғана Алла берекесін береді.  

Бақытжан Өткелбаев,

"Әл-Фаттах" мешітінің наиб имамы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру