ТӨЛЕ БИ

11 наурыз 2024 2433 0
Оқу режимі

Қазақ шешендік өнерінің тарихынан ерекше орын алатын би – ТӨЛЕ БИ ӘЛІБЕКҰЛЫ 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысына қарайтын Шу өзенінің бойындағы Жайсаң жайлау деген жерде дүниеге келіп, 1756 жылы дүние салған. Әз Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға қатысқан, «Билер кеңесінің» мүшесі болған. Төле биді әділдігіне, парасаттылығына қарап «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деп атаған. Төле биден қалған көптеген нақыл, өсиет, шешендік сөздер, толғаулар бар. Мысалы,

Жаңбыр жаумаса, жер – жетім,

Басшысы болмаса, ел – жетім,

Ұқпасқа айтқан сөз – жетім...

 

Атың жақсы болса – ер жігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса – жан мен тәннің шырағы.

Әйелің жақсы болса –

Бірінші – иманың,

Екінші – жиғаның,

Үшінші – ырысыңның тұрағы...

 

Бір үйдің баласы болма,

Көп үйдің санасы бол!

Бір елдің атасы болма,

Бар елдің данасы бол!

Көп тонның жағасы болма,

Көп қолдың ағасы бол!

 

Ақты ақ деп бағала,

Қараны қара деп қарала.

Өзегің талса өзен бойын жағала

Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.

 

Өзіңе-өзің кәміл бол,

Халқыңа әділ бол,

Жауыңа қатал бол,

Досыңа адал бол!

 

 

 

 

Пікірлер Кіру