ТҮЙЕ

02 мамыр 2024 2286 0
Оқу режимі

"Көрмес - түйені де көрмес". Аталарымыз осылай депті. Сонда ол көрмес кім? Кішкентай нәрсені көрмей қалғанға кешіріммен қарауға болады. Ал түйені... Түйе - үлкен өлшем. Ал оны көрмеу... Бұдан бұл көрмеу мәнінің Аллаға қатысы бар екендігін ұғамыз. Сондықтан мәселе мәнін түйсіну үшін Құранға жүгінуге тура келеді. Ал онда жер бетінде Алланың қаншама белгілері бар екендігі туралы аяттар өте көп.

Енді "түйеге" мән берейік. "Түйе" - Алланың жердегі белгілері. Ал ол белгілер өлшемі түйеге теңерілгендіктен оның өте үлкен екендігін бағамдауға болады. Алайда солай бола тұра адам баласы сол белгілерге назар аудармаған қалпы өмірден өтіп кете береді. Болмаса Құран Кәрімде жыл мезгілдерінің, күн мен түннің алмасуының және одан да өзге көптеген жайттардың Алланың белгілерінен екендігі ескертіледі. Алайда оны "түйе" деп біліп жатқан адам аз.

Мәселен көктемнің жаңбырсыз болмайтындығы белгілі. Сондай сәтте найзағай да көк әлемінде өрнек салып жатады. Біз үшін оның бәрі табиғи құбылыстар. Ал осы сала ғалымдарына... Иә. "Түйе". Сәл-пәл жаңылыстық. Дұрысы - осы жерде Алланың белгісі, яғни "түйе" бар. Бірақ өкінішке қарай, ғылымның шыңына шыққан ғалымдардың өзі оған мән бере бермейді.

Енді әлгі "түйеге" назар аударайық.

Жаңбырлы күндерде найзағай жарқылдап, күн күркіреуінің әсерінен ауадағы оттегі мен азот бірігіп, түссіз азот моноксид газына айналады. Бұл газ оттегімен қайта бірігіп, қызғылт түсті азот диоксидін құрайды. Сонымен қатар найзағай мен күн күркіреуінің салдарынан ауадағы ылғал және азоттан аммиак пайда болады. Азот диоксиді ылғалдың әсерінен азот қышқылына айналады да бұл жолы тағы ауадағы көмір қышқылы бірігіп нитрат аммония және карбонат аммония пайда болады, пайда болған бұл тұздар жаңбырмен жер бетіне жауады. Жер бетіне түскен бұл тұздар топырақтағы кальций тұздарымен бірігіп нитрат кальцияға айналады. Ол өсімдікке, одан жануарларға беріледі. Ал оны жеген адамдар мен жануарларда ол элементтер түрлі протеиндерге айналуда. Ал бұл Алланың кереметі емес пе?

Бұрын да айтқанбыз. Тағы да қайталайық. Сіз бен біз бір-бір мамандық иесіміз. Біз тілге тиек етіп отырған "түйе" біздің мамандығымызға қатысты да алдымыздан жиі-жиі кес-кестейді. Алайда біз де оны көріп жатқанымыз жоқ. Мынандай бір тәмсіл бар. Бір күні бір діндар қой бағып жүрген адамды көріп, оған ислам дінін түсіндіре кетуді ұйғарады да оған барып: "Алла бар ма?" деп сұрайды. Қойшы оған таңдана қарап: "Әрине, бар" деп жауап береді. Діндар: "Сен оның бар екенін қайдан білдің?" дейді. Қойшы: "Мына қойды мен сияқты біреу бақпаса бәрі бет-бетімен лағып кетеді. Сол сияқты мына әлем де бір Аллаға бағынбаса олар да бет-бетімен кетер еді" деп жауап береді. Қойшының жауабына таңданған діндәр одан: "Алла дегеніміздің өзі қандай?" деп сұрайды. Қойшы: "Сен мына қойлардан "сенің қойшың қандай" деп сұра, егер олар жауап берсе, мен де саған Алланың қандай екенін айтып берейін" дегенде діндәр: "Әрине, олар сен туралы ештеңе білмейді" деп сөзден тосылады. Сонда қойшы: "Егер қой қарапайым қойшының қандай екенін білмесе, адам да Алланың қандай екенін біле алмайды. Мен бұл қойлармен әрдайым біргемін. Мен оларды көремін, олар да мені көреді" деп өз жөніне кетеді.

Осы тәмсілден аңғарылғанындай, қарапайым қойшының өзіне өз кәсібінен "түйені" көру нәсіп болыпты. Ал сіз "түйені" көре алдыңыз ба?

Құдияр БІЛӘЛ

 

Пікірлер Кіру