Уайым түбі - тұңғиық

26 қазан 2020 8118 0
Оқу режимі

Мына жалған дүниеде шуақты шақтар мен мұңды күндер, қуаныш пен уайым қатар жүретіні әлмисақтан белгілі. Бақыт пен бақытсыздықты үш нәрсемен ажыратып алуға болады, ол: шуақты күндерге шүкіршілік, қиыншылыққа сабырлық және қате-күнәға истиғфар айту. Міне, бақыт өлшемі осы. Десе де, уайым-қайғы мен мұңды күйден арылудың жолын іздесеңіз шариғи тұрғыдан бірқатар кеңестерге құлақ түре отырыңыз. Олар:

Дұға жасау

Дұға қиыншылықты жеңілдетіп, мұңды сейілте түседі. Дұғаны үнемі әрі тұрақты түрде жасауды әдетке айналдырған жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Алла! Уайым мен қайғыдан, дәрменсіздік пен жалқаулықтан, сараңдық пен қорқақтықтан, қарызға бату мен адамдардың басынуынан Сенен ғана пана сұраймын[1]», - деп дұға жасайды екен. Бұл уайым-қайғыдан сақтану дұғасы. Ал, енді уайым-қайғымен бетпе-бет келгенде, жағдайды түзететін дұға бар. Сондай дұғалардың ішінде көпшілікке белгілі мына түрі бар: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уайым-қайғы еңсесін басқан адам: «Уа, Алла! Ақиқатында, мен Сенің құлыңмын, құлың мен күңіңнің (әкем де, анам да Сенің құлың) баласымын. Менің кекілім Сенің әміріңде. Сенің үкіміңе бойұсынамын. Сенің әрбір үкімің әділдік. Сен Өзің атаған әрбір Есіміңмен, пенделеріңе үйреткен Есіміңмен, Кітабыңда түсірген Есіміңмен һәм құпия боп қалған Есіміңмен жалбарынып, Құранды маған жүрегімнің шуағы, көкірегімнің нұры, қайғымды сейілтуші, уайымымды кетіруші етуіңді сұраймын», десе Алла Тағала ол адамның уайым-қайғысын кетіріп, орнына қуаныш береді, - деді...[2]»

Ықылас

Әрбір істе Алла Тағалаға ықылас ету бақыт құпиясы. Расында да, амалының барлығын Хақ Тағала разылығы мен сауабын мұрат етсе, істеген шаурасы үшін ешкімнен алғыс пен мақтау күтпейді. Сондықтан жұртқа істеген қызметі үшін бір ауыз алғыс естімеген жағдайда көңілінде зәредей де реніш болмайды.

Ой жүгірту

Расында, адам баласы Құдай Тағаланың өзіне берген ашық та жасырын, дүниелік және ақыреттік нығметтері жайлы бір сәт ой жүгіртсе, Жаратқанның берген есепсіз жақсылықтарын көріп және көптеген жамандықтан аман сақтап қалғанын да байқайды. Әрине, иләһи нығметті көре білген адам, ешбір уайым-қайғыға беріле қоймайтыны ақиқат. Құран Кәрімде: «...Алланың нығметтерін санайтын болсаңдар, оның есебіне жете алмайсыңдар. Негізінде, адам баласы тым әділетсіз, тым шүкірсіз[3]», - деп адам баласы аяқ-қолы сау, бес сезім мүшесі толыққанды, жалпы айтқанда тұла бойы тұнып тұрған иләһи нығмет.

Бүгінгі күн

Сенің өмірің қазіргі сәт, осы күнің. Кешегі күн келмеске кетті, ертеңгі күн беймәлім. Әрбір сәтіңді қадірлей біл. Ертеңгі күнді күтіп, кешегі күнді армандап қазіргі уақытыңды босқа өлтіріп алданба. Негізгі уақытың дәл осы сәт екенін ұмытпа. Сондықтан, мұратыңа жету үшін бүгін бар күш-қайратыңды жұмса.

Ербол Абдуахитұлы


[1] Бұхари
[2] Ахмад, Хаким, Ибн Хиббан
[3] Ибраһим сүресі, 34 аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру