Үлгілі әке үлгілері (Әкелерге он кеңес)

16 маусым 2021 8707 0
Оқу режимі

Сірә, баласына үлгі болуды армандамайтын әке жоқ шығар. Алайда, шынайылық жартасына соғылғанда бұл арманның быт-шыты шығып жатады кейде. Өйткені, ашу үстінде әкенің бұл арманы қолға ұстатпай бұлбұлдай ұшады. Баланың тосын әрекеттеріне төзімділік таныту, әрине, оңай шаруа емес. Алайда, мүмкін емес дүниеге де жатпайды. Үлгілі әке болғыңыз келсе, келесі он кеңеске құлақ түре жүріңіз:

1.Сөзден бұрын іс-әрекет.

Балаларымыз бізді іс жүзіндегі үлгі ететін тұлға кейпінде көргісі келеді. Оларға батырлар дастанын жырлайтын радио қабылдағыш сияқты тұлға керек емес. Бала үшін мың сөзден бір жақсы іс әлдеқайда өтімді. Сондықтан, жақсы әдеттерді бала бойына сіңіруде перзентіңізге бет айна болуға тырысыңыз. Тілі шықпаған бала, намаз оқып тұрған әкесін көріп өссе, оның намазға деген көзқарасы қандай болатынын пайымдай беріңіз.

2.Сыртыңызды емес ішкі болмысыңызды түзеңіз.

Бала болмысының қалыптасуы әке-шешесінің тек сыртқы қимыл-әрекетімен шектелмейді. Бала біз ойлағаннан да ішкі дүниемізге терең бойлап тәрбие алады. Әдетте, әке отбасында емін-еркін ешбір қысылмай шынайы болмысын көрсетеді. Балаға да сол керек. Ол әкенің әрбір сөзі мен қимылын қадағалап отырады. Тіпті, жүріс-тұрыс үлгісін де айна-қатесіз қайталайды. сөзі маңызды. Бала үшін әкенің әрекетінде елеусіз және майда зат деген нәрсе жоқ. Сондықтан баланы жаман сөзден тыймас бұрын, өзіңіз тиылыңыз. Баланы жаман әдеті үшін жазаламас бұрын, қателіктің себебін өзіңізден іздеп көріңіз. Ал, баланы жазалау ешқайда қашпайды.

3.Жұмсақтық отбасы жылуы

Әке жұмсақтығы бала-шағаның жанын рахатқа бөлейді. Бұл отбасы ішіндегі бауырлардың бір-біріне бауырмал, ал әлсіз бен дәрменсізге мейірімді болып өсуіне септігі тиеді. Баланың ынжық және тартыншақ боп өсуіне әке-шешенің әдеттен тыс қаталдығы кінәлі. Сондай-ақ, бала қатыгездікті де әкеден үйренетін ұмытпаған жөн. Кейде бала тәрбиесі осы екен деп жат адамнан артық дөрекілік көрсетеді. Бұл баланың пәк жанына жарақат салмай кетпесі анық.

4.Қаталдық та қажет

Жұмсақ болу, әрине, жақсы қасиет. Алайда, баланың жаман іс-әрекетіне көз жұма қарау да қателік. Баланың әдепсіз әрекеттен тыймау – жұмсақтық пен даналыққа жат. Сондықтан да қажет сәттерде қаталдық танытып, жанұяңыздағы тәрбиелік тыйымдардың бұзылуына жол бермеңіз. Жұмсақтықпен қатар, қаталдықтың бала мінезін қалыптастырудағы рөлі өте зор.

5.Жүйелі тәлім

Әдетте әке балаларымен қарым-қатынас құруда белгілі бір жүйе түзгенді жөн санайды. Ал, кейбір ата-аналар балаларын еріксіз бір іске мәжбүрлеп жататын жағдайлар да кездеседі. Жүйенің ынталандыру және қызықтыру негізінде болғаны дұрыс. Бастапқы білім алуда күшпен және қорқытып берудің теріс әсер етері сөзсіз.

6.Сіздің сауаттылығыңыз – баланың сауаттылығы

Әке ұдайы тәрбие мәселесінде ақпарат алып, педогог пен дін мамандарынан кеңес алып тұрғаны дұрыс. Өйткені, тәрбие бірнеше жылдық емес, үнемі керек ететін шаруа.

7.Сабырлық тәрбиемен келеді

Балаға сабырлықты үйрету – әке шеберлігінің шыңы. Баламен қарым-қатынаста үнемі ашуды тәсіл етіп қолданудан сақ болған жөн. Әсіресе, жүйкесі тез сыр беретін және ашушаң әкелерге құлаққағыс. Сонымен бірге, ашу үстінде баланы ұру дегенді мүлдем ұмытыңыз. Өйткені, бұл балаға тәрбие беруден гөрі ата-ананың өз ашуын алуға жақынырақ жайт. Баланың «қылмысы» қаншалықты болса да, ашуды басып, өз қалпыңызға келген соң, баламен отырып сөйлесу әлдеқайда нәтижелі және пайдалы.

8.Достық

Бала үлкенген сайын әке онымен оңаша қалып, достарша әңгіме-дүкен құруды үйрену ләзім. Баланың жан дүниесіне үңіліп, оны не мазалайды, не қызықтырады, соны білген жөн. Бала өз армандары мен ойларын әкесімен достарша бөлісе алуына мүмкіндік жасаңыз. Бұл қарым-қатынас көпірі перзентіңіз арманы ойыншық боп тұрған шақта құрылуы керек. Әйтпесе, перзентіңіз ер жеткен кезде әке мен баланың ортасында үлкен қабырға өсіп шығуы әбден мүмкін.

9.Әке... һәм күйеу

Жақсы әке мен жақсы күйеу арасында тығыз байланыс бар. Жақсы күйеу шаңырағына жылулық жасайтын. Ол – отбасының әрбір мүшесін назардан тыс қалтырмайтын отағасы.

10.Ғибадатшыл бол

Құлшылық жасап, қолыңды көкке жайып бала-шаға ақысына дұға жасаған кезде оларға тура жол, адал да берекетті несібе сұра. Сондай-ақ, иманды балаңның жүрегіне құй. Балаң Жаратушысын, пайғамбарын және Құранын жақсы көріп ер жетсін.

Мұхаммед Ибраһим

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру