Ұлыстың ұлы күні – Ұлы Дала халқының ұлық мейрамы!

20 наурыз 2019 12344 0
Оқу режимі

Наурыз мерекесі – Ұлы даланың ұлық мейрамы. Бұл мереке қаһарлы қыстан қысылып шыққан қалың халықты жаңа жылға, жаңа көктемге, жаңа үмітке жетелейтін мереке, көңілдерге қуаныш сыйлап, шаттыққа бөлейтін шара.

Наурыз – көшпелі халықтың қош көрген бірден-бір мерекесі. Қыс бойы қол үзісіп қалған халық бір-бірімен қайта қауышып, жүздесіп тойға айналған мереке, бұл күн – ұлыстың ұлы тойы.

Өкінішке орай, кей адамдар бұл мерекені түбегейлі жоққа шығарумен әлек, дінмен байланыстырады. Алайда, бұл мейрам діни мейрам емес, бұл– ұлттық мейрам, халықтың мейрамы. Наурызды жоққа шығарушылардың айтатын уәжі сол, фиқх кітаптарында «Науруз» мейрамы харам делінгенін, тіпті «Кімде-кім Науруз мейрамын тойласа – күпірлік жасағаны» деп басып айтқанын алға тартады. Алайда, біз қайталап айтамыз, біздің тойлайтын ұлыстың ұлы күні наурыз бен фиқх кітаптарының бетіндегі наурыз екеуі екі бөлек дүние. Себебі, ондағы наурыз – зороастризм дінінің атаулы мерекесі, тіпті ұраны болған. Ол мейрамда отқа табынушылар белгілі рәсімдерін жасап, өздерінің оттарын қасиеттеп, Аллаға ашық серік қосатын. Ал, кімде-кім Аллаға серік қосса, оның амалын ешбір мұсылман қолдамасы анық.

Ал, біздің наурызымызға келсек, бұл мейрам керісінше, адамдарды жарастырып, Аллаға шүкірлік айтатын мереке, қыс бойы алыс қалған туыстармен жүздесіп, аман-сау қауышқандары үшін Алланы ұлықтайтын мереке. Қазақ халқының қатпарлаған тарихына көз жүгіртіп, өзіміздің салт-дәстүрімізбен танысатын мереке.

Ендеше аттарының ұқсастығына ғана сүйеніп, заттары бөлек нәрселерге бір деп қарамау керек. Затының бөлек болғанындай, үкімдеріне де бөлек баға беріледі.

Сонымен қатар, мына нәрсені де атап кеткеніміз жөн: «Амалдар ниетке байланысты». Біздің мұсылман қауым наурызды тойлағанда, оны ешқашан зороастризммен байланысты көрмеген. Қазіргі таңдағы қазақ қоғамы үшін наурыз мейрамы өзінің меншікті мейрамы іспеттес. Тіпті, ислам дінімен ұштастырып алғандай. Себебі, қай мейрамды көрсеңіз де, адамдар ішімдік ішіп, басқа да исламға жат қылықтар жасаудан тартынбайды. Алайда наурыз мейрамында жағдай бөлек. Онда адамдар бір-біріне жылы сөздер айтып, ағаштар отырғызып, жаман қылықтардан тартынып жүреді, тіпті мешітте де сол күні адамдар саны әдеттегіден көп болып жатады.

Бұл сөзімізбен наурыз мейрамы Ислам дінінің төл мейрамы деп жатқанымыз жоқ, тек наурыз мейрамы Ислам дініне қайшы келмейді демекпіз. Ниетіміз бен іс-амалдарымыз шариғатқа қайшы болмай, керісінше игі істермен толасып жатса, онда ол нұр үстіне нұр болмақ.

Алла Тағала келе жатқан ұлыстың ұлы күнін оңды етсін, елімізге тиыштық пен береке берсін. Халқымыздың әр күнін қуаныш-шаттыққа бөлеп, мерекелі етсін. Ізгі амалдарымыз молайып, қос дүниеде де бақытқа кенелгендердің қатарынан болуымызды нәсіп етсін!

Наурызбай қажы Тағанұлы

ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары,
наиб мүфти, Астана қаласының және
 республикалық «Әзірет Сұлтан» Бас имамы

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру