Үмітсіздік пен күйзеліс – тығырықтан шығар жол емес

12 сәуір 2020 10111 0
Оқу режимі

Төрткүл дүние түгелдей алдында дәрменсіздік танытқан атышулы індет қазіргі таңда барша адамзат баласы үшін ауыр сынақ болып тұр. Жер бетіне жылдам таралып жатқан жұқпалы дертке орай жарияланған төтенше жағдай режимі, карантин ережелері де тұрмыс-тіршілікті тоқыратып, әлеуметтік әрі экономикалық қиындықтар қабаттаса өсіп келеді. Жан-жақтағы жаңалықтардан еститініміз де көбіне жағымсыздау мәліметтер.

Дегенмен дәл осынау дүрбелең кезең – адамзат баласының тағдыр көшіндегі тағы бір кезекті сынағы екенін естен шығармауымыз қажет. Иә, біз үшін қазіргі таңда бәрінен қымбат болып отырған «бескүндік жалған» – түгелімен бізге берілген сынақ мерзім. Күн мен түні тоқтаусыз алмасқан уақыттың әр сәтінде біз үшін түрлі сынақтар әзірленген. Қиындығы мен қуанышы, жақсылығы мен жамандығы, байлығы мен жоқшылығы қатар өрілген бұл өмірдің қай тұсында қайғыға ұшырап, қай тұсында қуанышқа бөленеріміз тек бір Аллаға мәлім. Сондықтан да бір Аллаға үміт еткен мұсылман баласы мұндай сынақ сәттерде сабырлық танытып, үмітсіздікке бой алдырмауы қажет. Ата-бабамыз қилы-қилы заманды бастан кешіп, қиындық көрсе де, небір зұлматтарға сабыр етіп, ауыртпалықтың арты жақсылық боларына үлкен үмітпен Хақ Тағалаға сыйынып, «Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең, Сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп өткен екен.

Жалпы қандай да бір қиындыққа тап болған жан сабырлық етіп, нәтижесін Жаратушыдан күтер болса, Алла тарапынан ақыретпен қатар осы дүниеде де лайықты бағасын алады екен. Бұл жайында Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сабырлық таныту – Алладан берілген сый және Алла алдында сабырлықтан артық сый жоқ», – деген екен. Себебі, қиындық-сынақты беретін де, одан сақтайтын да – бір Алла. Қасиетті Құран Кәрімде айтылғандай: «Алла бұйрығынсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды» («Тағабун» сүресі, 11-аят). Демек, барлық сынақ Алладан деген нық сенімді, қандай да бір қайғы-қасіретке тап болған адам есінен шығармауы тиіс. Сондықтан бір Аллаға ғана жалбарынып, дұға етіп, тәуекелге бел байлауымыз қажет.

Мұсылманның басына қандай да бір қиындық келетін болса, оған ол соншалықты уайымдап, сабырсыздана өмірден түңілуі негізсіз болмақ. Себебі, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер құлдың басына қасірет түсіп және ол өз-өзін сабырлыққа шақырып: «Расында, біз Алладанбыз және Оған қайтамыз. Я, Алла! Осы қасіретте маған нығмет бере гөр», – деп айтар болса, Алла ол құлын сый-сияпатына бөлейді», – деген.

Сондықтан әрдайым ұстамды болғанымыз дұрыс. Сабырлық қасиеттен ажырап, тағатсыздық танытар болсақ, бұл біздің осалдығымызды білдіртеді. Халқымыз «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді» дейді. Қандай да бір күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, керісінше Алла разылығы үшін барынша байыптылық танытса, одан асқан рухани байлық жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі болуы тек қана Ұлы Жаратушының құзырында екендігі анық.

Дүниені дүрбелеңге салған коронавирус індетінің ең бірінші кезекте ауа арқылы тарайтынын айтып, дәрігерлер қауымы қазіргі уақытта дабыл қағуда. Вирустың таралуының алдын алу үшін тазалыққа (қолды антисептикпен т.б.) мән беріп, белгілі сақтық шараларын қолданудың қажеттігін айтады. Әрине, қазіргі кезде кейбір қазекемдер айтып жүргендей, «қырық жыл қырғын болса да ажалды өлетіні» ақиқат. Алайда, сол ата-бабамыз айтқандай, «сақтансаң – сақтайды» емес пе?! Құдіретті Алла қасиетті Құранда: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер» («Бақара» сүресі, 195-аят) деп бұйырады. Демек, мұсылман баласы осындай сәттегі әрекеті – салғырттыққа да салынбай, жөнсіз үрейге де берілмей, қауіптің алдын алу амалдарын жүзеге асырып барып, аса мейірімді Жаратушыға тәуекел етуі тиіс. Жалпы тәуекел сөзі «сенім арту, істі біреуге тапсыру» деген мағыналарды білдіреді. Адам жасап жатқан істерінің нәтижесі қандай боларын білмейді. Сол себепті адамдар әрбір ісінде құдіреті күшті Алла Тағалаға тәуекел етеді. Олай болса, шынайы тәуекел Алла Тағалаға деген кәміл иманмен байланысты. Тәуекел – Ұлы Жаратушының бізге зұлымдық жасамайтынына, ғибадат пен Алла разылығы үшін жасаған игі істерімізді жоққа шығармай, жемісін беретіндігі мен басымызға келетін қиындық пен бәледен аман алып қалатынына сену. Өйткені Алла – барлығын көріп-білуші, шексіз құдірет иесі, Рахман, Рахим, Мейірімді. Сондықтан да осындай сындарлы сәтте Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне амал етіп, құлшылық-ғибадатты арттырып, дұға жасау арқылы Жаратқаннан пана сұрағанымыз абзал.

Жақында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елімізде жарияланған төтенше жағдайға орай барша мұсылман қауымын Аллаға дұға етіп, ең кемінде 100 истиғфар және ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуға шақырып, арнайы үндеу жолдағаны белгілі. «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деп атам-бабамыз айтпақшы, ел басына күн туған сынақ кезеңде Алладан медет сұрап, дұға жасағанның қайыры мол. Бас мүфти үндеуіне үн қосқан еліміздің тұрғындары игі бастаманы кең арнамен дамытып, құлшылық ордаларында арнайы салауат дұғалары оқылып бастады. Сондай-ақ, еліміздің көптеген мешіттерінде төтенше жағдай жарияланысымен үздіксіз Құран хатым басталып, әр күн сайын еліміздің амандығы сұрап, дұға жасалуда. Дәл осы сауапты іске еліміздің кез келген азаматы өз үлесін қосып, күніне истиғфар мен салауат айтып, дұға жасаса – Алла мейіріміне жақындатпаса, алыстатпасы анық.

Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер Аллаға шынайы түрде тәуекел ете алсаңдар, таңертең ұясынан аш шығып, кешке қарай тоқ оралған құстардың ризықтандырылғаны сияқты сендерге ризық берер еді» (Тирмизи, Зуһд, 33) деу арқылы мұсылмандарға Алланың ерекше құдіретін мойындап, Оған тәуекел ету керектігін үйретеді. Алайда, тәуекел қылу – барлық істі Аллаға аманат етіп, шалқадан түсіп жату емес. Керісінше, күшіміз бен қабілетіміздің жеткенінше қолымыздан келгенді істегеннен, қажетті шараларды жасағаннан кейін, осы жұмыстың нәтижесін біз үшін Алланың іске асырғанына иман ету. Жалпы, тәуекел тақырыбы Ислам дінінде айрықша мазмұнға ие. Аллаға тәуекел етуге байланысты көптеген құндылықты баяндауға болады. Соның бірі – дұға қылу. Дұға – Алла мен құл арасында тікелей және жалғасты байланыс орнату жолы.

Тәуекелмен байланысты құндылықтың бірі – сабыр. Сабырды тәуекелмен бірге қарағанда, тұрақты әрекет жасау, табанды болу, бастаған жұмысын бітіру, сезімін соңына дейін қорғау деп ойлаған жөн. Кездескен қиындықтармен күресу талабы мен әрекеті деп ойлаған абзал. Өйткені «Алла сабыр сақтағандарды жақсы көреді». Тәуекелмен байланысты құндылықтың бірі – үмітті болу. Алла үмітсіз болуды шектеген. Істер оңға баспаса да, үмітті үзбеуді және нәтижесінің жақсы болатынын үміт етуді насихаттаған.

Сондықтан осындай қысылтаяң кезде әрбір жан өзінің ғана емес, өзгенің де өмірі алдындағы жауапкершілікті сезініп, орынсыз әрекеттерге жол бермеуі тиіс. Тазалық пен сақтық шараларын қатаң ұстанудың қаншалықты маңызды екенін ұғынған жөн. Сондай-ақ, үмітімізді үрейге жеңдірместен, сабырлықпен аса мейірімді Аллаға тәуекел етіңіз! Өйткені, Құранда айтылғандай: «(Мұхаммед (ғ.с.) Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді» («Бақара» сүресі, 186-аят).

 

Ерболат ЖҮСІПОВ,
Нұр-Сұлтан қаласының және
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы

Пікірлер Кіру