ҰЯТ — ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАСИЕТ!

05 қараша 2024 684 0
Оқу режимі

Менің кітабымды оқыған кейбір әйелдер мені әйелқұмар екен деп ойлайды.

Ал менің бөтен әйелдің етегін ашып көрмегенімді, бір бөлмеде оңаша жатқан әйелдің жанына жақын бара алмайтынымды қайдан білсін? Қазақта "Шөккен түйеге міне алмайтын жаман" деген сөз тіркесі бар. Сол тіркес маған да арналып айтылған шығар деп ойлаймын.

Менің "жаман" болатын себебім не? Ол менің ҰЯТ деген сөзді өте жоғары бағалайтыным болуы керек. Мен ҰЯТ дегенді – ұлы күш деп санаймын. Адамшылдықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін.

Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. ҰЯТ - ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАСИЕТ!

Ұяттыға иман ұялайды, ұятсызды қылмыс қуалайды.

Мен:

— Өтірік айтуға ұяламын.

— Айтқан уәдемді орындамауға ұяламын.

— Орынсыз жерде артық сөз сөйлеуге ұяламын.

— Өз кітабымды және өзімді мақтауға ұяламын.

— Трамвай, троллейбуста қарттар түрегеп тұрғанда, жастардың орын бермей, шіреніп отырғандарын көргенде ұяламын.

— Кейбір қазақ жастарының асыл ана тілін ардақтамайтынына ұяламын.

— Біреудің әйеліне құмарлана қарауға ұяламын. Сол себептен де қызу науқан кездерінде, іссапарға барған аудандарымда (мен ұзақ жылдар

журналист болдым ғой) күйеулері шаруа қамымен шапқылап кетіп, үйінде оңаша қалғанымда бір де бір досымның, жолдасымның, таныс-бейтанысымның әйелінің төсегін жағалаған емеспін. Сондықтан да, кейбіреулер тәрізді қара бет болмай, жора-жолдастарымның бетіне тура қараумен болдым.

Әрине, жас жігіт пен жас әйелдің бір үйде оңаша қалып, қыбыр етпей жатуы қиын да. Əйелдер шыдайды да, бірақ еркекке қиын шаруа. Халық әндерінің бірінде мынадай екі жол бар:

"Ұзақ таңға ер жігіт қайтып шыдар,

Сары майдай толықсып қыз жатқанда"— деген. Қиын жағдай, бірақ, ұятты ұран етіп өскен жігіт мұндай қиындықтан да құтылады екен.

Мен:

— Біреудің сырын сыртқа шашуға ұяламын. Досыма да, қасыма ауыр сөз айтуға ұяламын. Үлкенге де, кішіге де (әсіресе үлкендерге) "Сен" деп сөйлеуге ұяламын. Әлдекімге жағынып, жағымпаздық жасауға ұяламын. Жұмыссыз бес минут отыруға ұяламын.

Кімге болса да қолымнан келген жақсылықты жасамауға ұяламын.

Кісі нәрсесіне қызығуға, біреуден бірнәрсені тегін алуға ұяламын.

Сөйлеп тұрған кісінің сөзін бөлуге ұяламын, оны ақырына дейін мұқият тыңдауға тырысамын. Мүмкіндік болса, өз ойымды ол кісі сөйлеп болғаннан кейін айтамын. Мүмкіндік болмаса, үн-түнсіз қала беремін. Өңештемеймін. Өкпелемеймін. Біреуден бірдеңе сұрап, қол созуға ұяламын, ешкімнен ештеңе дәметпеймін. Қоғамдық орындарда (емхана мен ауруханада, азық-түлік дүкендерінде, поштада, әртүрлі

кассалар алдында) шіретте тұрмай, "Мен ардагермін!" деп жұртты кимелеп, алға қарай ұмтылуға ұяламын.

Мен барлық жастарды ұятты болуға шақырамын!

Ұяты бар адамдарды ардақтай білуге шақырамын.

Нəпсіқұмарлыққа емес, эротикалық ұстамдылыққа шақырамын.

Ең соңында сіздерге айтарым:

— Адам рухының ұлы күші МАХАББАТ жасасын!

— Шала махаббат емес, мәңгілік махаббат болсын!

— Махаббаттың мәңгілік иесі жастар жасасын! — деймін.

 

,,Мəңгілік махаббат жыры"

Əзілхан НҰРШАЙЫҚОВ

 

Пікірлер Кіру