Жарының намысын қорғағаны үшін берілген сый

12 тамыз 2020 6061 0
Оқу режимі

Кезекті бір дәрісінде атақты тәпсірші ғалым, шейx әл- Наблуси мына әңгімені айтып берді:

«Көптеген жыл бұрын Дамаскідегі «Жамиғул уард» (Гүлзар мешіті) имамы болған ұстазымыз, атақты шейx бізге басынан өткен мына оқиғаны айтты: «Бірде түсімде Пайғамбарымызды (с.ғ.с) көрдім. Ол маған: «Пәленше деген адамға барып, менен сүйінші айт: «Ол жәннатта менің досым болады», – деді. Мен оянып алып, қайран қалып: «Менің түсім – аян түс.Пайғамбарымыз (с.ғ.с) кірген түс ақиқат. Ол кім екенін сұрап білейін», – деп шештім.

Ертеңінде жамағаттан ол кісі жайлы сұрап, кім екенін, қайда тұратынын біліп алдым. Сөйтсем, қарапайым жеміс-жидек сатушы екен.Мен бір жағынан таң қалып, қызығып, ал бір жағынан қатты өкіндім... Қаншама жыл білім алып, дінде ғалым болып, имам болсам да ол дәрежеге мен емес, қарапайым адам жетіпті?! Оның сыры не екен деп сол адамды көруге асықтым.

Ол адаммен жеке кездесіп: «Саған Алла елшісінен (с.ғ.с) сүйінші бар! Бірақ сол сүйіншіні алатындай, жасаған амалыңды, сырыңды маған айтпайынша, сүйіншіні айтпаймын», – дедім.Ол маған: «Сіз де ондай болса, бұл сырымды ешкімге айтпаңыз, мен екенімді ешкімге білдірмеңіз», – деп, менен уәде алды.

Содан соң мына оқиғасын айтып берді:

«Бір-екі жыл бұрын үйленген едім. Әйелім үйленген соң, бес айдан кейін босанатын болып қалды. Яғни, бала менен емес. Мен оны талақ етуге де, абыройсыз етуге де ақым бар еді. Өйткені, әділдік мен жақта болатын. Содан кейін бұл жағдайды екеуіміз жасырдық та, әйелім ешкімге көрсетпей босанды.

Жаңа туған сәбиді құндақтап орап, таң намазына мешітке барғанда, көрсетпей ала барып, мешіттің босағасына қойып қойдым. Имам намаз оқып бітерде, сәби қатты жылады. Жамағат намаздан соң сәбиді қаумалап тұрғанын күттім. Олар: «Бұл бала кімдікі? Кім тастап кетті? Тастанды бала», – деп шулап жатыр. Сол кезде мен барып: «Бұл баланы Алла ризалығы үшін мен асырап алайын. Алла берген екен», – дедім.Жамағат ризашылығын білдіріп жатты.

Осылайша мен біріншіден, сот та, мемлекет те мен жақта тұрса да, әйелімнің абыройын қорғадым. Екіншіден, сауаптан үміт етіп, жетім баланы асырап алған едім. Сол менің сырым», – деді.

Мен оған «Расулалла (с.ғ.с) сені жәннаттағы менің досым болады» деп сүйіншілегенін жеткіздім».

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуға бұйырады...», – деп баяндайды. Бұл жерде сол адам «әділетті» орындаса, әйелін талақ етер еді. Бірақ ол «игілікті» орындады.Әйелін кешіріп, баланы асырап алды. Яғни, игілік, жақсылық әділеттен үстем болуымен ғана осы қоғам бұзылмай тұрады»,-деді.

Қуат Қабдолда

Пікірлер Кіру