Жетімнің ақысы

18 мамыр 2024 1922 0
Оқу режимі

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

 

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Асыл дініміз Ислам мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, қамқорлық танытуға бұйырады. Мұқтаж деп танылатын адамдардың қатарында ең әуелгісі –жетімдер. Дінімізде жетім деп анасы мен әкесі бірдей жоқ болған баланы айтумен қатар, анасы бар бола тұрып, әкесі жоқ болса да жетім деп танылады. Ал жетімге қамқорлық деп жетім қалған кішкене баланың қажетінде болуды, қамқорлық етіп, оны тәрбиелеуді, ер бала болса, ер жеткенге дейін, қыз бала болса, бой жетіп, тұрмыс құрғанына дейін оған жақсылық жасауды айтамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 2-аятында:

وَآَتُوا الْيَتَامَى أَمْوَالَهُمْ وَلاَ تَتَبَدَّلُوا الْخَبِيثَ بِالطَّيِّبِ وَلاَ تَأْكُلُوا أَمْوَالَهُمْ إِلَى أَمْوَالِكُمْ إِنَّهُ كَانَ حُوبًا كَبِيرًا

«Жетімдердің мал-мүліктерін беріңдер, жаманды жақсымен алмастырмаңдар. Олардың мал-мүліктерін өз мал-мүліктеріңе қосып жемеңдер. Өйткені ол – үлкен күнә», – деп, жетімдерге қамқор болуды бұйырып, олардың ақысын жеуден сақтандырып, ескерткен.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында мұсылмандар Хабашстанға қоныс аударып барған уақытта, Жағфар ибн Әбу Талиб есімді сахаба Хабашстан патшасы Ән-Нажашиге былай деп айтқан: «Алла Тағала бізге өз арамыздан Пайғамбар жіберді. Оның шыққан тегін, шыншыл екендігін, аманатқа қиянат жасамайтындығын, арының таза екендігін жақсы білеміз. Ол бізді Алла Тағаланы жалғыз деп білуге, Оған ғана құлшылық жасауға шақырды. Біз және біздің бұрынғы бабаларымыз құлшылық жасаған тастар мен пұттарға сыйынбауымызды бұйырды. Сонымен қатар, бізді сөзде шыншыл болуға, аманатты орындауды, туыстық қатынасты сақтауды, көршіге жақсылық жасауға бұйырып, харам істерден, қан төгуден, арсыздықтан, өтірік ант беруден, жетімнің ақысын жеуден, ары таза әйелдерге күнә тағудан тыйды» (имам Ахмад).

Дін мен дәстүрін ұштастыра білген ата-бабаларымыз «Жетім көрсең, жебей жүр, жесір көрсең, демей жүр», «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деп жетімі мен жесірін еш уақыт жылатпай, халық болып қамқорлық еткен.

Жетімге қамқорлық танытумен қатар әрбір мұсылман жетім баланың алдындағы ақыларын біліп, олардың ақысына кіруден сақтануы қажет.

 

Жетімнің ақылары

Бірінші: мал-дүниесіне қол сұқпау

Жетім балаға тиесілі мүлікті әлсіздігін пайдаланып тартып алу, мал-дүниесіне қол сұғу – үлкен күнә. Халқымызда «Жетімнің босағасы алтыннан болса да дүниесі арам» деген сөз бар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 10-аятында:

إِنَّ الَّذِينَ يَأْكُلُونَ أَمْوَالَ الْيَتَامَى ظُلْمًا إِنَّمَا يَأْكُلُونَ فِي بُطُونِهِمْ نَارًا وَسَيَصْلَوْنَ سَعِيرًا

«Жетімдердің мал-дүниелерін зұлымдықпен жегендер, шын мәнінде іштеріне от жұтып алған болады. Олар сөзсіз тозаққа тасталады», – деп ескерткен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімнің ақысын жеуді жеті үлкен күнәнің біріне жатқызып, былай деген:

اجْتَنِبُوا السَّبْعَ الْمُوبِقَاتِ ، قَالُوا : يَا رَسُولَ اللَّهِ وَمَا هُنَّ؟ قَالَ: الشِّرْكُ بِاَللَّهِ ، وَالسِّحْرُ ، وَقَتْلُ النَّفْسِ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إلا بِالْحَقِّ ، وَأَكْلُ الرِّبَا ، وَأَكْلُ مَالِ الْيَتِيمِ ، وَالتَّوَلِّي يَوْمَ الزَّحْفِ ، وَقَذْفُ الْمُحْصَنَاتِ الْمُؤْمِنَاتِ الْغَافِلاتِ

«Жеті апатты күнәлардан сақтаныңдар», – деді. Адамдар: «Уа, Алланың Елшісі, бұл қандай күнәлар?» – деп сұрады. Ол: «Алла Тағалаға ортақ қосу, сиқыр, Алла өлтіруге тыйым салған жанды өлтіру, өсімқорлық, жетімнің дүниесін жеу, жаудан қашу, иманды әрі таза арсыз істі (жасамақ тұрмақ) ойларына да алмайтын әйелдерді арсыздыққа барды деп айыптау», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

 

Екінші: жетімдерге құрмет көрсетіп, қамқор болу 

Тағдыр тауқыметін көріп жүрген жетімдерді адам баласы барынша құрметтеп, қамқор болып, оларды мүсіркеуден, төмен көруден сақтану қажет. Қолдан келгенше көмек көрсетіп, садақа беруге тырысу керек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 36-аятында:

وَاعْبُدُوا اللهَ وَلاَ تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ

«Аллаға құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар», – деп айтқан.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ұхұдтан оралып келе жатқан кезінде алдынан Бәшир деген бала шығып: «Әкем қайда?» – дейді. Ардақты Пайғамбарымыз: «Әкең дүниеден озды. Алла оны рақымына алсын», – деп көңіл айтады. Сол арада баланың көз жасы көл болып жылай бастайды. Алла Елшісі тоқтап: «Жылама!» – деп, оның көңілін жұбатып: «Мен сенің әкең, ал Айша анаң болуын қалайсың ба?» – деп сұраған еді. Бала: «Иә, қалаймын», – деді. Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолымен Бәширдің шашын сипап, құшақтап, бауырына басып, оған жалғыздығы мен жетім қалғанын ұмыттырған еді.

 

Үшінші: қорған болу

Қасиетті Құранның «Кәһф» сүресінде екі жетім балаға Қыдыр мен Мұса пайғамбардың қорған болғаны жайында баяндалған. Қыдыр мен Мұса пайғамбар бір елді мекенге келгендерінде, құлағалы тұрған дуалды (қабырғаны) көреді. Алла Тағаланың берген білімімен Қыдыр ол дуалды түзетіп, оның бұлай жасауының себебін сұраған Мұса пайғамбарға бұның жайын былай деп түсіндіреді:

وَأَمَّا الْجِدَارُ فَكَانَ لِغُلامَيْنِ يَتِيمَيْنِ فِي الْمَدِينَةِ وَكَانَ تَحْتَهُ كَنزٌ لَّهُمَا وَكَانَ أَبُوهُمَا صَالِحًا فَأَرَادَ رَبُّكَ أَنْ يَبْلُغَا أَشُدَّهُمَا وَيَسْتَخْرِجَا كَنزَهُمَا رَحْمَةً مِّن رَّبِّكَ وَمَا فَعَلْتُهُ عَنْ أَمْرِي ذَلِكَ تَأْوِيلُ مَا لَمْ تَسْطِع عَّلَيْهِ صَبْرًا

«Ал, дуал болса, сол қаладағы екі жетім баланікі еді. Оның астында ол екеуіне тиісті қазына бар. Олардың әкесі ізгі кісі болғандықтан, Раббың ол екеуінің ержетіп, Раббыңның мейірімімен қазыналарын шығарып алуын қалады. Мен мұны өз шешіміммен істеген жоқпын. Міне, осы, сенің сабыр ете алмаған істердің мән-жайы» («Кәһф» сүресі, 82-аят).

Мұсылман адам жетімге қорған, пана болып, қолынан келгенше жәрдемдесуі керек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Дұха» сүресі, 9-шы аятында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

فَأَمَّا الْيَتِيمَ فَلَا تَقْهَرْ

«Ендеше жетімді қорлама!» – деп айтқан.

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жетімге зәредей де қиянат жасамасы белгілі. Аманатқа ең берік болған ардақты Пайғамбарымыздың өзіне жетімнің ақысына қатысты осылай делінсе, біздер жетімнің ақысына кіруден қаншалықты дәрежеде сақтануымыз керектігін ойланған дұрыс.

 

Төртінші: мейірімділік таныту

Жетімге мейіріммен қарай білу адамның адамгершілігін көрсетіп қана қоймай, ішкі рухани кемелдігінің де дәлелі болмақ. Алла Тағала жетімге мейірленіп, тіпті оның басынан сипағына үшін де құлына мейірімін төгіп, шексіз сауапқа кенелтеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

منْ مَسَحَ عَلَى رَأْسِ يَتِيمٍ لَمْ يَمْسَحْهُ إِلَّا لِلَّهِ كَانَ لَهُ فِي كُلِّ شَعْرَةٍ مَرَّتْ عَلَيْهَا يَدُهُ حَسَنَاتٌ

«Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиген әр шашы сайын жақсылық болады», – деген (имам Ахмад).

 

Жетімге қамқорлық танытудың артықшылығы

Жетімдерге лайықты түрде қамқорлық жасап, тиісті дәрежеде ақыларын беру үшін әрбір адам жетімге қамқорлық жасаудың мынадай артықшылықтары жөнінде білгені дұрыс. Олар:

 

Бірінші: жетімге қамқорлық ету үлкен сауапқа кенелтеді

Балдай тәтті балалық шағында батпандай мұңды арқалап, ата-анасынан айырылып, жанары жаутаңдаған жетім балаға қамқор болу – үлкен сауапты іс. Сәһл ибн Сағид (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَنَا وَكَافِلُ الْيَتِيمِ فِي الْجَنَّةِ هَكَذَا » وَأَشَارَ بِالسَّبَّابَةِ وَالْوُسْطَى وَفَرَّجَ بَيْنَهُمَا

«Мен жәннатта жетімді асырағанмен былайша бірге боламын», – деп, сұқ саусағы мен одан кейінгі саусағының арасын ашып көрсеткен хадисті жеткізген (имам Бұхари).

Әнас ибн Маликтен (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта: «Үш топ адам қиямет күні Аршының көлеңкесінде болады: Ағайын-туысқандарымен қарым-қатынаста болғанның, оның өмірі ұзақ және ризығы берекелі болады. Бір әйел ері дүниеден өтіп, балаларымен жесір қалып, оларды Алла мұқтажсыз еткенге дейін тәрбиелесе және бір адам тамақ дайындап, жетім-міскіндерге жегізсе», – делінген.

 

Екінші: жетімге қамқорлық ету жүректі жұмсартады

Адам баласының денесіндегі ең маңызды ағзасы жүрек дейтін болсақ, сол жүрегіміздің қаттылықтан арылып, мейірімділікке толып, жұмсарып, ізгілік атаулыға тұрақтауына себепші болатын амалдар бар. Соның бірі жетім балаға мейірлене қарау, оның басынан сипау, қамқорлық ету. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мағун» сүресі, 2-5 аяттарында:

فَذَلِكَ الَّذِي يَدُعُّ الْيَتِيمَ. وَلا يَحُضُّ عَلَى طَعَامِ الْمِسْكِينِ. فَوَيْلٌ لِلْمُصَلِّينَ. الَّذِينَ هُمْ عَنْ صَلاتِهِمْ سَاهُونَ

«Ол жетімді кеудесінен итереді. Міскіндерді тойдырмайды, өзгені де ол іске әсте құлшындырмайды. (Ықылассыз) намаз оқитындарға нендей өкініш. Олар намаздарына салғырттық танытады», – деп айтқан.

Бұл аяттарда жетім мен міскіндер турасында айтылғаннан кейін бірден намаз мәселесі жөнінде баяндалған. Себебі намазда ең маңызды іс. Намазды шынайы ықыласпен оқып, жүрегімізбен Жаратушымыздың алдына тұрғандығымызды сезініп оқу. Ал жетім мен міскінге жәрдем ету адам жүрегіне жұмсақтық әкеліп, оның дұрыс (сәлим) болуына әсер ететіндіктен, аятта оларға жәрдемдесу мәселесінен кейін бірден намаз жайында айтылған.

Бірде бір кісі ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, жүрегінің қатайып бара жатқандығын айтады. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған:

أَتُحِبُّ أَنْ يَلِينَ قَلْبُكَ وَ تُدْرِكَ حَاجَتَكَ؟ اِرْحَمْ الْيَتِيمَ وَامْسَحْ رَأسَهُ وَأَطْعِمْهُ مِنْ طَعَامِكَ يَلِنْ قَلْبَكَ وَ تْدْرِكَ حَاجَتَكَ

«Жүрегіңнің жұмсаруын, сөйтіп арманыңа жетуіңді қалайсың ба? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамағыңнан бөліп бер.  Сонда жүрегің жұмсарады әрі арманыңа жетесің», – дейді (имам Ахмад).

 

Үшінші: жетімге қамқорлық ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген құрметтің белгісі

«Сәйиду әл-әйтам» яғни «Жетімдердің мырзасы» деп аталған ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жастайынан жетімдіктің дәмін татты. Әкесі Абдулла Алла Елшісі дүниеге келмей тұрып көз жұмған болса, анасы Әминадан алты жасында айырылған болатын. Алла Елшісінің бұлайша бала күнінен жетім қалуының өзіндік хикметтері бар.  Ол хикметтердің ең маңыздылары мыналар:

  1. Пайғамбарға міндеттелген дін мағлұматтарын әкесінен немесе атасынан алған деген әңгімелерге жол берілмеуі;
  2. Жаратушы Жаппар иеміз Пайғамбарымызды осылайша кішкентай күнінен Өзінің қамқорлығына алып, рухани тәрбиемен тәрбиеледі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Дұха» сүресі, 6-аятында:

أَلَمْ يَجِدْكَ يَتِيمًا فَآوَى

«Сені жетім түрде тауып, пана болмады ма?» – деп айтқан. Осы себепті де жетімге құрмет көрсетуді ғалымдарымыз Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббаттың көрінісі екендігін айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де жетімдерге қамқорлық жасап, өзгелерді де осы сауапты іске шақырған.

Мысалы, арабтарда айт күндері әкелері балаларын түйелерге мінгізіп, ойнататын үрдіс бар еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айт күні мешіттен шыққанда бір қайғырып, жылап отырған баланы көзі шалады. Ардақты Пайғамбарымыз оның қасына келіп, жылауының себебін сұрағанда, бала: «Әкем тірі болғанда, мені басқа балалардың әкелері сияқты ойнататын еді», – дейді. Жетім баланың бұл сөзінен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көңілі қатты елжіреп: «Егер мен сенің әкең, ал Айша анаң болса, разы боласың ба?» – дейді. Сонда бала: «Сіздің түйеңіз жоқ қой, мені неге мінгізесіз?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы кезде жетім баланы арқасына мінгізіп, баланың көңілін аулап, түйенің дауысындай етіп дауыс шығарып, оны армансыз ойнатқан екен.

 

Төртінші: жетімге жақсылық жасау – береке

Жетім баланы өз панасына алып, оларға өз баласындай қамқорлық жасап, мейірім танытқан шаңыраққа береке мен ырыс кірері сөзсіз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 220-аятында:

وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْيَتَامَى قُلْ إِصْلاَحٌ لَّهُمْ خَيْرٌ وَإِنْ تُخَالِطُوهُمْ فَإِخْوَانُكُمْ

«Олар сенен жетімдер жайлы сұрайды. (Сұраушыларға) былай де: «Оларға қарайласу қайырлы іс. Оларды бауырларыңа басып, етене араласатын болсаңдар, әлбетте олар сендердің (діндес) бауырларың», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خَيْرُ بَيْتٍ فِي الْمُسْلِمِينَ بَيْتٌ فِيهِ يَتِيمٌ يُحْسَنُ إِلَيْهِ وَ شَرُّ بَيْتٍ فِي الْمُسْلِمِينَ بَيْتٌ فِيهِ يَتِيمٌ يُسَاءُ إِلَيْهِ

«Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй – оның ішінде жетім болып, оған жақсылық етілген үй және мұсылмандардың арасында ең жаман үй – ішінде жетімге жамандық етілген үй», – деген (имам ибн Мәжә).

Жетімге қамқорлық еткен үйге береке кіреді. Оған ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бала күнінде емізген сүт анасы Халима анамызды және оның үйіндегі берекені мысал етсек болады. Тарихшы ғалымдар Халима анамыз мекендеген Бәни Саадтың ауылында сол жылы құрғақшылық болып, көк шықпай, малдар сүтсіз қалғандығын баяндайды. Халима анамыздың үйіне сәби барғаннан бастап, олардың дастарқаны нанға, өрісі малға толып, үйдің айналасы көктеп, қойлары шөпті тоя жеп, жайылымнан желіндері жер сызып қайтатын болған.

 

Қадірменді жамағат!

Мұсылмандық қасиеттерді бойына сіңіре білген халқымыз «Қызғыш құсқа көл пана, жетім қызға ел пана» деп, жетімдерді мойындарына аманат деп біліп, жұрт болып оған қамқор көңілмен қараған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннаттың есіктерін ең алғашқы ашатын мен ғанамын, дегенмен, менен озуға тырысқан бір әйелді көремін, оған: «Саған не болды? Сен кімсің?» – деймін. Сонда ол: «Мен жетімдердің басында отырып, тәрбиелеген әйелмін», – дейді» (имам Әбу Яғлә).

Алла Тағаланың ризалығына лайық болуды қаласақ, жетімдерді қорғап, оларға қолдан келгенше, ие болып, оларды ауыр тұрмыс соққысынан, қиын жағдайдан құтқаруға тырысуымыз қажет.

Алла Тағала біздерді шынайы ықыласымен жетім-жесірлерге қамқорлық етіп, өз ризалығына бөленген, екі дүние мұратына жеткен бақытты құлдарынан еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі

Пікірлер Кіру