ЖІГІТТІҢ ЖАҚСЫСЫ – НАҒАШЫДАН

08 сәуір 2024 1995 0
Оқу режимі

Осы сөзді естімеген қазақ кемде-кем. Кейде бұны «қымыздың жақсысы – сабасынан, киіз үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» деп толығымен айтып та жатады. Осынау үш ауыз сөздің ұрпақтан-ұрпаққа жойылып кетпей жетуі – қоғамның құптауын білдірсе, екінші жағынан өмірлік ақиқат екендігінен болса керек.

Олай дейтініміз, бұл жерде жігіттің бар жақсы қасиетін нағашы жұртына телуі емес, керісінше ер баланың нағашы жұртынан да алары бар екеніне назар аударту арқылы жар таңдауда қандай қасиеттерге мән беруге нұсқау бар.

Бала тәрбиесінде ананың орны қаншалықты маңызды екені бесенеден белгілі. Ал болашақ ананың жақсы болуы – отбасына байланысты. Бұған қатысты бабаларымыз өмірлік тәжірибесімен «анасына қарап, қызын ал» деп бөліскен. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иісі мұсылманға мәшһүр хадисінде «Әйелді – байлығына, шыққан тегіне, көркіне және діндарлығына қарап алады. Олай болса, осылардың ішіндегі діндар әйелді таңдағын, әйтпесе қапыда қаласың» дейді.  

Ал діндар болуы дегеніміздің өзін кең мағынада алар болсақ, діннің рухын бойға сіңіруді қажет етеді. Яғни, күнделікті бес уақыт намаз бен жылына бір мәрте келетін ораза, зекетті атқару ғана емес, адалдық, әділдік, шыншылдық, мейірімділік, қамқорлық, үлкенге құрмет пен кішіге ізет сынды асыл қасиеттердің бәрін де қамтиды және талап етеді. Дін күтіну, дін бағу дегеніміз де қазақ пайымында құлшылықты ғана емес, құлшылықтан туатын асыл қасиеттерді де қамтиды. Ал енді хадистегі «шыққан тегіне» дегенде әулетіне қарама деген емес, әулетінің абыройына бола алма, қапыда қаласың деген мағынада.

Осылай бола тұра, кейде баланың өзіне ұнамайтын қылығын көріп қалса ересектер «нағашыларына тартып кетіпті» деп жататыныны да бар. Бұның өзі ешбір ғылыми ақиқаты аз, бар болғаны пендешілік ой ғана. Олай дейтініміз жақсы қасиеттің бәрі өз жұртынан, жаман қасиеттің бәрі нағашы жұрттан келеді дейтін заңдылық жоқ. Сондықтан ұрпағамыздың болашағы жарқын, әкесі жағынан да, анасы жағынан да асыл қасиеттерді бойына дарытқанын сезінген тұлға болып қалыптасқанын қаласақ, баланың санасына да кері әсерін тигізетін  жаңағыдай сөздерді қолданыстан алып тастаған жөн.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нағашысымен мақтанған. Көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген сахабалардың бірі Сағд ибн Әбу Уаққасқа (Алла ол кісіге разы болсын) қатысты «Міне, менің нағашы ағам – Сағд. Осындай нағашыға ие кім бар екен?» деген. Адамзаттың ардақтысы адамзатқа ортақ, оларға екі дүниенің бақытын ұсынатын жолды алып келді. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нағашысын мақтан тұтып тұрса, нағашы жұртты құрметтеу, нағашымен мақтану айып емес. Кейде ер бала өз әулетінің тегін тарататын тұлға ретінде қабылданғандықтан, нағашы жұртына жиі баруы, оларды жиі айтуы да дұрыс көзқарас таппай жатады. Біз қазақ халқы баяғыдан-ақ туысымыздың көптігімен, соларға арқа сүйеумен өзімізді бақытты сезінетін халықпыз. Сондықтан жігіттің үш жұртының ішіндегі нағашы жұртымен де араласуына дәнекер болатын сөздер мен әдеттерді көбейткеніміз әлдеқайда жақсы.

Жігіт – нағашы жұртына жиен болады. Бұл жағынан да «жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деп қағытып қояды. Оған қарсы «жиен ел болады – малы болса, желке ас болады – майы болса» деп жатады. Бұның өзі қатып қалған ұстаным емес. Қоғам арасындағы әзіл-қалжың, сөз қағыстыру десек те болар. Алайда оның бірлікке сызат түсірмеуін ескерген жөн. Ата-бабаларымыз жиеннің бар еркелігін көтеріп, оған бала кездің өзінде алысып-жұлысып ойнап жүргенде қол жұмсауға тыйым салып, жиенді ұрған адамның жақсы болмайтынын айтып отырған.  

Демек «жігіттің жақсысы – нағашыдан» сөзін – жігіттің үш жұртын бір-бірімен жарыстырып, бірінен-бірі артық қоюдың дәнекері етпей, керісінше, ажырасу көбейген, отбасылық кикілжің жиілеген алмағайып заманда жар таңдауда анасы мен оның әулетіне мән беруге шақыратын, екі жаққа да берекелі отбасының кепілі болатын кеңес ретінде қабылдау қажет. Сан ғасырлық, өмірлік тәжірибеден туған аталы сөздерді туған-туыстың арасына сына қағып, салқынын тигізетіндей мағынада емес, өскелең ұрпақтың толық адам болып жетілуіне септігі тиетіндей пайдалы қырынан қарастыру жақсы болары сөзсіз.

  

Бақытжан ЖАҢБЫРБАЙҰЛЫ

 

 

Пікірлер Кіру