Жыныстық тәрбие қажет пе?

31 қаңтар 2020 13492 0
Оқу режимі

Жас жұбайлар отбасында дүниеге бала келгенде өмірдің жаңа белесі басталады. Баланы емізу, бесікке бөлеу, бесік жырын айту сияқты қызығы мен шыжығы мол ата-ана міндеті ішінде жөргек ауыстыру да бар. Осы жөргек ауыстырудан балаға жыныстық тәрбие беру басталады. Әдетте, ата-ананың жыныстық тәрбие төңіретінде әңгіме қозғамауға тырысады. Оған түрлі себептер мен сылтаулар кедергі болып тұрады, олар:

1. «Бұл жөнсіз және маңызды емес тақырып. Менің әкем де маған үйретпеген. Өскенде бала өзі-ақ біліп алады. Бұл жайлы мектепте арнайы сабақ болады» деген сылтау сөздер;

2. Тақырыпты жетік білмеу, дұрыс ақпараттың жоқтығы, қажетті терминдерді білмеу;

4. Әке мен бала байланысының әлсіздігі, тосын және жайсыз сауалдардан қауіптену.

Әрине, дін тұрғысынан ата-ана жыныстық тәрбиеге бейжай қарауына болмайды. Қала берсе, ата-ана баланың жыныстық тәрбиесін қалыптастыруға міндетті. Бұл тәрбие түрін шартты түрде төмендегідей шарттарға бөлген жөн:

Екі жасқа дейінгі жыныстық тәрбие

1. Баланың жынысына қарай мәміле жасау;

2. Сүндетке отырғызу (Шариғатымызда бұны ертерек жасауды ұйғарылған. Алайда, бала денсаулығына да мән берген абзал. Бірақ, жеті жасқа дейін жасап үлгерген дұрыс);

3. Ерлі-зайыптылардың оңашаланған кезінде баланың бөлмеде болмауы;

4. Бала киімін ауыстырған кезде, жыныс мүшесін бүркеп тұру. Әсіресе, қыз баласы болса. Бала қолы жыныс мүшесіне тимеу үшін ойыншық беріп қою;

5.Жыныс мүшелерін атын үйрету.

3 пен 6 жас аралығында

1. Балаға «Сенің жыныс мүшеңе ешкімнің қолы тимеу керек. Үлкен аға-әпкелер бетіңді, қолыңды сүйсе, құшақтаса болады. Бірақ, мүшеңе қол тигізуіне, олардың қарауына болмайды» деп әдеттендіру;

2. «Жыныс мүшеңе ешкімнің көзі түспесін. Шалбарсыз жүрме. Етегіңді көтерме» деп тәрбиелеу;

3. Дәреттен соң жыныс мүшесін тазалауды үйрету. Жүре келе баланың өзі тазалай алатындай етіп дағдыландыру;

4. Кішкентай ағалы-қарындастарға «Сен ағаңа ұқсамайсың, сенің шашын ұзын, ағаң шалбар киеді. Ал, сен қызсың, сен шаш өресің, ұзын көйлек киесің, қыз әдептірек болуы қажет» деп бала бойына бастапқы ер мен қыздың қарым-қатынасын сіңіріп, сонымен бірге айырмашылығын ажыратуды үйрету;

5. Балаңыздың: «Бөбек анамның ішіне қалай кірді?» деген сауалына: «Алла Тағала анаңның ішінде бөбек жаратты» деген тәрізді жауап берген дұрыс;

6. Балаңыздың «Бөбек анамның ішіне қалай шықты?» деген сауалына: «Анаң перзентханаға барады. Онда дәрігер апай бөбекке шығуға көмек береді» деген тәрізді жауап берген дұрыс;

7. Қыз баласы: «Мен неге бөбек тумаймын» деген сұрағына анасының «Бірінші бойжеткен қыз болуың керек, сосын тұрмысқа шығасың, сол кезде сенің бөбегің болады» деген сияқты қарапайым түсіндірме жауап қайтарғаны дұрыс;

8. Ұл бала қызды құшақтауына және ернінен сүюіне болмайды деп үйрету;

9. Осы тақырыпқа қатысты бетпе-бет келген жайттарда және тосыннан болған сауалдарға ата-ана асықпай бала тілінде түсіндіру қажет. Сұрағын кейінге қалдырып, «қазанды жауып қою» баланы қанағаттандырмайды. Ол жауапты өз бетінше іздей бастайды. Бұған жол бермеу керек.

7 мен 10 жас аралығында

1. Дәреттен кейінгі тазалыққа жіті мән беруді үйрету. Балаға нәжістің не екенін, одан сақтану жолдарын көрсету. Баланың тазалығын қадағалап жүру;

2. Бала бойынша ұятты қалыптастыру. Жыныс мүшесіне ретсіз қол тигізуге, ойнауға болмайтынын айту;

3. Бала гардеробында кіндігі мен тізесі аралығын жабатын киімдер болуы. Қыз баласының да көйлегі тізесінен төмендеу болғаны жөн;

4. Қызға «Өскен кезіңде сенің ішіңде кішкентай түйіршіктер (жұмыртқа) пайда болады, сол жұмыртқа жарылса, қан шығады. Одан қорықпа. Әр айда жаңа жұмыртқа пайда болады. Тұрмысқа шыққаныңда сол жұмыртқадан бөбек шығады» деген тәрізді сөздермен әр айда келетін етеккірді жайын ескертіп, шошынып қалудың алдын алу;

5. Қызға «бойжеткен кезіңде екі періште сенің барлық сөзіңді және іс-әрекетіңді жазып жүреді. Сондықтан тек жақсы сөз айт және жақсы іс жаса» деп үйрету.

6. Ұл балаға «ер жеткеніңде сенің бойыңнан ақ су шығады. Бұл – сенің ер жігіт болғаныңды белгісі. Осы шақтан екі періште жақсы және жаман сөзің мен ісіңді жазып жүреді. Сондықтан тек жақсы сөйле және жақсы іс жаса» деп үйрету.

7. Балиғат жас. Бұл жаста қыз баланың дене бітімінде өзгерістер байқалады. Ұл мен қызда қолтық және кіндік асты түгі өсе бастайды. Осы түктерді қырып тұруға, қан немесе ақ су келгенде жуынуды, ғұсыл құйынуды үйрету;

8. Балалардың балиғатқа жету жасы түрліше болып келеді. Әдетте, қыз ерте дамиды. Осы шақта балаға ұл мен қыздың ара-қатынасы жайлы жаңа мәліметтер беру;+

9. Төсек орындарын бөлек салу, ұйқы киімімен жатуға дағдыландыру, тек іш киіммен жатқызбау;

10. Үлкен болғанда отбасылы болатындығын және жігіт пен қыз болып қана үйленетіндігін құлағына құю. Ал, қыз бен қыз үйленуі немесе ұл мен ұлдың үйленуі күнә және бұл дұрыс емес екендігін басып айту;

11. Балаға өзіне ер бала боп туғанын, ал қыздың қыз бала боп туғанын мақтан етуге баулу.

Қысқаша айтқанда, осы жайттар жас ата-анаға бала тәрбиесінде жәрдем болар деген ниеттемін.

Мұхаммед Ибраһим

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру