Зинақор әйелдің тәубасы

28 қаңтар 2020 10658 0
Оқу режимі

Дінімізде тәубе ету өте маңызды тақырыптардың бірі болып саналады. Қиямет күні тәубе ету мен Алладан жарылқау тілеу амалдары, мизан таразысының оң жағын ауыр басып, салмақты етеді. Имам Мүслим Әнас ибн Мәліктен (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісінің (с.ғ.с)  былай деп айтқанын жеткізеді: «Расында, сендердің біреуі, сапар шегіп келе жатқан уақытта, үстінде азығы мен сусыны артылған түйесі қашып кетіп, шөл далада жалғыз қалып, түйесін табуға үміті үзіліп, бір талдың көлеңкесіне келіп ұйықтап кетіп, кейін оянып, жоғалған түйесі бүкіл азығымен жанынан табылған кезде, дереу ноқтасынан ұстап: «Уа, Аллам, Сен – менің құлымсың, ал мен – сенің Раббыңмын!», - деп, есі шығып қуанғаннан, қателесіп кеткенін білмей қалған пенде  қалай қуанса, Алла Тағала құлының тәубесіне, одан да артық қуанады». Күнәсі үшін тәубе еткісі келген кісіге Алла Тағаланың тәубе есіктері қашан да ашық. Себебі, Алла Тағала, құлының тәубесін өлімі алқымға келгенге дейін қабыл етеді.

«Танбихуль ғафилин» кітабынан алынған мына оқиғалар тәубенің маңызы туралы сөзімізге «тұздық» болсын. Оқи отырыңыз.

Сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.а.) Куфа маңындағы бір ауданнан өтіп бара жатып ішімдік ішіп отырған  адамдар тобын көреді. Олардың арасында аспапта ойнайтын  Зазан атты әнші де бар еді. Зазанның дауысын естіген Масғуд (р.а.): «Неткен тамаша дауыс. Бұл дауыспен Құран оқыса етті...», - дейді де  кете береді. Бұл сөздерді естіген Зазан айналасындағы адамдардан әлгі адамның кім екенін сұрастыра бастайды. Ол адамның Мұхаммед (с.ғ.с.)  пайғамбардың сахабасы Абдулла ибн Масғуд (р.а.) екенін білгеннен кейін, жүрегі тыныштық таппай, өзінің барлық музыкалық аспаптарын сындырып тастайды да, сахабаны қуып жетіп, егіліп жылайды. Абдулла ибн Масғуд (р.а.) Зазанды құшағына басып: «Тәубе еткен адамды Алла жақсы көргенде, мен неге жақсы көрмейін?!» - деп, көзіне жас алған екен. Кейін Зазан ғалым Абдулла ибн Масғудтың (р.а.) шәкірті болып, арада бірнеше жылдар өткеннен кейін көрнекті ғалымдардың деңгейіне дейін көтеріледі.

Фиқһ ғалымдарының бірі әкесінен естіген мына оқиға туралы әңгімелейді: «Бәни Исраил қауымы арасында зина жасайтын өте бай бір әйел  бар еді. Ол өзінің үйінің есігін үнемі ашық қалдырып, сол есіктің жанында орындыққа жайғасып, көшеден ары-бері өткен ер адамдарды өзінің әдемілігімен баурап алатын. Сұлулығына таңданған ер адамдар оның үйіне кіру үшін бірнеше алтын төлейтін еді.

Бір күні сол әйелдің үйінің маңынан Ғабид есімді тақуа ер адам өтіп бара жатып, әлгі әйелдің сұлулығына көзі түсіп, басы айналып қалады. Дереу Алладан сол ісі үшін кешірім сұрап, азғырудан сақта деп дұға жасайды. Ғабидтің ойынан әйелдің сұлу жүзі кетпей, жүрегі бір тынышықтық таппады. Ақыры тақуалығын ысырып қойып, нәпсісіне ерік беріп, бірнеше алтын жинап, әлгі әйелдің үйінің маңына келді. Жинаған алтынын қақпа алдындағы қызметшіге беріп, әйелдің ішке кір деген бұйрығын күтіп тұрады. Ол әйел боянып, әшекейленіп, иіссуын себініп орындығына жайғасты. Бөлмеген Ғабид те кіріп, әйелдің қасына отырды. Әйелге жақындай беріп, ойланып кетті: «Менің мына харам ісімді Алла көріп тұр. Менің барлық жақсы амалдарым жойылды-ау...». Ғабидтің қатты қорыққаны сонша, бүкіл денесі дірілдеп,  бет-жүзі қуарып, өңі қашып кетті.  Мұны байқаған әйел: «Саған не болды?» - деп сұрайды. «Мен Алладан қорқамын. Маған үйден шығуға рұқсат ет!» - дейді Ғабид. Әйел: «Тоқтай тұр! Сенің орныңда болуды кез келген ер адам армандайды, сен неге бұл мүмкіндікті пайдаланбайсың? Неге қашып барасың?» - деді. Ғабид: «Расында, Алла бұл іске тыйым салған. Мен Алланың қаһарынан  қорқамын. Саған берген әлгі алтындарым халал (рұқсат етілген) болсын», - деді. Әйел одан: «Сен осы уақытқа дейін мұндай харам іс жасап көрмегенсің бе?» - деп сұрады. «Жоқ!», - деп жауап берді Ғабид.  Әйел: «Сенің атың кім? Қай жерден боласың?», - деді. Ғабид өзінің есімін, қай жерден болатынын айтты. Әйел оған үйден шығуға рұқсат етті. Ғабид үйден ытқып шығып: «Менің құрыған жерім осы, менің құрыған жерім осы! Алла, осы күнәмнің кесірінен бір Өзіңе сыйынамын!» - деп өкіріп жылады.

Осы көріністің бәрін сырттан бақылып тұрған зинақор әйелдің жүрегінде Аллаға деген қорқыныш пайда болды.  Өз-өзіне іштей: «Мына адам өмірінде бірінші рет осы харам істі жасауға келіп еді. Алладан қорқып, бас тартты. Ал, мен осы жиіркенішті істі қаншама жыл бойы  жасап жүрмін. Ол қатты қорыққан Алла - менің де Жаратушым. Мен де Одан  қорқуым керек қой», - деп өкініш білдірді. Үйінің қақпасын жауып, үстіне ескі киімдерін киді. Шамасы жеткенше құлшылығын жасап, күнә істері үшін қатты өкінді. «Ғабидті іздеп тапсам, онымен  кездессем, ол мені әйелдікке алатын шығар. Мен оған бойсұнып, одан дінді үйренер едім» деген ойлар маза бермеді. Бүкіл байлығын артынып, қызметшілері мен күзетшілерін алып,  Ғабидтің ауылына жол тартты. Ақыры оның ауылын тауып, үйіне де жетеді. Дауыстап Ғабидке үйінен шығуды сұрайды. Сырттан шыққан дауысты естіп,  Ғабид далаға шықты. Әлгі әйелді таныды, екеуінің арасында болған жайт бірден есіне түсті де бар дауысымен «Алла» деп айқайлап, сол мезетте сол жерде жан тапсырды.

Әйел не істерін білмей, абдырап қалды. «Бұл адам үшін мен өз үйімді, елімді тастап келдім. Бірақ, мақсатыма жете алмадым. Ол қайтыс болды. Ғабидтің туыстары арасында үйленуі керек болған ер адамдар бар ма?» - деп сұрайды. Ауылдағы адамдар: «Ғабидтің тақуа бір ағасы бар. Бірақ, ол адам өте кедей тұрады», - дейді.  Әйел: «Кедейлік кедергі емес, мендегі байлық екеуімізге де жетеді», - деді. Сөйтіп, ол әйел Ғабидтің ағасымен кездеседі. Екеуі отау құрады. Екеуінен жеті ұлы дүниеге келіп, тақуа құлдардың қатарынан болған екен».

Лаура Қанатқызы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру