16 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!

07 маусым 2024 1817 0
Оқу режимі

Бүгін һижри жыл санауы бойынша зұлхижжа айы басталды. Яғни Арапа күні биыл 15 маусымға сәйкес келеді. 16 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні.

Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады.

Зұлхижжа айын анықтау үшін зұлқағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зұлхижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады[1]. Осыған орай, 2024 жылы 6 маусымда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 7 маусымда басталып, арапа 15 маусымға, ал құрбан айт 16 маусымға сай келеді. 

Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген.

Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей. Ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз, қажылық сапарында жүрген отандастырымыздың қажылығы қабыл болғай. Әмин!

 

[1] «Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/217. 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру