«Астана – мейірімді қала» жобасы аясында 1402 жан тегін тасымалданды (ФОТО)

11 ақпан 2019 6968 0
Оқу режимі

Апта бойы Астана жұртшылығын әбігерге салып, әбден мазасын алған аяздың беті қайтып, ақтүтек боранның ашуы тарқағандай. Бірнеше күн бойы қаһарына мінген қатал қыстың қыспағы қала жұртшылығының берекесін алып, бірқатар мекемелердің жұмысын мәжбүрлі тоқтатып тастады. Ақырған аязда қоғамдық көлік күтіп, үсік шалғандардың қатары көбейе түскені тағы бар. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 6-ақпан күнгі хабарламасында 14 жанның үсік шалып, ауруханаға жеткізілгені айтылған.

Осы бір аязды күндері ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Астана – мейірімді қала» жобасы іске қосылып, қаншама жан жүрек жылуымен бөлісіп, суық күндерде бір-біріне сеп болуға себепкерлік жасағаны баршаңызға мәлім. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы негізінде бұл күндері Елордамыздағы 10 мешітте тегін такси қызметі пайда болып, жолаушыларды үйлеріне тегін жеткізумен айналысты. Сондай-ақ, аязды күндері Астана көшелеріндегі жұмысын тоқтатпаған тазалықшылар қауымына арнайы ыстық тамақ таратылып, қызметтеріне қолғабыс жасалып келді.

Осы орайда, өткен аптада ішінде Астана мешіттерінің қызметкерлері мен ерікті жамағатты жұмылдыру жұмыстары кезінде жалпы саны 202 көлік тегін жеткізіп салу жұмыстарын жандандырып, қала бойынша 1402 жан дер кезінде діттеген жерлеріне жеткен.

Бұдан бөлек, Елордамыздағы 10 мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен апта бойы көше тазалықшыларына арнап бірнеше мәрте ыстық тамақ тарату жұмыстарын жүргізіліп, 560 қызметкер қамтылған.

Мейірімділікті ту еткен мешіт қызметкерлері тегін такси қызметі мен ыстық тамақ тарату жұмыстарымен шектеліп қана қоймай, аязды күндері мұқтаж отбасыларға көмір түсіріп, тұрмысы төмен жанұяларға азық-түлік қорын жеткізіп беріп, алғыстарына бөленді.

Алла Тағала қиын-қыстау күндері бір-бірімізге бауырмал болып, бірлігі мен ынтымағы жарасқан қалпымыздан айырмасын!

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру