АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ ТҮЗЕУ МЕКЕМЕСІНДЕ УАҒЫЗ-НАСИХАТ ЖАСАДЫ (ФОТО)

24 қараша 2024 1277 0
Оқу режимі

Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған елордалық имамдар ҚАЖД №2 мекемесінде жазасын өтеп жатқандармен кездесті.

Басқосу барысында дін қызметкерлері жазасын өтеушілермен сұхбат құрып, асыл дініміздің негізгі құндылықтарын түсіндірді. Адалдық пен қарапайымдылықтың, тыныштық пен бейбітшіліктің жақтауы болған ата дініміз бен салт-дәстүріміздің қазыналарын сөз ете отырып, жазасын өтеушілерге рухани жігер берді. Сондай-ақ көркем сабыр тілеп, Аллаға жақсы дұға-тілектер жасауға шақырды.

Кездесуге жиналған жазасын өтеушілер дін қызметкерлерінің әр сөзін байыппен тыңдай отырып, өздеріне мол рухани азық алғаны сөзсіз. Себебі сотталған жандардың араларынан өз ойларын жеткізіп, өмірдің қарапайым қағидаларын жіті ұғынып жатқандарын, имамдар насихатының өздеріне үлкен демеу болып жатқандықтарын да ашып айтты.

Кездесу соңында Ерболат Нұрылдаұлы бастаған имамдар жазасын өтеушілерге өздерімен ала келген сыйлықтарын үлестіріп, сотталғандардың  мерзімі біткен соң дін аман отбасыларына оралуларын тіледі.

Пікірлер Кіру