Астанадағы қайғылы оқиға: имамдар арнайы дұға жасады (ФОТО)

04 ақпан 2019 9042 0
Оқу режимі

Тілсіз жаудың құрбанына айналған бес бүлдіршіннің қазасы күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Астана қаласындағы Көктал тұрғын алабындағы өртке оранған уақытша баспана бес бірдей жас өскіннің мәңгілік мекені болар деп кім ойлаған?!

«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, орны толмас жас қазаның алапат салмағы ата-анасын да, ағайын-туыстарын да есеңгіретіп, жанын жаншығанын айтып жеткізу мүмкін емес. Алайда, «қайғыны бөліссең азайды» демекші, ауыр қазаға ортақтасып, қанатымен су сепкен қарлығаштай жәрдем жасауға ұмтылғандар бес баласынан бір күнде көз жазған қаралы жанұяның қасынан табылып, демеу болуға тырысуда.

Осы орайда, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Елорда мешіттерінің бас имамдары басқосу өткізіп, қайғылы оқиғаға орай қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жайын талқылады. Ата-анасының жаралы жандарын жұбатып, қол ұшын созу жайын талқылаған отырысқа ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы, Баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы қатысып, өз пікірлерін қосты.

Жиналыс барысында мешіт имамдарына жаназа рәсіміне қатысты нақты тапсырмалар беріліп, қайырымдылық шарасына үндеді. Тағдыр сынағына түскен отбасыға қолдан келгенше көмек көрсетіп, жаппай жанашырлық танытуға шақырды. Басқосу соңында қазаның арты қайырлы болуын тілеп, қайғы жамылған отбасыға арнайы дұға жасалды.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру