«Әзірет Сұлтан» әжелері Оразаға арнап отыз Құран хатым түсірді (ФОТО)

02 маусым 2019 6741 0
Оқу режимі

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі Діни сауат ашу курсының әйел шәкірттері қасиетті Рамазан айының құрметіне орай оразаның 30 күніне арнап, Құран Кәрімді хатым етуді бастаған болатын. Ұлық ай есігімізден енісімен хатым түсіруді бастап 30 әже бүгін Құран кәрімді толығымен аяқтап, Құран хатым дұғасын жасады.

Бір-бір әулеттің ұйытқысына айналған ақжаулықты әжелеріміз жастарының егделігіне қарамастан Бас мешіттегі Діни сауат ашу курсына жазылып, шәкірт атанғандарына бірнеше жылдың жүзі болған. Мешіт ұстазы Бекет Гүлсара апамыздан сауат ашып, білім алып жүрген шәкірт әжелеріміз құлшылық ордасындағы Білім сайыстары мен Құран жарыстарына да үзбей қатысып, білім жолындағы ізденістерін үнемі дамытумен келеді. Гүлсара ұстаздарының айтуынша, топтағы шәкірт әжелердің бастамасымен қайырымдылық шараларына үлес қосуды да қолға алыпты.

Бас мешіттегі бүгінгі берекелі отырысқа Рамазанның соңғы онкүндігіне орай кіші қажылыққа аттанған апа-әжелеріміздің қатыса алмай қалғанын ескертіп өткен Гүлсара ұстаз ол кісілермен хабарласып, Құран хатым толық аяқталғанын атап өтті. Салтанаттты шараға арнайы қатысқан ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құран хатым дұғасын жасап, ардақты әжелерімізбен жүздесті. Қасиетті Құран кәрімнің шапағаты жайында сүйіншілеп, үлкен сауапты іс атқарған әжелерге өз алғысын білдірді.Мешіт шәкірттері де Бас имамға өз лебіздерін жеткізіп, ақ баталарын берді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру