Бас имам құттықтауы: Ораза айт мүбәрак болсын!

04 маусым 2019 8054 0
Оқу режимі

Қадірлі ағайын, құрметті отандастар! Айлардың сұлтаны, барша мұсылман халқы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын уақыт та таяды. Қасиетті Рамазан айында жер-жерде мұсылман қауымы қиыншылыққа мойымастан оразасын ұстап, қасиетті айды құлшылықпен өткізді, Жаратқаннан жақсылық тілеп, дұға етіп, ғибадаттан қол үзбеді. Алланың мейірім-шапағатынан үміт етіп, ауыз бекіткен мұсылман үмметін пайғамбар сүйіншілеген мол сауаптар мен жақсылықтар күтеді деп сенеміз.

Әуелі баршамызды Рамазан айын аман-есен өткеріп, Ораза айт мерекесіне төрт көзімізді түгел, ағайын-туғанның ортасында жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Рамазан – құлшылық пен сабырдың, мейірім мен рахымның, қайырымдылық пен берекенің айы болса, осы айда сауап алу мақсатымен көптеген мұсылман бауырларымыз үлкенді-кішілі қайырымды істерге хал-қадерінше атсалысып, Рамазан айын халықтық деңгейде өткізуге өз үлестерін қосып отыр. Ел мұсылмандары Рамазан айының ерекшелігін сезініп, бір ай бойы рухани жігерге бөленді.

Алла елшісінің (с.ғ.с) сахих хадистерінде Айт мейрамына тамақ жеп, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту, сырқат адамдардың көңілін сұрау мен жоқ-жітік, кембағалдарға садақа беру тән екендігі айтылған. Олай болса, айт күндерін ізгі амалдарымызды кемітпестен, көтеріңкі мерекелік көңіл-күймен және басқа да сауабы мол істермен өткізген мақұл.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударғанда, жергілікті халықтың бір мейрамды атап өтіп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрайды. Олар: «Бұл – біздің Исламға дейінгі тойлап келе жатқан мерекеміз» деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Алла сіздерге мұнан да ұлық екі мереке берді. Олар – Рамазан және Құрбан айттары», – деп, осы екі мүбарак мейрамдардың ұлықтығын сездірген.

Айттың өзіне лайық жарасымды да сауабы мол амалдары жетерлік. Сол таңда ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу – сүннет.

Айт мерекесінде ата-ана мен қарияларға сәлем беріп, батасын алу, сырқат кісілердің үйіне (ауруханаға) зиярат етіп, көңілін сұрау да ізгі амалдар қатарына жатады.

Араздасып қалған кісілермен татуласып, қатынас үзілген туыстардың үйлерін аралаудың да маңызы ерекше. Өйткені, Алла Тағала: «Сен, кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп, момын мұсылмандарды барынша кешірімді болуға үндеген. Көңілі жабырқау, қамқорлыққа мұқтаж жандар мен жоқ-жітіктер айт күндерінде көбірек көмек-қолдау қажет етері, садақа күтіп, бір жақсылықтан үміт етері хақ. Сондықтан, мүбәрак мейрамда мұндай жандарға қайыр-садақа үлестіріп, көңілдеріне демеу болғанымыз абзал.

Ораза айт адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Бұл күндері үй-үйде мерекелік дастарқан жайылып, туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң бір-бірін аралап, дәм татысып, мәре-сәре болады.

Ұлық мерекеде ел мұсылмандарын ұлтаралық келісім мен дінаралық төзімділікті одан әрі де нығайтуға, сүйікті Отанымызды өркендету мен оның мәдени, рухани құндылықтарын сақтап, дамыта түсуге мұнан былай да күш-жігерін аямай жұмсай беруге шақырамыз. Біздегі бүгінгі өзара сыйластық пен жарасымдылық, ынтымақтастық пен діндерге деген құрмет – басты байлығымыз, мақсат-мұратымыз болып қала бермек. Біз осы жетістіктеріміз үшін Алла Тағалаға сансыз мадақ айтып, шүкірлік етуге тиіспіз.

Құрметті ағайын! Баршаңызды ең қасиетті де ұлық мереке – Ораза айт мейрамының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Барша жұртты қуанышқа бөлейтін бұл мейрам елімізге, жерімізге құт-береке мен ынтымағын, ырысы мен берекесін ала келсін деп тілейміз. Алла Тағала баршамыздың тұтқан оразамыз бен жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды және сауапты істерімізді қабыл етіп, келер жылғы Рамазан айына аман-есен жетуімізді нәсіп еткей. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, халқымызға иман байлығын бергей! Ауызбіршілігімізді арттырып, тыныштығымызды тұрақты қылғай! Әумин!!!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру