БАС МҮФТИ МӘСКЕУДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

13 желтоқсан 2023 2039 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мәскеу қаласында басталған ХІХ Халықаралық мұсылмандар форумына қатысып, баяндама жасады.

«Рухани-адамгершілік құндылықтарды және бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда дін лидерлерінің рөлі» тақырыбында өткен форумда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әлбетте менің үмбетім адасушылықта бірікпейді...» деген. Алла Тағала бұл жиынымызды мұсылман үмбеті үшін пайдалы, нәтижелі, берекелі еткей. Раббымыз күллі мұсылман үмбетінің жүрегін біріктіріп,

бауырмалдық қасиеттерімізді арттырғай. Бүгінгі таңда әлем қарқынды түрде өзгеруде. Ақпараттық технология күн сайын дамуда. Мұндай үдеріс кезінде рухани құндылықтарды әлемдік деңгейде насихаттау өзекті болып қала береді. Әлемдегі күрделенген діни ахуал дін қызметкерлерінің жауапкершілігін одан сайын арттыра түскені ақиқат.

Біз осы бағыттағы мақсаттарымызды жүзеге асыру үшін Түркі мемлекеттері мүфтилерінің кеңесін құруға бастамашыл болдық. Осыған орай қасиетті Түркістан қаласында өткен кеңес жұмысында баршаға ортақ діни мектептердің рөлін қайта жаңғырту туралы бастама көтердік.

Ғалымдарымыз: «Бауырмалдық – иман келтіргендердің өзара сүйіспеншілігі мен дін насихатында ортақ болуы», – деп айтқандай, Алла Тағала баршамызға мұсылман үмбетінің мәселесінде бір болуда күш-қуат пен бірлік нәсіп еткей. Әмин!» деп атап өтті.

Айта кетсек, ХІХ Халықаралық мұсылмандар форумына мұсылман елдерінің дін қайраткерлері мен ғалымдары қатысуда. Басқосу соңында форум қарары қабылданады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру