Хиджабтағы полиция бастығының суреті үнді ұлтшылдарының қытығына тиді

14 қыркүйек 2020 5588 0
Оқу режимі

Үндістан елінің әлеуметтік желілерінің бірінде пайда болған бұл сурет жергілікті индус ұлтшылдарының ашуын келтіріп, қоғамдық пікір толқуын туғызды. Махараштра штатының полиция бөлімшесі бастығының орнына аппақ хиджабтағы жап-жас мұсылман қыз отырып, полиция қызметкерлері оны қоршай суретке түскен.

Кейбір жандар бұл оқиғаны «тарихи сурет» деп бағалап, өз тілеулестігін білдіріп жатса, индуизм дінін ұстанатын ұлтшылдар үшін «жер астынан жік шыққандай» болды. Тіпті, олар мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, аталмыш штат басшыларына хабарласқан көрінеді.

Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, аталмыш сурет 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде түсірілген екен. Булдхана аймағы басшыларының бастамасымен сол күні мектеп оқушыларына салық комитеті мен полиция қызметкерлерінің рөлін ойнауға рұқсат берілген көрінеді. Осылайша, 14 жастағы Сахриш Канвал полиция бөлімшесінің бастығы болып суретке түскен.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру