МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ ОРАЗА АЙТПЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

10 сәуір 2024 1752 0
Оқу режимі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ елін күллі мұсылман қауымының қасиетті мерекесі Ораза айтпен құттықтады. Президенттің құттықтауы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

«Баршаңызды Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Бұл – мұсылман қауымының ерекше ықыласпен қарсы алатын ұлық мерекесі.  

Қасиетті Рамазан айында жұрт адамгершілік құндылықтарға баса мән береді, рухани тазаруға ұмтылады. Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қайырымдылық көрсетеді. Отыз күн оразадағы сабыр мен қанағатқа негізделген игі амалдың бәрі Айт мерекесінің шынайы болмысын айшықтай түседі. 

Ата дініміз адамзатты татулық пен тыныштыққа, қамқорлық пен мейірімділікке, жанашырлық пен жасампаздыққа үндейді. Адал еңбек етіп, адал табыс табуға шақырады. Мұның барлығы, түптеп келгенде, бүкіл еліміздің ырысты ынтымағын арттыруға ықпал етеді. Халқымыздың салт-дәстүрі Ислам дінінің, Рамазан айының және Айт мейрамының ұлағатымен ұштасып жатыр. Бұл сабақтастық берекелі бірлігімізді нығайтып, әділетті қоғам құру жолында маңызды рөл атқарады.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке және толағай табыс тілеймін! Айт қабыл болсын, ағайын!» делінген Президент құттықтауында. 

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру