Наиб мүфти әлемдік додаға аттанған спортшыларды шығарып салды (ФОТО+ВИДЕО)

17 сәуір 2019 7241 0
Оқу режимі

Сәуір айының 20-жұлдызында Біріккен Араб әмірлігінің астанасы Абу Даби қаласында Джиу-джитсу спорты бойынша әлемдік чемпионат басталмақ. Соңғы жылдары жастар арасында ерекше серпін алған спорт түрінен еліміздің атынан бірнеше құрама аттанып отыр. Солардың бірегейі ретінде Қарағанды құрамасынан 20-ға жуық спортшы байрақты бәсекеге жолдама жеңіп алған екен.

Білекті жігіттердің әлемдік чемпионат алдында жігерлерін жанып, қолдау білдіруге ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы өзі келіп, ізгі тілегін білдірді. Сайдың тасындай іріктелген спортшыларымызға сәттілік тілеп, тәуелсіз еліміздің көкбайрағын биік ұстап, Әнұранын әуелетіп қайтуға шақырды.

Кезінде Наурызбай қажы Тағанұлының тәлімін көріп, тағылымын алған шәкірт жігіттер осындай дүбірлі дода алдында ұстаздарымен жүздесіп, қуаныштан қанат біткендей. Айтулы сапар алдында айтылған ізгі тілек, ағалық кеңес, жүректен төгілген ақ бата – еліміздің атынан аттанған спортшыларға артылған аманаттай сезілді.

Спортшыларымызға сәттілік серік болып, жеңіс тұғырынан көрінуін нәсіп еткей!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру