ҚМДБ: 20 248 балаға мектеп сөмкесі берілді (ФОТО)

07 қыркүйек 2018 7544 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Уақып» қайырымдылық қорымен бірлесе 2018 жаңа оқу жылы қарсаңында еліміз бойынша 20 248 балаға мектеп сөмкесін үлестірді. Оқу құралдары салынған сөмке мешітке өтініш білдірген отбасылар мен жергілікті әкімдіктің ұсынған тізімі бойынша әлеуметтік аз қамтылған жанұяларға таратылды.

«Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен қайырымдылық акциясына Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысты. Оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, балаларға арналған сыйлықты өз қолымен табыстады.

«Біздің халқымыз: «Берсең, балаға бер», – деген. Баланың қуанышы – бәрінен қымбат құндылық. Жаңа оқу жылында оқушыларға сыйлық үлестіру – Діни басқарманың жыл сайынғы дәстүрлі жобасы. Бала – ел болашағы. Болашағын ойлаған ел баланың білімі мен тәрбиесіне мән береді», – деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы Серікбай Сатыбалдыұлы.  

Қайырымдылық – ҚМДБ жұмыс бағыттарының бірі. Айта кетейік, жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан айт күндері (21-23 тамыз, 2018 жыл) еліміз бойынша 61 191 отбасына 439 тонна құрбандық етін үлестірді.

Пікірлер Кіру