ҚМДБ: РАНТ мүшелері тест тапсырды (ФОТО)

04 сәуір 2019 8553 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орталық аппаратында Республикалық ақпараттық түсіндіру тобына үміткер белгілі дін қызметкерлері тест тапсырды.

Электронды емтихан сұрақтарына фиқһ, сира, ҚР заңдары мен заңнамалары, тарих, т.б. пәндер енгізілген. Мақсат – дін қызметкерлері арасында сараптама жүргізіп, білім деңгейін анықтау. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз тест тапсыру шарасына арнайы қатысып, емтихан жүргізу барысымен танысты.

«Біз дін қызметкерлерін әрдайым жетілдіріп отыруымыз керек. Имамдар тек діни біліммен шектеліп қалмауы тиіс. РАНТ тобының нәтижелі жұмысының арқасында өткен жылы 347 азамат радикалды райынан қайтты», – деп атап өтті Серікбай Сатыбалдыұлы.

Айта кетейік, 2018 жылғы есеп бойынша РАНТ құрамында 28 адам қызмет атқарған. Өңірлер бойынша 250-ге жуық жалпы және 150 жеке кездесулер өткізген.

Биылғы құрамға өкіл имамдардың ұсынысымен РАНТ құрамы жаңадан 30 білікті маманмен толығып отыр. Сондай-ақ, топ мүшелері жыл сайын сараптамадан өтіп, сынақ тапсырып тұратын болады. Арнайы РАНТ және ЖАНТ тобына арналған әдістемелік құрал жасау жұмыстары да қолға алынбақ.

 

Тегтер: РАНТ емтихан

Дереккөз: muftyat.kz

Пікірлер Кіру