ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ БАЯН-ӨЛГЕЙДЕГІ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН СҰХБАТТАСТЫ

17 шілде 2024 1310 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Моңғолияға барған сапарында Баян-Өлгей қаласында зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Басқосуға жазушылар мен ақындар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жетекшілері, сонымен қатар Баян-Өлгей аймағының Азаматтық өкілдері құрылтайының төрағасы Қабыл Шәріпұлы қатысты.

Кездесуде сөз алған Бас мүфти: «Өздеріңізге белгілі, өткен жылы Баян-Өлгейде қазақтардың IV кіші құрылтайы өтті. Аталған құрылтай Моңғолия мен Қазақстан қатынастарына, оның ішінде 100 мыңнан аса қазақ шоғырланған Баян-Өлгей аймағындағы қандастарымызбен рухани байланыс орнатуға елеулі үлес қосты.

Алқалы жиынға құттықтау хатын жолдаған Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы Алтайдың арғы бетін мекендеген қандастарымыз ұлттық болмысын, тілі мен салт-дәстүрін сақтаған іргелі жұрт болып отырғанын, бұл алыстағы ағайынның тамыры берік, рухы биік екенін білдіретінін атап өтті. Президентіміз айтқандай, бұл бауырлас Моңғол елінің қазақ халқына шынайы тілеулестігін және екі ел достығының тамыры тереңге жайғанын көрсетеді» деді.

ҚМДБ Төрағасы өз кезегінде Діни басқарма шеттегі қандастарымызға, имамдарға әрқашан қолдау көрсете беретінін жеткізді. Бас мүфти басқосу барысында зиялы қауым өкілдеріне, кітапхана ұжымына «MUFTIYAT» баспасынан шыққан кітаптарды сыйға тартты.

Кездесуде Баян-Өлгей аймағының Азаматтық өкілдері құрылтайының төрағасы Қабыл Шәріпұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын «Құрмет» төсбелгісімен марапаттады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру