ҚМДБ ұжымы Каирдегі студенттердің тыныс-тіршілігімен танысты (ФОТО)

19 наурыз 2021 5037 0
Оқу режимі

Мысыр Араб Республикасына ресми сапармен барған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы делегациясы Каирде діни білім алып жатқан қазақстандық студенттердің тыныс-тіршілігімен танысып, насихат айтты.

ҚМДБ-ның Мысырдағы жауапты өкілі Руслан Серғазиев пен «Талаба» қауымдастығының жетекшісі Ерлан Матайбаев делегация мүшелеріне болашақ имамдардың күнделікті тіршілігі, отбасы ахуалы, оқу үлгерімі жайлы баяндап берді.

Шәкірттер шоғырланған ауданды аралаған ҚМДБ ұжымы жастарға тиісті нұсқамалар беріп, кеңестерімен бөлісті. ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы шетелде білім алып жатқан жастарға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

«Діни басқарма сіздерге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Еліміздегі діни саланың дамуына сіздер де сүбелі үлес қосады деген сенімдеміз. Оқуды озат бітірген соң Отанымызға оралып, еліміздің игілігі үшін белсенді түрде қызмет етулеріңізге тілектеспін» деді Ғылымбек Жәдігерұлы.

Игі басқосуда ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбеков, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, Нұр-Мүбәрак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаевтар дінге, халыққа қызмет етудің сауабы мен маңызы жайлы уағыз айтты.

Айта кетсек, бүгінде Каир қаласында ҚМДБ жанындағы «Талаба» қауымдастығының 134 шәкірті білім алуда. Олар орналасқан жатақханада теннис бөлмесі, шағын студия және ұлттық құндылықтар бөлмесі бар.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру