Құран кітабын кестелеп шығуға 30 жылын арнаған

04 қазан 2018 9666 0
Оқу режимі

Мадина қаласындағы Қасиетті Құран музейі тағы бір дүниемен толықты. Бұл жолы музей сөресіне ақ матаға кестеленіп, кейіннен арнайы түптелген ерекше Құран кітабы қойылды.

Белгілі саудиялық блогер Ахмад ар-Румах өзінің әлеуметтік парақшасында бұл Құран кітабының Пәкістаннан әкелінгенін айтады. Құнды еңбектің иесі Насим Ахтар есімді әйел көрінеді.

Ақ мата бетіне қасиетті аяттарды кестелеуді ол алғаш 1987 жылы бастаған екен. Көз майын тауысып, қол күлдіреткен күрделі жұмысты аяқтап шығуға отыз жылдан астам уақыты кетіпті. Насимның айтуынша, ол өз жұмысын үнемі таң намазынан соң тек дәретті қалпында жасаған.

Осылайша, еңбегінің жемісін Насим Ахтар Мадина қаласындағы Қасиетті Құран музейіне тарту етіп, ойлаған мақсатын отыз жылдан соң орындап отыр.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру