Дем салудың дұрыс жолы қандай?

05 қараша 2020 14578 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Құран аяттарымен емделуге болады деп естідім. Білгім келетіні, аят-сүрелерді шипа үшін оқудың жолы қандай?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Дем салу (руқия) – дұға болып табылады. Ақиқатында, қорғаушы да, шипа беруші де – тек бір Алла. Ал, дұғаның мазмұны және сөздері шариғатқа теріс болмауы керек. Басқаша айтқанда, дем салу – Құран аяттарымен, Алла Тағаланың көркем есім-сипаттарымен және Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен дұғалармен болуы керек.

Бала-шағаны, дүние-мүлікті және өзіңізді таңертеңгілік және кешке оқылатын дұғаларды оқумен, арагідік садақа берумен, діни міндеттерді орындаумен және туыстық қарым-қатынасты жақсартумен қорғаған жөн.

Дем салу қажет болған жағдайда адамның өз-өзіне дем салғаны дұрысырақ. Ол үшін арнайы маманға бару міндет емес. Сондықтан, сәуегейлерден сақ болған жөн. Дем салуда оқылатын сүрелер мен аяттар:

1. Фатиха, Фалақ, Нас және Ықылас сүрелері мен Аятул Курси;

2. Абдулла бин Аббас (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.) немерелері Хасан және Хусайнге дем салып, сендердің аталарың (Ибраһим (ғ.с.) Исмаил мен Исхаққа (ғ.с.) деп салып былай деуші еді: «Әъузу бикәлимәтил Ләһи әт-тәммә мин кулли шәйтон уә һәммә уә мин кулли ъайн ләммә[1]» (мағынасы: Алланың барлық сөздеріне сыйынып, әрбір шайтан мен зиянкестен және жаман көзден пана сұраймын);

3. Айша (р.а.) анамыздың риуаяты: «Пайғамбар (с.ғ.с.) отбасындағы адамдарға дем салып, оң қолымен сипап, мына дұғаны айтушы еді: «Аллоһуммә Роббан нәс әзһиб әл-баас, уәшфи уә әнтәш-Шафи, лә шифә иллә шифәук, шифәән лә юғодиру сәқомә[2]» (Мағынасы: Уа, Алла! Адамдардың Раббысы! Қиындықты кетір, шипа бер, өйткені сен Шафи – шипа Берушісің. Сенің берген шипаңнан басқа шипа жоқ. Ешбір сырқатты қалдырмайтын шипа бер);

4. Айша (р.а.) анамыз жеткізеді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) адамның бір жері ауырса немесе жара болса сұқ саусағын топыраққа қойып: «Бисмил Ләһ, турбәт ардинә, бириқати баъдинә, лияшфиа биһи сақимунә би изни Роббинә[3]», – деуші еді. (Мағынасы: Алланың атымен бастаймын! Алланың қалауымен жеріміздің топырағы және біріміздің демімізбен арамыздағы сырқатқа ем болсын!);

5. Әбу Сағид (р.а.): «Жәбірейіл (ғ.с.) Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Мұхаммед! Мазаң болмай жатыр ма?» – деп сұрады. Пайғамбар «Иә», – деді. Жәбірейіл (ғ.с.): «Бисмил Ләһи әрқикә, мин кулли шәйин юузикә, мин шарри кулли нәфсин әу ъайнин әу хасидин Аллаһу яшфикә, бисмил Ләһи әрқикә[4]», – деп дем салған. (Мағынасы: «Алланың атымен саған дем саламын. Әрбір зиян тигізушіден, әрбір жан, жаман көз және көре алмаушыдан Алла саған шипа берсін. Алла атымен саған дем саламын);

6. Осман бин Әбу Ас Сақафи (р.а.) өзінің мұсылман болғалы бері бойындағы бір ауыртпалық бар екенін айтып шағымданады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қолыңды ауырған жеріңе қой. Сосын үш рет «бисмил Ләһ» (мағынасы: Алланың атымен) деп және жеті рет «Әъузу бил Ләһи уә қудратиһи мин шәрри мә ажиду уә ухазир[5]» (мағынасы: Алланың және Оның құдіретімен сұрап бойымдағы зиянкес және мазасыздықтан сақта деп пана сұраймын) деп айт», – деген екен.

Жоғарыда көрсетілген дұғалар кең тараған дұғалар қатарына жатады. Бұлардың барлығын немесе кейбіреуін шипа үшін өзіңізге және отбасыңызға оқуыңызға болады.

 


[1] Бұхари
[2] Бұхари
[3] Бұхари, Муслим
[4] Ибн Мажа
[5] Муслим

Тегтер: дем салу руқия
Пікірлер Кіру