Зерттеу үшін мәйітті союға (вскрытие) шариғат не дейді?

24 желтоқсан 2020 6498 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Қайтыс болған адамның өлу себебін анықтау үшін медициналық сараптама қажет. Сол үшін мәйіттің денесін сойып зерттейді. Кейде ауруын анықтау үшін де бұл қажет. Сұрайын дегенім: Бұған шариғат қалай қарайды? Ислам ғалымдары бұған не деген? Сандуғаш


Жауап

Уа алейкум салам!

Исламда адамның жаны қалай қастерлі болса, қайтыс болғаннан кейін оның өлі денесі де сондай құрметке ие. Мұсылманша жерлеу рәсімі бойынша мәйітті қастерлеп жуып, ақ матаға орап, кебіндейді. Көпшілік боп жаназа намазын оқып, соңғы сапарға шығарып салады. Мәйіттің өлі денесін қорлауға жол жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Өлінің сүйегін сындыру, тірі кезінде сүйегін сындырғанмен пара-пар»[1], – деген. Сондықтан, аса қажеттілік туындамаса, мәйітті сойғызбай, сақтаулы қалпында жер қойнауына тапсырған жөн.

Дегенмен, кей кездері мәйіттің денесін зерттеуді қажет еттіретін жағдайлар туындауы мүмкін. «Мұндай кезде өлінің денесіне арнайы мамандар тарапынан хирургиялық зерттеу жүргізілуіне рұқсат» дейді қазіргі таңдағы дін ғалымдарының басым көпшілігі.

Бұл жағдайларды үшке бөліп қарастыруға болады:

1. Өлімге алып келген індетті анықтау. Адам өміріне себеп болған ауруды анықтау үшін, індеттің адам жазушаларына, ағзаларына өту жолдарын, оның адам өміріне тигізген әсерін анықтау мақсатында арнайы дәрігерлер, мамандар тарапынан өлген кісінің денесіне хирургиялық зерттеу жүргізулуі мүмкін.  Мұндай зерттеу одан ары қарайғы уақытта індеттің қоғамда жайылуын болдырмау, өзгелердің өміріне қауып төндіруін алдын алу тұрғысынан өте маңызды.

2. Медициналық факультетте оқитын студенттерге адамның ішкі құрылысын таныту мақсатында, мұғалім дәрігерлердің қадағалауымен өлі денеге жүргізілетін хирургиялық зерттеулер. Мұндай жағдайдағы хирургиялық зерттеуге қарсы шыққан дін мамандары болғанымен, көпшілігінің пікірінше бұл да қажеттілік.
Бірақ мынадай талаптар ескерілуі тиіс:

  • Егер мәйіт аты-жөні белгілі кісі болса, оның өлмей тұрып өлі денесін союға берген рұқсаты немесе өлгеннен кейін туыстарының рұқсаты керек;
  • Қажеттілік шеңберінен аспау керек;
  • Өлі денеге құрметпен қарап, қорлануына жол берілмеуі тиіс;
  • Әйелдің өлі денесін мүмкіндігінше тек әйел кісілер зерттеу жүргізгені жақсы. Әйел дәрігерлер табылмаса ғана еркек дәрігерлерге рұқсат.

3. Қылмыстың басын ашу. Кейде адам өліміне қатысты қылмыстың басын ашу үшін медициналық сараптама аса қажет. Өлімінің себебі табиғи апат па, әлде адам қолынан қаза тапты ма? Немесе өз-өзіне қол жұмсаған ба?  Қай уақытта қайтыс болған? Деген сияқты сұрақтарға хирургиялық зерттеу нәтижесінде жауап анықталып жатады. Мұндай жағдайда арнайы мамандар өлген мәйіттің денесін зерттеп, сараптама жүргізеді. Сараптама нәтижесінде күдіктіні ақталады немесе оның қылмысқа қатысы бар екендігі айғақталады. Осы тұрғыдан қарағанда да өлінің денесіне хирургиялық зерттеу жүргізу маңызды. Әйтсе де бұл бөлімнің өзіндік талаптары да жоқ емес:

  • Қылмысқа қатысы бар деген күдіктінің болуы;
  • Хирургиялық зерттеу жүргізу арқылы ғана жүзеге асады деген ықтималдың басымдылығы;
  • Жеткілікті айғақ-дәлелдердің аздығы;
  • Зерттеуді сенімді, білікті дәрігер маманның жасауы;
  • Хирургиялық зерттеу жүргізу үшін арнайы мемлекеттік органдардың рұқсаты.

 4. Қандай жағдай болмасын өлі дененің сойылған ағзалары, аяқасты етілмей көмілуі тиіс[2].

Абдусамат Қасымов


[1] Әбу Дәуід – Китабул Жәнәиз - №3207
[2] А) Рабытату әл-Ъәләмил Исләми: Мәжмәъул Фиқһил Исләми: 1987 жылы өткен кезекті оныншы отырыс. Доктор Али Ахмәд әс-Сәлүс: Маусуғатуль Қазая – 587 бет. «Дарус сәқафа» баспасы – Қатар. «Дарул Құран» баспасы – Мысыр
Ә) Әш-Шәйх Хасан Мәмүн: http://www.dar-alifta.org/ ;
Б)Әхкәму тәшрихи Жүссәтил Әдәми.
В)әл-Мәжлис Исләми лил-ифтә – Қудус: http://www.fatawah.com/Fatawah/87.aspx

Пікірлер Кіру