Адамға жын тигенін қалай білуге болады?

22 қаңтар 2021 34152 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум!
Адамға жын тигенін қалай білуге болады? Оның қандай белгілері бар?


Жауап

Уа алейкум ассалам!
Жындар – ойдан шығарылған қиял емес. Адам сияқты оларға да құлшылық парыз етілген жаратылыс. Жындар да ішінара жақсы және жаманға бөлінеді. Ежелде жыннан қорқып, олар жайлы шындыққа жанаспайтын түрлі әпсана-ертегілер шығарылған. Құран Кәрімде: «Адамдардың ішіндегі кейбір кісілер жындардың ішіндегі кейбір еркек жындардан пана сұрап, олардың менменсіп, басынуларын арттыратын еді[1]»,-деген аят бар. Оның мәнісі, араптар жазық далаға келіп, түнемек болады да, сол маңайдағы жындардың үлкенінен пана сұрайды. Есірген жындар оларды ақылдан адастырады. Иә, жын адамға зиян тигізуі мүмкін.

Жындар көбінесе, лас және таза емес орындарда, айдала мен шөл далада жүреді. Күн батқанда жер бетіне тарала бастайды. Алла Тағала қалауымен, олардан қорғану үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткен таңғы және кешкі сүннет дұғаларды оқып жүру қажет. Құран Кәрімде: «Анығында, Менің құлдарыма олардың үстінен сенде билік жоқ. Тек адасқандардан және саған ергендерге ғана (билік бар),-деді[2]»,-деп әмір етілгендей, шайтан Алла Тағаланы зікір етіп және құлшылық жасап жүрген адамға жақындай алмайды.

Құран Кәрімде: «Ақиқатында, оның (шайтанның) билігі оны өзіне дос, қамқоршы тұтатындарға және онымен серік қосатындарға ғана жүреді[3]»,-дегендей жын өзін мазалаған адамға жамандық етеді. Мәселен, кірдің суын немесе ыстық суды есік алдына немесе көшеге төге салу, айдалада ұйықтап қалу, күл-қоқысты басу, елсіз жерде түнделетіп жүру, малдың сүйегін тебу, үнемі күнә жасап жүру және сиқырланып қалу сияқты себептермен жын тиюі мүмкін. Қазақтың «күл баспа», «кірдің суын жолға төкпе», «түнде жүргенде «бисмилла» айтып жүр», «шошынып қалсаң «бисмилла» де» деген сияқты сөздер айтуының сыры да осында жатыр.

Жынның адамға тиетін жолы көп. Оның арнайы белгілері де жоқ. Әр қилы және түрлі себептер болуы ықтимал. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей көбінесе төмендегідей белгілерінен байқалады:
1. Ешбір себепсіз үнемі бас ауру;
2. Аяқ-қолдың ұйығанын сезіну;
3. Алла Тағаланы зікір еткенде, Құран оқығанда іштей қарсылық сезіну;
4. Құранды тыңдағанда бас ауруын сезіну немесе дене-мүше еріксіз қимылдай бастауы;
5. Жынның науқас тілімен сөйлей бастауы;
6. Беймаза түстер көру және ұйқыда бейне бір құлап бара жатқандай сезіну.

 


[1] Жын сүресі, 6-аят
[2] Хижр сүресі, 42-аят
[3] Нахл сүресі, 100-аят

Руслан Камбаров

Пікірлер Кіру