Ерлі-зайыптылар жамағат боп намаз оқи ала ма?

15 ақпан 2021 9179 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Мен әйеліммен бірге жамағат боп намаз оқи аламын ба? Ер кісінің әйелмен намаз оқуы дұрыс па? Дұрыс болған күнде де жамағатқа есептеле ме?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ханафи мәзһабы бойынша, намазды жамағат болып оқу үшін кем дегенде екі адам – имам және ұюшы болуы шарт. Ал, екеуінің де ер адам болуы шарт ретінде көрсетілмеген. Сондықтан, әйелімен оқылған намаз жамағатпен оқылғанға есептеледі.

Имам Касани: «Жамағат болу мәселесіне келсек, жамағат ең кемі екі кісіден құралады. Бұл – имаммен қоса тағы бір адамның болуы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Екі адам және одан көп болуы – жамағат», – деп айтқан. Өйткені, жамағат – жиналу сөзінен алынған. Ал, екі адамның бірге болуы осы мағынаны білдіреді. Екеуінің бірі ер адам, әйел немесе жас бала болуында айырмашылық жоқ. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жалпы екі адамның бірігуін жамағат деп атап тұр»[1], – дейді.

Дегенмен, ерлі-зайыптылар жамағат боп намаз оқығанда мынаны ескергені жөн. Әйелдің аяқтарының ұшы ер кісінің өкше тұсында тұруы тиіс. Ерлі-зайыптылар бір қатарда тұрса, намаз бұзылады.

Бұл жөнінде имам Қазихан: «Әйел үйінде күйеуімен бірге намаз оқығанда екеуінің аяқтары бір қатарда болса, екеуінің жамағат боп оқыған намазы дұрыс емес. Әйелдің аяғы күйеуінің өкше тұсында тұрса, дұрыс болады. Сәжде жасағанда әйелдің ұзын бойлы болғандығы себепті күйеуінің басымен деңгейлес келсе, намаз бұзылмайды. Өйткені, ескерілетін және мән берілетін дене мүшесі – басы емес, аяқ...»,[2] – дейді.

Демек, ер кісі әйелімен және басқа да махрам әйелдермен намаз оқуы жамағат есебіне кіреді.

 


[1] Касани, Бадаиъ Санаиъ, 1/156
[2] Хашият Ибн Абидин, 1/752

 

Пікірлер Кіру