Сәлем намазын оқу міндет пе?

27 қыркүйек 2021 20921 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Мешітке кіргенде оқылатын сәлем намазы міндетті ме? Оқымаса күнә болмай ма?


Жауап

Уағалейкумассалам!

Сәлем намазы – мәкруһ уақыттардан тыс мешітке кіргенде отырмай жатып, екі ракағат оқылатын сүннет намаздарының бірі[1]. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Егер сендердің біреулерің мешітке кірсе екі ракағат оқымайынша отырмасын»[2]

Хадистегі бұйрық рай уәжіпті емес, сүннетті білдіреді[3]. Оған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бес уақыт парыз намазынан бөлек намазды сұраған кісіге «Жоқ, тек нәпіл оқысаң болады»[4] деген хадисі дәлел болады.

Мешітке кірген адам намаз оқуға тыйым салынған үш уақытта, сондай-ақ таң намазының уақыты кіргенде, екінті намазынан кейін сәлем намазын оқуға болмайды[5]. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұндай уақыттарда нәпіл намазын оқуға тыйым салған[6]. Оның орнына «Субханаллоһи уалһамду лиллаһи уә ла иләһа иллаллоһу уаллаһу акбар.  Аллаһумма солли әлә Муһаммад уә әлә әлиһи» деп тасбих-салауат айтса мешіт ақысын өтеген болып саналады[7].

Сондай-ақ, мешітке кіре салып парызды немесе басқа да сүннет намаздарын өтесе – сәлем намазын орындаған болып саналады. Себебі сәлем намазы Алла Тағаланы ұлықтау мақсатында бекітілген. Сондықтан мешітке кіре салып оқыған барлық намаз мешіт ақысының орнына жүреді[8].

Ханафи мазһабы бойынша мешітке кіріп намаз оқымай отырып, одан кейін қайта тұрып сәлем намазын оқыса да сүннетті орындаған болады[9]. Әрине, отырмай жатып мешіт ақысын оқығаны абзал. Егер мешітке кіріп-шығуы жиі қайталанса, онда бір күнге бір сәлем намазы жеткілікті[10].   

Қорыта айтқанда, мешітке кірген адамның намазға тыйым салынған үш уақыттан және мәкруһ уақыттардан тыс отырмай жатып екі ракағат сәлем намазын оқуы – сүннет, міндетті емес. Тіпті, отырып қайта оқыса да, мешітке кіріп бірден парызды немесе басқа сүннет намаздарын орындаса да, сүннетке сай орындалған болады.

Алла толық білуші!

Елбек Тасболатұлы

 


[1] Марақи әл-фәлах, 151.
[2] Бұхари, №444.
[3] Хашияту Тахтауи, 394.
[4] Бұхари, №2678.
[5] Марақи әл-фәлах, 73.
[6] Бәйһақи, «Сунанул-кубра», 2/465. Бұхари, №586.
[7] Хашияту Тахтауи, 394.
[8] Раддул мухтар 4/279 бет.
[9] Бахру әр-райық, 2/38. Радду әл-мухтар, 4/280.
[10] Хашияту Тахтауи, 394.

Автор: Айдос Имантай

Пікірлер Кіру