Мұхаррам және Сафар айларында үйленуге болмайды деген рас па?

13 қыркүйек 2018 13445 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум. Бір апайдың: «Сафар айында үйленуге болмайды екен, басқасы-басқа, дәл бұл айда тұрмыс құрмаймын», – дегенін естідім. Бұл сөз қаншалықты рас? Бекжанқызы А.

Ассалам алейкум. Мұхаррам айында үйлену – мәкрүһ, ал керісінше үйленбеу, неке қимау – мұстахаб дейді? Біздің ғалымдар бұл туралы не дейді? Наурызхан Төрегелді.


Жауап

Уа алейкум ассалам. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде үйлену мәселесіне қатысты:

فَانكِحُوا مَا طَابَ لَكُم مِّنَ النِّسَاءِ

«Өздеріңе жаққан басқа әйелдерге үйленіңдер»[1], – деп бұйырады.

Оған қоса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

يا معشر الشباب ، من استطاع منكم الباءة فليتزوج فإنه أغض للبصر ، وأحصن للفرج ، ومن لم يستطع فعليه بالصوم فإنه له وجاء

«Уа, жастар қауымы! Қайсы біріңнің шамасы келсе, үйленсін. Себебі, ол көзге перде, әуретке қалқан. Ал, қайсы біріңнің шамасы келмесе, онда ораза ұстасын. Себебі, ол оған қорған болады»[2], – деп үйленуге шақырған. Бұл аят пен хадистің мағынасына тоқталған ғалымдарымыз үйленудің үкімінің мәндүп[3] екенін айтқан.

Ал, үйленуге тосқауыл болатын айлар бар деген мәселеге келсек, бұл сөздің шариғатымызда негізі жоқ. Жәхилия дәуіріндегі арабтардың сафар айына қатысты пессимистік сенімдері болған. Олар бұл ай жамандыққа толы, жақсылық әкелмейді деп ырым еткен. Алайда, Ислам діні келгеннен кейін бұл жаңсақ сенім жойылды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде:

لا عدوى ولا طيرة ولا هامة ولا صفر

«Жұғу да[4],ырым етіп иек арту да[5],байғыз да[6], сафар да жоқ[7]»[8], – деп, өзге қате сенімдерді атап өткеніндей, сапар айы жамандық әкеледі деген сенімнің қате екенін атап айтқан. Ендеше, сафар айы жаман ай, онда үйленуге болмайды деген түсініктің исламға еш қатысы жоқ. Бұл сөз мұсылманның айтатын сөзі емес.

Ал, мұхаррам айына келер болсақ, бұл айда үйленуге болмайды деп жүрген кей мұсылмандар бар. Алайда, олардың сөздеріне құлақ асудың қажеті жоқ. Себебі, олардың бұл қасиетті айда үйленуге болмайды деген сөздеріне келтірген дәлелдері дәлел ретінде негізге алынбайды да. Өйткені олар да әуелгі жәхилия кезіндегі арабтар сынды пессимизмге ұрынған. Олардың айтуынша, бұл айда «Кербала» оқиғасы орын алып, хазіреті Хусейн (р.а) шаһид болған. Ол – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) немересі. Біз дағы олардың[9] қуанышына қуанып, қайғысына қайғыруымыз керек дейді. Сол үшін біз бұл айда үйленбейміз, керісінше оларды жоқтап, қайғы құшамыз дейді.

Олардың бұл сөздері қате. Шариғат үкімдері Алладан келеді, біреудің қайғысы мен тұжырымына құрылмайды. Егер ұлы адамдардың бақилық болғаны үшін сол айда үйленуге болмайды десек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Рабиғул-әууәл айында, Али (р.а) Рамазанда, Фатима анамыз Жумадил-ахирада, Хусейн (р.а) Мұхаррам айында т.б. бақилық болған. Ендеше, біреудің қазасы үшін екінші біреуді үйленуіне ешқандай кедергі бола алмайды." деген сөйлемді "Ендеше, біреудің қазасы екінші біреудің үйленуіне,оның неке қиюына ешқандай кедергі бола алмайды.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] «Ниса» сүресі, 3-аят.
[2] Бұхари, Муслим
[3] Немесе мұстахап амал, бұл амал сүннет амалдардың бір тармағы
[4] Жәхилия кезінде арабтар ауру өздігімен жұғады деп сенген
[5] Олар түзге шыққанда құс жолықтырып қалып ол оңға ұшса, оны жақсылыққа ырымдаған, солға ұшса жамандыққа болжап істерін тастап кері қайтатын болған
[6] Байғыздың ашы дауысын санап адам жасын санаған немесе өлген адамның рухы соған қонып алған деп сенген
[7] Сафар айын жамандыққа толы деп сенген.
[8] Бұхари, Муслим
[9] Яғни Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жақындары мен ұрпақтары

Пікірлер Кіру