Жамағатпен намаз оқығанда нені білу керек?

20 қаңтар 2023 11082 0
Оқу режимі

Жамағатпен намаз оқитын адам не нәрселерді білуі керек? толығырақ айтасыздар ма? мысалы алдында сәлем бергеннен кейін имам қайтадан сәждеге барды. мен түсінбей қалдым? Ал біреулердің кешігіп келсе де, намазға қосылғанын көрдім...


Жауап

Намазға кешігіп келдім…

Ханафи мазхабында бес уақыт парыз намазды жамағатпен оқу бекітілген сүннет. Кісі мешітке келгенде имам намазды бастап кеткен болса, жамағат намазда қандайде тұрса да, тәкбір алып бірден имамға ұйып кетуі керек. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) былай деді: إذا سمعتُم الإقامةَ فامشُوا إلى الصلاةِ وعليكم السَّكينةَ والوقارَ ولا تُسرِعوا ، فما أدركتُم فصلُّوا ، وما فاتَكم فأتِمُّوا «Қаматты естіген кезде намазға жай жүріспен жүріп келіңдер! Байсалды, сабырлы болыңдар! (Тезірек жетіп имамға ұю үшін) асығып жүгірмеңдер! Қанша мөлшеріне үлгерсеңдер, соны имамға ұйып оқисыңдар. Үлгермей қалған ракағаттарды (имам сәлем бергеннен кейін) толықтырасыңдар».  

Парыз алдындағы сүннеттерді оқымадым ғой…

Бесін және таң намазының парызы оқылып жатса да, жамағатқа қосылуы керек. Парызды бітіргеннен кейін алдыңғы сүннеттерді оқиды. Алайда, таң намазының сүннетін оқымаған адам, мешітке келгенде имам намазды бастап кетсе, имамның сәлеміне дейін үлгеретініне сенімді болса, алдымен сүннетті оқып алады да, сосын жамағат намазына қосылады.   

Алдыңғы ракағаттарға үлгермедім. Не істеу керек?

Имам рукуғке тұрғанда кешіккен адам имамға тік тұрған күйі тәкбір алып ұйиды. Сосын рукуғке жығылады. Егер имаммен бірге рүкуғде бір тасбих бойы тұрса, онда сол ракағатқа үлгерді. Ал имам көтеріліп бара жатқанда ілессе, ол ракағатқа үлгермеген болады. Кешігіп қосылған кісі бір ракағатқа үлгермеген болса, намаздың соңында имам екі жаққа сәлем бергенін күтеді. Имам сәлем бергенде (өзі сәлем бермей) орнынан тұрып, қалып қойған ракағатын өтейді. Жіберіп алған ракағаты бірінші ракағат болғандықтан сәнә дұғасын оқып, фатихадан соң қосымша сүре қосып қырағатты жасайды және ары қарай намазын оқып бітіреді.

Намазға кешіккен кісі төрт ракағаттық намаздың соңғы екі ракағатына үлгерсе, өтейтін екі ракағатта қосымша сүре оқиды. Бірақ сол екі ракағатының ортасында отырыс жасамайды. Ал ақшам намазының екі ракағатына кешіксе, әр ракағатында отырады. Кешігіп қосылған кісі төрт ракағаттық намаздың соңғы ракағатына үлгерсе, имамның сәлемінен кейін, өтеп жатқан бірінші ракағатында фатихадан соң қосымша сүре оқиды және сәжедеден кейін әт-тахиятқа отырады. Себебі, имаммен бір ракағат сосын өзі бір ракағат оқыды. Әр оқылған екі ракағатта әт-тахиятқа отыру – уәжіп. Сосын орнынан тұрып фатиха мен қосымша сүре оқиды. Бірақ сәждеден соң отырмай соңғы ракағатына тұрып, тек фатиха сүресін ғана оқиды. Соңынан ақырғы отырысқа отырып әт-тахият, салауат және дұға оқып, сәлеммен намазын аяқтайды. Ұйыған  кісі намаздың барлық ракағатына кешіксе, имамның сәлемінен соң орнынан тұрып намазды жалғыз оқығанда қалай оқыса солай намазды өтеп шығады.

Имам сәлемнен кейін қайта сәждеге барды… (сәһу сәждесі)

Намаз оқушы кісі намаздың уәжіптерін кешіктіріп немесе ұмытқан жағдайда намаздың соңында (оң жаққа сәлем бергеннен кейін)  екі рет сәжде жасалады.  Бұл «сәһу сәждесі» деп аталады.

Нақтырақ, төмендегі қателіктер орын алса, соңғы тәшәһһудтен соң екі рет сәһу сәждесін жасап сәлем береді, сосын тағы да тәшәһһуд оқып, соңғы сәлем береді:

– бір істі екі рет қайталаса, мысалы, екі рет рукуғ жасаса;

– бір істі, мысалы, Фатиханы не қосымша сүрені, бірінші отырысты не тәшәһһудті, Құныт дұғасын не айттағы тәкбірлерді тастап кетсе;  

– имам жасырын оқитынды дауыстап, дауыстап оқитынды жасырын оқыса.

Имам қателессе өзіне де, жамағатқа да сәһу сәждесін жасау – уәжіп.

Екі немесе үш адам жамағат болып намаз оқыса, қалай тұруы керек?

Екі адам намаз окыған уақытта біреу имам болып, екіншісі оң жағына тұрып, аяқтың өкшесі имамның аяғының өкшесінен кейін тұруы керек. Бір адамның имамның артына немесе сол жағына тұруы - мәкруһ. Имамға ұйыған адам әйел кісі болса, имамның артына тұрады. Жамағат екеу яки одан да көп болса имамнын артына турады. Жамағаттын біреуі ер кісі, екіншісі айел болса, ер кісі имамның оң жағына, әйел артына тұрады.
Имамнан басқа екі ер кісі жене бір әйел кісі болса, ер кісілер имамнын артына, айел ер кісілердің артына тұрады.

Екі адам намаз оқып жатқанда үшіншісі болып қосылсам, қай жерге тұруым керек?

Екі адам жамағат болып намаз оқып жатқан уақытта, үшінші адам келіп, имамның оң жағындағы адамды артқа тартып, имамның артында бірге намаз оқуларына рұқсат.

 

 

 

Пікірлер Кіру